Фото: kun.kz

    13 мамыр күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында Әлихан Мақсұт атындағы «RoboZerde-2023» I қалалық робототехника фестивалі өтеді.

Фестивальге қатысушы мектеп оқушылары робототехниканың  «РобоСпорт» бағытының екі санаты бойынша (Биатлон: кіші санат (10-13 жас), Биатлон: үлкен санат (14-17 жас), Лабиринт (14-17 жас) және «Шығармашылық жоба» (12-18 жас) бағыты бойынша сайысқа түседі.

Университеттің баспасөз қызметінің мәліметінше, фестивальді өткізудің мақсаты – өмірден ерте озған дарынды оқушы, физика, робототехника салалары бойынша республикалық, халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалардың бірнеше дүркін жеңімпазы, жас ақын Әлихан Серікзатұлы Мақсұттың ғибратты ғұмырын мектеп оқушыларына үлгі ете отырып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауларында айтылған елімізге қажетті болашақ техник мамандарды дайындауға қолдау көрсету, оқушылардың жасаған инновациялық жобаларын, өнертабыстарын БАҚ және әлеуметтік желі арқылы халыққа кеңінен насихаттау.

«Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ, «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау орталығы, Астана қаласы әкімдігінің «№9 «Зерде» мамандандырылған мектебі» КММ, «Роботек» робототехника мектебі және Әлихан Мақсұт атындағы дарынды балаларды қолдау қоры бірлесіп ұйымдастырып отырған фестиваль жыл сайын мамыр айында дәстүрлі түрде өтеді.

     Дарынды оқушылардың ғылыми дағдысын шыңдау үшін фестивальді келешекте республикалық, халықаралық деңгейге көтеру жоспарланып отыр. Шараның ашылу және жабылу салтанатына ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Астана қаласы әкімдігінің Білім басқармасы, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, өнер қайраткерлері, журналистер, блогерлер шақырылып отыр, – делінген мәліметте.

Жарыстың ашылу салтанаты ЕҰУ бас ғимаратының мәжіліс залында 9:30-да басталады. Салтанатты жиында белгілі кинорежиссер Мұрат Есжан түсірген «Әлиханның арманы» деректі фильмінің тұсаукесер көрсетілімі болады.

EL.KZ

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *