Сабыр деген — әр іске шыдамдылық,
Қатты керек адамға бұл бір қылық.
Қолы жетпей талмай талап ізденеді,
Осыдан кеп шығады адамшылық.

Шәкәрім Құдайбердіұлы.

Сағи Жиенбаев атындағы Ақтөбе облыстық жасөспірімдер кітапханасы ақын, жазушы, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығына орай «Шәкәрімнің рухани мұрасы» Шәкәрім оқуларын ұйымдастырды. Аталған шара қаламыздағы №39 қазақ орта жалпы білім беретін мектепте өткізілді. Шараның мақсаты: Шәкәрімнің өлеңдері арқылы оқушылардың  рухани байлығын, адамгершілік қасиеттерін қалыптастырып, жаман мінезден аулақ болу, адами сезімді қастерлеу, сүйіспеншілік, ішкі рухани тазалыққа үйрету. Оқушылардың Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы білімдерін, дамыту; ақын өлеңдерінің идеясын ашу, рухани-адамгершілік қағидаларымен танысу,иөлеңдерін нақышына келтіре оқи отырып, негізгі түйінге мән беру.

Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) – ақын, жазушы, философ, тарихшы, композитор. Абаймен замандас әрі інісі, әрі ол негізін салған реалистік әдебиет дәстүрлерін алға апарушы ізбасары. Шәкәрім бес жасында ауыл молдасына оқуға беріледі де онда жеті жасына дейін оқиды. Жеті жасында әкеден жетім қалған ол бұдан былайғы кезде Абайдың тікелей тәрбиесінде болады. Жарты ғасырдан астам еріксіз үзілістен соң халық алдына қайта шыққан тұлғаларымыздың бірі — Шәкәрімнің қазақ халқының рухани мәдениетінің тарихында алатын орны ерекше. Шәкәрім — қазақ әдебиетін жаңа белеске көтерген, қазақ халқының көркемдік ойының үздік үлгілерін туғызған, қазақ өлеңін түрлендіре түскен кемеңгер ақын еді. «Адам болып тудым, адам атымды ақтайын, көп үшін, халық үшін, келешек ұрпақ үшін еңбек етейін. Кейінгі ұрпақ үлгі аларлық із, белгі қалдырайын, адам атым өшпесін, тарихқа аз да болса үлес қосайын деген ойда болдым. Келешектің ойын ашайын деп жаздым. Өз заманым үшін жазғам жоқ. Келер дәуірдің адамы үшін жаздым»,-дейді Шәкәрім бабамыз. Шәкәрім оқуларына Айша Жангелді, Камила Сарсенбаева, Сымбат Нұрланова, Дильнара Шамшархан, Әсем Құрманқұловқатысып өлеңдерді мәнерлеп жатқа оқыды. Сондай-ақ оқушылармен бірге «Білім сандығы», «Білгеніңмен бөліс» атты қызықты ойындар ойналды.

«Қалқаман-Мамыр» — 1722 жылы болған тарихи оқиғаға байланысты шығарылған дастан. Жас жігіт Қалқаман мен ару қыз Мамыр бір-біріне ғашық болып қосылғанымен, олардың бір рудан шыққандығына байланысты, екі жас «дәстүрді бұзғаны үшін» өлім жазасына кесіледі. «Қалқаман-Мамырдың» түрлі нұсқалары бар. Мектептің 9 класс оқушылары Батырхан Нұржанұлы, Диана Арыстанбекова, Арсен Есендіков, Дильназ Мұқан, Парасат Байқадам, Ислам Кеңес, Али Байзулла Шәкәрім Құдайбердіұлының осы шығармасын сахналық қойылым етіп қойды. «Қалқаман-Мамыр» дастаны алғаш рет 1912 жылы Семейде кітап болып басылып шыққан. Мамыр өз туысы Көкенайдың қолынан қаза табады. Ал Қалқаман өзін өлім жазасына кескен Кеңгірбай бидің «Енді жазадан құтылдың» дегенін тыңдамай, үстем тап өкілдеріне өкпелеп, Бұхар жаққа кетеді. Дастанда Қалқаманның ол жақта өсіп-өніп, ұрпағы жүз үйге жеткені айтылады. Шара барысында «Шәкәрімнің мұрасы – ұрпаққа аманат» атты тақырыптық кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге «Қазақ айнасы» өлеңдер мен поэмалар жинағы қойылды. Бұл жинаққа нақты өмір суреттерін, махаббат мәңгілігін, табиғат әсемдігін өзек етіп жазған шығармалары жазылған. 1988 жылғы жарыққа шыққан өлеңдері, дастандар, қара сөздер жинақталған шығармалары жинағы көрмеде таныстырылды. Бұнда дастандары мен прозалық шығармалары, қара сөздері іріктелік, топтастырылып берілген. Гүлсім Мұқышева құрастырған «Шығармалар жинағында» проза, қара сөздер, зерттеулерді көруге болады. Бұл жинақтар оқырмандар Әбділда Тәжібаев, Мұқтар Мағауин сынды тұлғалардың Шәкәрім туралы жазған пікірлерін оқи алады және 2021 жылы «Отбасы хрестоматиясы» сериясымен басылып шыққан «Сыр сөз» атты жинағы да оқырманға насихатталды.

ТӨЛЕГЕНОВА Айнұр Нұрсайынқызы,

Сағи Жиенбаев атындағы

Ақтөбе облыстық жасөспірімдер

кітапханасының «Жасөспірімдерге

қызмет көрсету бөлімінің» меңгерушісі.

Ақтөбе қаласы.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *