«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Технология

Цифрландыру және еңбек құқықтары: болашақ маманның кәсіби құзыреттері тақырыбындағы халықаралық дөңгелек үстел

2026 жылғы 23 сәуірде Satbayev University базасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының 1-курс докторанттарының ұйымдастыруымен «Цифрландыру және еңбек құқықтары: болашақ маманның кәсіби құзыреттері» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – цифрландыру жағдайындағы еңбек құқықтарының өзекті мәселелерін, болашақ маманның кәсіби құзыреттерін, құқықтық сауаттылықты, цифрлық мәдениетті және soft skills дағдыларын дамыту бағыттарын ғылыми тұрғыдан талқылау болды. Іс-шара мазмұны БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен сабақтасып, әсіресе ЦУР 4 – Сапалы білім, ЦУР 8 – Лайықты еңбек және экономикалық өсу, ЦУР 9 – Индустрия, инновация және инфрақұрылым, ЦУР 16 – Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар мақсаттарына үндесті.

Іс-шара модераторы ретінде кафедраның 1-курс докторанты Жұмағалиева Айгүл Сарсенбайқызы жүргізді. Құттықтау сөз сөйлеген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Нұрғалиева Долорес Абдилдаевна қазіргі цифрлық қоғам жағдайында білім беру, еңбек құқығы және кәсіби даярлық мәселелерінің өзара байланысына тоқталып, мұндай ғылыми алаңдардың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Дөңгелек үстел барысында мазмұнды баяндамалар ұсынылып, өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, заң ғылымдарының кандидаты, полиция полковнигі Абылқасымов Егемберді Дайрбекұлы «Цифрландыру кезеңіндегі құқықтық сананы қалыптастыру» тақырыбында баяндама жасап, құқықтық сананың жаңа цифрлық ортадағы маңызына тоқталды. С. Бәйішев атындағы университеттің Жаратылыстану-гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Дәулетқалиева Елизавета Сұлтанқызы «Кәсіби қызметтегі цифрлық мәдениет» тақырыбының мазмұнын ашып көрсетті. Ал Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінен педагогика ғылымдарының кандидаты Жансүгірова Құлайша Төленқызы «Цифрландыру жағдайындағы soft skills және құқықтық мәдениет» тақырыбында баяндама жасап, қазіргі маман даярлау үдерісіндегі икемді дағдылардың рөлін айқындады.

Іс-шара бағдарламасы аясында 1-курс докторанты Р.М. Сүлейменованың жасанды интеллектіні қолдану арқылы дайындалған бейнеролик көрсетілді. Дөңгелек үстелді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасы меңгерушісінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары, аға оқытушы М.Д. Мурзагулова қорытындылап, дөңгелек үстелдің өзектілігі мен тағылымдық маңызын атап өтті.

Жиын барысында қатысушылар цифрландыру дәуіріндегі еңбек құқықтары, кәсіби құзыреттер, құқықтық мәдениет, цифрлық сауаттылық және білім беру жүйесіндегі заманауи өзгерістер жөнінде жан-жақты пікір алмасты. Халықаралық дөңгелек үстел ғылыми ой-пікір алмасуға, тәжірибе бөлісуге және болашақ мамандардың құқықтық, әрі цифрлық құзыреттерін жетілдіруге бағытталған мазмұнды алаңға айналды.                                                   Мақаланы дайындағандар:

Р.М. Сүлейменова, А.Е. Исмайлова, А.С. Жумагалиева,

Әлеуметтік педагогика 1 курс докторанттары

 

Сәйкес жаңалықтар

STEAM – жасампаздыққа бастар жүйе

Сапарбаев бастаған бір топ Үкімет мүшелері Түркістан облысына келді

admin_farabi

Жаңа мамандықтар