Өмір шынымен біз ойлағандай қиын ба?

Өмірді әр адам әртүрлі қабылдайды. Байқағаным, қазір тәуелсіз мемлекетте тұрғанымен, мүмкіндікке толы әлемде кейбір халық өмірді «қиын» деп санайды. Неше түрлі әңгімелерді ести отырып «Өмір шынымен біз ойлағандай қиын ба?»,-деген сұрақ туындап, осы тақырыпты зерттеп көрейін деп шештім. Сонда осындай қызықты ақпараттар білдім. Біз өмірді «қиын» деген сайын өмір шынымен қиындай бастайды, бұның себебі неде? Қазір осы сұраққа жауап беретін әлеуметтік желілерде, кітаптарда бірнеше мәлімет айтылды. Осыдан қандай адамдардың ізденбейтінін, бір орында тоқтап қалғандығын байқаймыз. Сонымен, жауабына келсек, біз өзіміздің миымызды алдау арқылы өзіміз соған сенеміз. Өмір қиын деген сайын біз тек жаман,қайғылы оқиғаларды, іс-әрекеттерді байқаймыз. Керісінше, өмір “тамаша” деп айтып, соған сенсек, шынымен тек керемет сәттерді ғана байқаймыз. Бұл тек осы өмірге деген көзқарасқа ғана қатысты емес, әрбір салаға байланысты. Сол үшін әрбір істі істегенде “қызықсыз,маған керек емес,істегім келмейді” деген сөздерден қашық болғанымыз жөн. Өмір қиын емес,қиын сәттер болады. “Әрбір қиындықтан соң жеңілдік бар” соны ұмытпауымыз қажет. Мысал ретінде, 11 сыныптар ұбт кезінде немесе мамандық таңдай алмаған кезде өмірді “қиын” санайды, бірақ өмір емес дәл сол сәт қиын. Келесі жылы олар мүлдем оны ұмытады. Сонда бүкіл өмірі емес, тек сол уақыты ғана оңай болмайды.

Қорқыт ата “Бас аман болса бөрік табылады” деп бекер айтпаған. Егер ойланып қарасақ, деніміз сау, басымыз аман болса, кез-келген мәселеден өтіп, мақсаттарымызға жете аламыз. Тіпті, 12 мүшесі түгел болмаса да, ауытқулары болса да жетістікке жетіп жатқандардың саны аз емес. Қарапайым адамдардан бизнесмендерге айналып жатқандардың саны да жетерліктей.

Мен Ник Вуйчичке таң қалам. Өзінің кемшілігіне қарамастан, жеке кәсібін ашып, өзінің диагнозына ұқсас адамдарға көмектесуге бар күшін салады. Тағы бір қызық мәлімет: ол тек бір аяғын қолданып, мүгедектер арбасын компьютер мен ұялы телефон арқылы басқарып үйренді. Осылай еш себепке қарамастан жетістіктеріне жетіп жүргендерді қатты құрметтеймін.

Өмір тек ақтан ғана емес, қарадан да тұрады. Біреу үшін кейбір заттар оңай жасалып, біреуге қиын болуы мүмкін. Әрбір адам-жеке тұлға. Ешкіммен өзімізді салыстырып, өмірді қиындату қажет емес. Әркімнің өзінің тағдыры, жолы бар. Бастысы өзімізге ұнайтын жұмыспен айналыссақ, өмірге деген көзқарасымыз айтарлықтай өзгереді. Ешқашан сөнбей, тек алға жүру керек.

САТТЫБАЕВА Еркенур Маратовна,

Абай атындағы РММИ

11 «Б» сынып оқушысы.

Алматы қаласы,

                                                           Сурет: В контакте, «Білімділер порталы»