Түркістан облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасында халықаралық «Алаш», «Түркі әлеміне қызметі үшін» сыйлықтарының лауреаты, заңғар жазушы Мархабат Байғұтты еске алуға арналған «Көркемсөз бен көсемсөздің кемеңгері» іс-шарасы өтті.

Алдымен бейнеролик арқылы жазушы Мархабат Байғұттың өмірдерегі таныстырылды. Кітапхана қызметкері Аида Өтеп жазушыға арналған авторлық «Ана мен баланың жұмақта жүздесуі» атты монологын орындады. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, айтулы ақын Дәурен Айманбет пен өнегелі өмір жолын ұстаздықпен ұштастырған тарихшы, ақын Рәтбек Жүсіп Мархабат Байғұтқа арнаған арнау өлеңдерін оқыды.

Жазушының шығармашылығын жан-жақты насихаттау мақсатында кітапхана директоры Ақмарал Құдайбергенова Мархабат Байғұттың жеке заттары мен авторлық кітаптарын Түркістан облысындағы музейлерге жәдігер ретінде табыстады.

Сондай – ақ, кітапхана директоры жинақтап құрастырған «Мархабат мақамдары» кітабынан Шымкент қалалық Әл — Фараби атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы, Шымкент қалалық жөсөспірімдер кітапханасы, Шымкент қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі және де Түркістан облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының қызметкерлері үзінділер оқыды.

Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Қазақстанның құрметті судьясы, заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараев, «Парасат» орденінің иегері, ел ағасы Жамалбек Шәріпбек, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист Шойбек Орынбай, Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері Бастарбек Пірімбетов, қаламгердің сыныптастары – Нұрлан Құттыбаев, Төребек Күзембеков, Белқожа Құрманбеков, Социалистік еңбек ері Фатима Қадырбаева, Мархабат Байғұттың қызы Ақлима Мархабатқызы, Қазақстанның Құрметті кітапханашылары – Шәрбану Дінәсілова, Зоя Бегежанова, Қазақстанның

Құрметті журналисі Асхан Майлыбаева және Ұлы Отан соғысының ардагері Нұрмұхаммед Әжіметұлының зайыбы Зәмзәгүл қажы Мұқанова сөз сөйлеп, Мархабат Байғұт туралы есті естеліктерін айтты.

                                              Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *