Вице-министр жауап берді.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек «Цифрлық Қазақстанға қарай» форумы аясында 5G технологиясы елімізде қашан қолжетімді болатынын айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Асхат Оразбек осы уақытқа дейін 5G технологиясы еліміздің бірнеше қаласында пилоттық режимде енгізілгенін айтты. «Биыл біз аукцион өткіземіз және сол аукционда бірнеше елдімекенді қамтуға міндеттеме болады. 5G-дің қазіргі нұсқасында барлық елдімекенді тұтастай қамтуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан қамту аумағына пайдаланушылардың саны көп жерлер енеді. Ондай жерге сауда орталықтары, саябақтар және т.б. жатады. Біз операторлармен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Белгілі болған соң, біз бұл технологияны міндеттемеге қосамыз», — деп түсіндірді ол.

Оның айтуынша, қамту аумақтары туралы шешім 2024 жылы қабылдануы мүмкін. Бұған дейін форум барысында вице-министр биылғы жылы 5G радиожиіліктері бойынша аукцион өткізу жоспарланып отырғанын айтқан болатын. «Аукцион біз жоспарлаған барлық елдімекендерде өтеді. Оған қоса, біз тағы үш республикалық маңызы бар қала мен барлық облыс орталығын қамтитын боламыз. Аукционға дайындық, оның сипаттамаларын, оның ішінде міндеттемелерді әзірлеу бойынша операторлармен жұмыс істеп жатырмыз. Жақын арада барлығын келісіп, процедураны бастаймыз. Бұл технология республикалық маңызы бар үш қалада және Түркістан қаласында пилоттық режимде іске қосылды. Барлығы жұмыс істеп тұрған сияқты. Біз 5G енгізу трафикті тұтынуды, 4.0 индустриясының, яғни смарт үйлердің дамуына әкелетінін түсінеміз. Әрине, бұл жақсы үрдіс. Біз мұны операторлармен бірге жасаймыз, қалай жасау керектігін нақты білеміз. Менің ойымша, алдағы екі жылда халық ел аумағына 5G келгенін сезіне алады», — деді ол.

Автор: Эльмира Асқарқызы

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *