Сурет: ЖИ, жолдаған автор
Буллинг сөзі қазақ қоғамында 2010 жылдардан кейін ғана қолданысқа ене бастады. Ал 2020 жылдан бері бұл ұғым күнделікті тілдік айналымға толықтай сіңіп кетті. Бұрын «мазақтады», «қорлады», «кемсітті», «күш көрсетті» деп айтсақ, қазір «буллингке ұшырады» деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндей саламыз. Бүгінде Буллинг – баланың бас қайғысына айналып отыр. Кейінгі жылдары бұл құбылыс тым жиілеген. Әсіресе, санасезімі әлі толық қалыптаспаған мектеп оқушылары арасында буллингтің кең таралуы қоғамды алаңдатпай қоймайды.
ЮНЕСИФ-тің балалық шақты қорғау бағдарламасының жетекшісі Айсұлу Бекмұсаның айтуынша, Дүниежүзінде 13-15 жас аралығындағы әбір үшінші жасөспірім құрдастарының тарапынан қысымға ұшырап, буллинг құрбанына айналады. Ең сорақысы, мұның арты өліммен аяқталуы мүмкін. Жеткіншектердің арасындағы буллингтің қалай алдын алуға болады? Астанада Ыбырай Алтынсарин атындағы №83-мектеп гимназиясының 9- сынып оқушылары 2024 жылдың қыркүйек айында жасөспірімді соққыға жыққан. Желіде жарыса жазған ата-аналар бұл мектептегі алғашқы жағдай еместігін айтып отыр. «Иә, расымен 2 жыл болды, балалар басқаларды ұрып-соғуда. Мектеп көре тұра, жасырып отыр,-» дейді олар. Тек бұл оқиға ғана емес, Алматы қаласында «Quality Schools International» мектебінде буллинг салдарынан 14 жасар қыз жан тапсыра жаздады. Жан сақтау бөліміне жеткен қызды дәрігерлер аман алып қалған. Бұл жағдайды қыздың әкесі Қанат Амиркин әлеуметтік желіде жария еткен.
Мәжіліс депутаты Олжас Құспековтың айтуынша, «бұл жерде бір ата-ананың эмоциясы емес, жекеменшік білім беру ұйымдарының жауапкершілігіне қатысты жүйелі мәселе көтеріліп отыр. Мектеп дұрыс әрекет етсе, бала реанимацияға түспейтін еді». Бұл оқиға қаңтар айының соңында болған, 1 ақпан күні жарияланған. Осы тіркелген оқиғалардың себебі келемеж сөздерден басталған, арты үлкен трагедияға ұласқан дейді мамандар. Еске сала кетсек, Атырауда 13 жасар бозбала суға батып, көз жұмған еді. Мерлан Сана 2024 жылы 21 тамыз күні достарымен кездесуге кетіп, қайтып оралмаған. Марқұмның анасы Анаргүл Қастеева «қаршадай ұлымды қасындағы балалар Жайық өзеніне әдейі апарып, суға итеріп жіберген»,- дейді. Мерланды сол күні өзенге ертіп барғандар анасына «Жанұзақ балаңызды суға итеріп жіберді, ұлыңызды енді іздемей-ақ қойыңыз»-деп айтқан екен. Қазіргі таңда қайғылы оқиғаның қалай өрбігені, сот ісінің шешімі белгісіз.
«Балаларды мазақтау, неше түрлі ат қою, және түртіп өту, аяғынан шалу — бір балаға қарсы жүйелі түрде жасалынатын іс-әрекет. Оның себебі: бала өзінің үстемдігін көрсетіп, басқа балаға билігін жүргізгісі келуінде. Балаларды сырттай бақылауға алып, мінез-құлқын көрсек, сол баламен дер кезінде жұмыс жасасақ, буллингтің алдын алуға болады»,-дейді Марал ИБРАГИМ Астана қаласының Психологиялық қолдау орталығы басшысының орынбасары khabarNEWS-ке берген сұхбатында. Психолог сөзін түйіндей келе әрбір ата-анаға өз баласымен ашық әңгімелесуді, мектеп қабырғасында өзі немесе басқа бала қысымға ұшыраса не істеу қажет екенін түсіндіруге кеңес береді. Сонымен бірге баланың өзі агрессорға айналып кетпес үшін, айналасына деген құрмет пен сүйіспеншілікті арттыру қажет деп санайтынын баса айтты. Ресми дерек бойынша, 2024 жылдың алғашқы төрт айында кәмелетке толмағандарға қатысты мыңға жуық қылмыс, 11 мыңға жуық әкімшілік іс тіркелген. 2025 жылдың бірінші тоқсанында он мыңға жуық іс әкімшілік тәртіппен қаралған. Соның 137-сі жеке бастың құқықтарына қол сұққаны үшін қозғалған. 95 іс денсаулыққа қасақана зиян келтіру бабымен, 31 іс ұрып-соғу бабымен тіркелген.
Қазақстанда ішкі істер органдарында төрт жарым мыңнан астам бала есепте тұр. Қылмыстық атқару комитетінің мәліметінше, елде ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған ұл балаларға арналған қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесі бар. Онда қазір 49 бала жазасын өтеп жатыр. Сонымен қатар, Жамбыл облысында аң аулауға шыққан бала көз жұмған еді. Сондай-ақ екі аптада үш қайылы оқиға тіркеліп, Тараз және Шу әкімдеріне сөгіс жарияланған еді. Жалпы Жамбыл облысы бойынша балаларға қатысты істердің тек 29%-ы ғана сотқа жеткен. Неге буллинг құрбандары көбейіп жатыр? Әлеуметтік желінің әсері (кибербуллинг), тәрбие мен бақылаудың әлсіреуі, балалардың психологиялық сауатының төмендігі. Себеп-салдары қандай? Себебі: қызғаныш, агрессия, орта әсері Салдары: өз-өзіне сенімсіздік, оқу үлгерімінің төмендеуі, психологиялық/физикалық жарақат. Қалай жеңеміз?
Ашық айту және жасырмау, Психолог жұмысын күшейту, Заң мен тәртіпті қатаң сақтау. Елде мектептегі буллинг үшін жауапкершілік күшейді. Әрі оның алдын алу жүйесі қатар дамып жатыр. Демек енді мектепте бұзақылық жасаған бала жауапқа тартылады. Ал кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншек тәртіпсіздік жасаса, онда оның ата-анасы жауап береді. Биыл буллингке қатысты айыппұл көлемі де ұлғайды. Бұл ұғым заңмен бекітіліп, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілді. Биылдан бастап мектептегі буллингке қатысты жаза қатаңдай түсті: егер қудалауды кәмелетке толмаған бала жасаса, ата-анасы жауапқа тартылады. Ауыр зардаптарға әкелетін жағдай болса, қылмыстық іс қозғалады. Егер де буллинг алғаш рет анықталатын болса, 10 АЕК әкімшілік айыппұл, ал егер жыл сайын буллинг қайталанатын болса, 30 АЕК әкімшілік айыппұл салынатынын Шұғыла Маутбекова- Астана қаласының ҚПД кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор атап көрсетті.
Қорыта айтсақ, буллинг — жасөспірімнің қоғамдағы өмірін қиындатып, өзін әлемнің бір бөлшегі ретінде сезінуіне қақпа қояды. Әлімжеттікті болдырмау үшін біріншіден, ата-ана, екіншіден, маман, психологтар көмек қолын созуы керек. Ата-ана баланың тек физикалық жағдайына зер салып қоя салуы- жеткіліксіз. Сондай-ақ баланың моральдық, психологиялық жағдайы ата-ананы уайымдатқаны жөн. Буллингтен аулақ болу- ең біріншіден өзіңе және болашағыңа, айналаңа деген құрмет. Буллингтен қалған жара көзге көрінбеуі мүмкін, бірақ ол кейде адамның бүкіл өмірінүнсіз өзгертеді.
ДАУЛЕТ Ақтолқын
Павлодар облысы, Ақсу қаласы,
«Үштерек ауылы орта мектебінің»
11-сынып оқушысы.
Республикалық «Farabi shakirti» журналы
мен www.farabishakirti.kz желілік басылым
сайтының Жас тілшісі
Пайдаланылған дереккөздер:
1.«ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі.
2.ХабарNEWS Азаттық радиосы
3.SMARTNEWS.RZ
4.Руслан Өтепбай YouTube
5.Atyray TB
6.AIRAN Aqpan/news
7.Телеканал 24kz.
