«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Болашақтың тірегі-кемел ұрпақ

«Форумнан» кейінгі мен

Суретте: Бағашар Тұрсынбайұлы, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары;

Жадыра Нұрмаханова, «Ұлан» газетінің бас редакторы

Кейде өмірдегі үлкен өзгерістер кішкентай ғана қадамнан басталады. Мен үшін ондай қадам әлеуметтік желіден бастау алды. Инстаграм парақшасынан «Ұлан» газетінің ұйымдастырған жас журналистер форумы туралы ақпаратты көріп, бағымды сынап көруге шешім қабылдадым.

Байқауға мақала жіберіп, нәтижесінде сертификат иегері атандым. Алғашында бұл қарапайым жетістік сияқты көрінгенімен, көп ұзамай форумға шақырту алу мен үшін үлкен мүмкіндікке айналды.

Форум әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық әл-Фараби атындағы университеті қабырғасында өтті. Алғашқы күннен-ақ бізді журналистиканың нағыз атмосферасы қарсы алды. Университеттің тәжірибелі ұстаздары мен профессорлары дәріс оқып, болашақ мамандықтың қыр-сырымен таныстырды.

Әсіресе, Анна Данченко өз тәжірибесімен бөліскен сәт ерекше есте қалды. Оның журналистика жолындағы шынайы әңгімелері бізге үлкен мотивация берді. Ал Жазира Оразқызы жұмыс барысынан арнайы бейнематериалдар ұсынып, мамандықтың күнделікті тынысын нақты көрсете білді.

Форумның екінші күні Ұлан газетінің редакциясы өтті. Бұл күн ерекше әсерге толы болды. Біз редакция тынысымен танысып, журналистиканың ішкі әлеміне бір қадам жақындағандай болдық.

Кездесу барысында Асылхан Мамашұлы бізге журналистиканың маңызын, жауапкершілігін терең түсіндіріп, өз тәжірибесімен бөлісті. Ал Азамат Шарғын актер болса да, әдебиетке жақын, көп оқитын тұлға ретінде бізбен қызықты ойларымен бөлісті. Ол өз мамандығы арқылы өнер мен сөздің байланысын көрсетіп, бізге ерекше әсер қалдырды.

Сондай-ақ, форум барысында түрлі кездесулер, еркін пікір алмасулар ұйымдастырылып, біз жаңа орта, жаңа достар таптық. «Ұлан» редакциясының бізді жылы қарсы алып, ұлттық тағаммен қонақ етуі атмосфераны одан әрі жақындата түсті.

Иә, бұл бар болғаны екі күн ғана еді. Бірақ сол екі күн менің ойымды өзгертті. Мен форумға жай ғана қатысушы болып бардым. Ал қайтарда өзіме жаңа сұрақ қойдым: «Мен қандай журналист болғым келеді?»

Бұл форум маған тек тәжірибе емес, бағыт берді. Жаңа таныстықтар мен жаңа әсерлер мені алға жетелейтін күшке айналды.

Форумнан кейін мен бұрынғы мен емес едім. Мен – арманына бір қадам жақындаған жас тілші едім.

АБДРАХЫН  Ажар  Ерланқызы, 

Алматы облысы, Талғар ауданы, Қызыл-Қайрат ауылы,

«№19 орта мектеп-гимназияның» 11сынып оқушысы

Сәйкес жаңалықтар

Қаламым – қаруым, сөзім – жүрегімнің лебі!

farabi shakirti shakirti

Жастардың бүгінгі келбеті

farabi shakirti shakirti

Қазақстандық жас химиктер Менделеев олимпиадасында топ жарды