? Сурет: ЖИ көмегімен жасалынды (Жасанды интеллект).
Жолдаған: автор Қанатова Рабия
Бүгінгі қоғамда ақпарат алу қиын емес. Бірнеше секундтың ішінде кез келген мәліметті тауып, жаңалықтарды оқып, бейнематериалдарды көре аламыз. Алайда ақпаратқа қолжетімділік артқан сайын, кітап оқуға деген қызығушылығымыз да артып келеді деп айта аламыз ба? Қолымыздан телефон түспейтін заманда кітаптың орны қандай?
Бұрын кітап адам үшін білімнің негізгі көзі болса, бүгінде оның орнын түрлі цифрлық платформалар алмастырып келеді. Қысқа бейнелер, жылдам жаңалықтар мен әлеуметтік желідегі жазбалар назарымызды оңай аударады. Біз кейде бірнеше сағат бойы экранға қараймыз, бірақ бірнеше бет кітап оқуға келгенде уақыт таппай қаламыз. Бұл – қазіргі жастар арасында ойлануды қажет ететін мәселелердің бірі.
Кітап оқу тек жаңа мәлімет алумен шектелмейді. Ол адамның сөздік қорын байытып, ойын жүйелі жеткізуіне, оқиғаларды терең түсінуіне көмектеседі. Әсіресе, болашақта журналист болуды армандайтын жастар үшін кітаптың маңызы ерекше. Себебі журналистің жұмысы тек ақпарат таратумен емес, оны түсінумен, талдаумен және оқырманға сауатты жеткізумен байланысты. Ал сөзге бай, ойы анық журналист болу үшін үздіксіз ізденіс қажет.
Дегенмен, қазіргі жастар кітап оқымайды деп біржақты пікір айту да дұрыс емес. Қазір электронды кітаптар мен аудиокітаптар арқылы әдебиетке қызығатындар бар. Кейбір жастар шығармаларды телефоннан оқыса, енді бірі кітап туралы пікірлерді әлеуметтік желіден іздейді. Демек, мәселе технологияның дамуында емес, оны қалай пайдаланып жүргенімізде. Телефон да білімнің құралы бола алады, егер біз оны тек көңіл көтеру үшін қолданбасақ.
Менің ойымша, кітап оқуды міндет емес, өзіңді дамытуға берілген мүмкіндік ретінде қабылдауымыз керек. Бірден көлемді шығармаларды оқудың қажеті жоқ. Қызығушылығыңа сай кітапты таңдап, күн сайын аз уақыт бөлудің өзі жақсы бастама. Ең бастысы – оқығаныңды түсініп, ондағы ойлар туралы толғану.
Біз кітап оқитын ұрпақтан алыстап барамыз ба? Бұл сұраққа нақты жауап беру үшін жастардың кітап оқу әдетіне назар аудару қажет. Бірақ бір нәрсе анық: ақпаратты жылдам табу мен оны терең түсіну – екі бөлек қабілет.
Технология бізге ақпарат береді, ал кітап сол ақпараттың астарына үңілуге үйретеді. Сондықтан
болашақтың білімді ұрпағы болу үшін жаңалықтан да, кітаптан да қол үзбеуіміз керек. Өйткені кітап оқитын адам тек жаңа дүниені танып қоймайды, өз ойын қалыптастыруды да үйренеді.
ҚАНАТОВА Рабия,
«С.Ешбаев» атындағы орта мектебінің
11-сынып оқушысы
Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы
