«Отанға деген сүйіспеншілік, туған жерге деген құрмет, патриотизм-адам дамуындағы ең жоғары деңгейді сипаттайтын аса маңызды һәм өте құнды игілік. Ол адамның Отан игілігі үшін қызмет етуі мен сол мақсат жолында ғұмырын құрбандыққа шалуға дейін баруынан көрінеді.»

Бақытбек Смағұл

Тарих бетінде 15 ақпан — Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылған күні болып белгіленді. Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына — 34 жыл. Осыған орай, Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің қызметкерлері бүгінгі жастарға Ауған соғысына қатысып, абыроймен елге оралған ағалардың елге деген сүйіспеншілік сезімінен тағылым алсын деген  мақсатпен «Ауған соғысында от кешкендер»  тақырыбында кездесу кешін өткізді.

Бейбіт  өмірде жүрген өрімдей жас жігіттер Ауған соғысына аттанды.  Олар соғыстың мән-жайын ұғар-ұқпастан кете барды. Талайдың тағдырын тәлкекке салған Ауған соғысы он жылға созылды. Мұнда қаншама жас қыршыннан қиылып, қаншасы мүгедек болып оралды. Олардың бір ғана міндеті — бала жастан санамызға сіңірілген тәрбие, Отан алдындағы борышын өтеу, қабылдаған антына берік болу еді.

Отан үшін өз өмірлерін құрбан етіп, ерліктің үлгісін көрсеткен қаһарман жауынгерлер есімі ұмытылған емес. Ауған соғысы жағдайлары туралы қанша айтылып, жазылса да, 34 жылдан кейін де осы елде соғысқан, қызмет еткендердің назарлары сол жерге түсіп тұратыны — олардың жадыларына  терең жазылып қалған ақиқат.

Кеш барысында Ауған соғысы интернационалист-жауынгерлерлерінің Ақтөбе облыстық  қоғамдық бірлестігінің орынбасары Амангелді Бәйішұлы Жұмабеков пен ардагерлер Руслан Нұрқасымұлы Кенжегарин және Жанбулат Серікбайұлы Урманов жастарға өздерін таныстырып, 18-19 жастарында әскер қатарына алынып, Ауғанстан жерінде өткен естеліктерімен бөлісті. Интернационалист-жауынгерлер жас ұрпаққа Отан қорғау — ер азаматтың қасиетті борышы екендігін жеткізумен қатар, әскерде бірге болған замандастарының ерліктерін мақтан етіп, ала бағанның арғы жағына қалдырған қарулас  жолдастарын үнсіздікпен еске алды.

     Өткенін ескермеген өшеді, өткенін қастерлеген өседі,-демекші, берер тәлімі мол тарихтың тірі куәгері бүгін біздің ортамызда. Яғни, Ауған соғысының  қиян кескі кешегі тарихын бейнелейтін деректі фильмдер көптеп көрсетілуде.

Кітапхана оқырмандарының назарына Ауған ардагерлері қоғамының төрағасы  Бақытбек Смағұлдың шайқаста көз жұмған азаматтардың есімдерін дәріптеп, жастарға таныту мақсатында жазылған кітап бойынша түсірілген «Мен көрген соғыс» атты деректі фильмінен  үзінді көрсетілді.

Шарада «Ауған  жаңғырығы» атты кітап көрмесінің библиографиялық шолуын кітапханашы Мөлдір Молдашева жүргізіп, Ауған соғысы кезіндегі қазақстандық жауынгерлердің ерлігін сипаттаған, бастан кешкен оқиғаларынан тұратын слайд ұсынылды.

         Тарихтың куәгері әрдайым халық. Халықтың ішінде сіз бен біз. Қандай жағдай болмасын қай халық та өзінің батырларын қастерлеп, аттарын асқақтатқан. Уақыт әрдайым өз бағасын береді десек те,  кез- келген соғыстағы ерліктің мән-маңызы  жылдар өтсе де, билік алмасса да, экономика өзгерсе де, қайта өлшеніп-сараланбайды — ол барша адамзатқа өнеге болып қалады.

Шараны кітапхана директоры Сұлушаш Максимқызы Хакимова қорытындылап, кеш қонақтарына жүрекжарды тілегін жеткізді: «Жылма-жыл ақпан айының ортасында біз ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, олардың рухтарының алдында бас иеміз. Олардың ерлігі, қажыр-қайраты бір-біріне деген достық және бауырмалдық көмегі, от пен оқтың ортасындағы жан кешті тағдыры бүгінгі жастарымызға үлгі-өнеге болмақ».

          Ақтөбе қаласындағы  ҚР Ұлттық Ұланы №6655 әскери бөлімінің  сарбазы Арманжан Адылжанұлы Масумовтың орындауындағы патриоттық әндер кешті әсерлендіріп, әдемі көңіл күй сыйлады.

 Кездесу кешіне зор ықыласпен қаламыздағы  автожол,   техника және  технологиялар колледждерінің оқытушылары мен студенттері, ҚР Ұлттық Ұланы №6655 әскери  бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздар, БАҚ өкілдері, «Елмұра» ұлттық-танымдық клубының мүшелері, мәдениет қызметкерлері  қатысты.                                                                                                                                    

Бейсова Гүлзада Бағдаулетқызы

Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе

облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы,

Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *