Құрметті Ай апа!

Сізді 85 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Мықты денсаулық, шат-шадыман көңіл-күй тілейміз. ЖҮЗ жасау нәсіп болсын. Қазақ киносы тарихында, театрда қолтаңбаңыз бар. Алдағы уақытта жаныңызға рух беріп, қазақ әжелерінің шынайы болмысын сахналайтын фильмдерге  түсу мәртебесі бұйырсын!

                            Ізгі тілек, ақ ниетпен:

«FARABI  SHAKIRTI» журналының

шығармашылық ұжымы мен оқырмандары

 

Көпшілікке жасы 85 – ке келгенде танылып жатқан Айымторы Каспийқызын 2016 жылы  (2005 жыл мен 2018 жылдың ақпай айына дейін Республикалық «Мөлдір бұлақ» журналын басқардым) арнайы Алматыдағы қарттар үйіне іздеп бардық. Сол жылдары қарттар үйі туралы фильмдер түсіріле бастады. Редакцияның шығармашылық ұжымы қарттардың көңілін бір көтеріп, Наурыз мерекесі қарсаңында батасын алайық деген ниетпен мекеме басшылығына хабарластық. Келгенімізде, мекеме іші тып-тыныш. Қарттармен қалай әңгімелесеміз? Сөйлесе келе, олардың жүрегін жаралап аламыз ба деп алаңдадық. Ақын, «Серпер» сыйлығының лауреаты Саят Қамшыгер – орынбасарым. Дәлізде күтіп отырмыз. Мекеме қызметкері Айымторы апаймен таныстырды. Жүзі жайдары, сабырлы анамен тез тіл табысып, бір-бірімізді бұрыннан танитын адамдардай сөйлесіп кеттік.

Содан кейін бөлмесіне ертіп апарды. Аядай бөлме тап-тұйнақтай. Сол кезде апаның жасы 78-ге толғанымен ширақ, өзіне керемет күтім жасайтынына шынында да таң қалдық. Жандүниесін қарттыққа жеңдірмеген ерік-жігері не деген күшті еді! Апа -1938 жылы 16 ақпанда Ақмола облысына қарасты Шалқар савхозында дүниеге келген.

—Тағдыр тауқыметі деген. Сахнада жүргенімде, жасым қарттыққа жеткенде, Қарттар үйін паналаймын деп ойладым ба? Жолдасым ұзақ жыл ауырды. Кейіннен мәңгілік кетті. Жалғыз қалдым, ауырып-сырқасам жанымнан табылатын адам болмағандықтан сүйеніш іздеп келдім,- деп себебін айтып берді. Адам баласына сенгіштігінен опық жегені бар екен.

Балалық шағы Ұлы отан соғысы жылдарының қиындығымен бірге өтеді. Ата-анасынан ерте айырылып, аға-жеңгесі бауырына басады. Еңбекке араласады. Алматыға 1956 жылы келіп, іс-қағаздарымен жұмыс істеуге тәжірибесі болғандықтан, Алматы облыстық сотына хатшы болып орналасады.

—Жұмысқа орналастыңыз дегенде, қуанғанымды көрсеңіздер! Берген тапсырмаларды дер кезінде орындаймын. Жұмысқа ерте келемін, кеш кетемін. Атыма сөз келтірмеуге тырысамын. Жастардың көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысуға мүмкіндік жасалды. Сахнаға деген құштарлығым, өнер жолына түсуге деген ниетім мені театрға алып келді. Менің талантымды байқаған өнер иелері М.Әуезов атындағы өнер студиясына шақырып, қазіргі тілмен айтқанда, кастингке қатыстым. Сарапшылар сынынан өтіп, театрға орналастым. Халық әртісі Хадиша апам Бөкееваның үйінде тұрдым…

Ай апа үнсіз қалып, өткен күндерін ұзақ еске алды. Біз де сұрақ қоймай, үнсіз отырдық.

Кезінде бір отбасының әкесі, анасы болған адамдар әртүрлі себептермен мекемені паналап, екінші үйінде өмір сүруде. Қарттарға қарап жүрегіміздің ауырғаны да рас. Айымторы апаның көрші бөлмелердегі құрбылары келіп, бізді сөзге тартып қояды. Біз олармен әңгімелесе алмадық. Жанарынан, мұңлы екенін жасыруға тырысқан жүзінен перзенттеріне, немерелеріне деген сағынышын байқау қиын емес.

—Театрда Нұрмұхан Жантурин, Рахия Қойшыбаева сынды өнер сақлақтарымен спектакльдерде қатар ролдерді ойнадым. 15 жыл еңбек еттім. Қазіргі жастар театрды түсінбейді. Мен сахнада жүргенде спектакльдер аншлагпен өтетін. Жауапты тұлғалар театр түгілі көркемөнерпаздар үйірмесінің қойылымдарына қатысады екен. Сахнадағы әртіске залда отырған адамдардың барлығы  — көрермен. Үйірмеде жүрген менің өнерімді бағалаған жандарға алғысым шексіз,- деп А. Тайғаринова сахна өнері туралы әңгімеледі.

—Айымторы апа, сіздің актриса екеніңізді білетін киногерлер, театр режиссерлері киноға түсуге, сахнада әжелердің ролін ойнауға шақыра ма?

—Шақырады. Шақыртуларға барамын. Хадиша Бөкеева, Сабира Майқанова, Әмина Өмірзақова, жасы бір ғасырға жуықтап дүниеден өткен Хабиба Елебековадай сахнадағы образдарымен бірін – бірі қайталамайтын, театрдың хас шебері болу – әртістің арманы. Менің де армандарым көп еді. Жасым келгенімен, сахнаға деген сағыныш басылмайды екен,- деп сахналық образдарынан түскен фотоларын көрсетті.

     Ғабит Мүсірепов, Шыңғыс Айтматов, Тахауи Ахтановтай дауылпаз жазушылар өнерін бағалаған. Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрына орналасқан. Сахнада қырыққа жуық  кейіпкерлермен көрерменді қауыштырған. Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» повесіндегі басты кейіпкер Жәмиланы ойнаған алғашқы актрисалардың бірі.

    Журналға А.Тайғаринова туралы балаларға лайықтап жазған әңгімемізден кейін  хабарласып, Айымторы Каспийқызы ұстазымыз еді деп жағдайын сұраған адамдар болды. Ұялы телефонын бердік. Кейбірі хабарласа алмадықтарын айтты.

Ардагерлер үйі дегені болмаса, қарттардың жеке бөлмесі бар. Қажетті заттары орны-орнында. Оларға тек отбасы жетіспейді. Енді бір қарттар мүлдем жалғыз қалған. Айымторы апада ұлттық киімін қастерлеп, шкафына іліп қойыпты. Наурыз қарсаңында әдемі киімдерін киіп, суретке түсуін өтіндік. Үйдің бағында суретке түсу үшін далаға беттедік. Оны көрген қарттар қасына келіп, ақырын сөйлеп қояды.

—Сені киноға түсіруге алып бара жатыр ма? Сен қандай бақыттысың деп кемпірлер таң қалып тұр. Аулаға шығып, суретке түсемін деп жатырмын, — деді Ай апа да балаша қуанып.

Жан-жақтан жиналған қарттар өте ұйымшыл екен. Бір-біріне жанашыр. Көпшілігінің көкейінде:  «Өз босағамызға жетіп, туған топырақта мәңгілік жай табу бұйырсын» — деп тілейтінін де аңғардық. Ізінен ерген балалары, туыстары бар қариялардың тілегі орындалып, туған жеріне қайта оралсын деп тіледік.

Қарттар үйінің ресми атауы – «Алматы әлеуметтік әл-ауқат басқармасына қарасты «Шаңырақ» әлеуметтік қызмет орталығы»- деп аталады.

Ж.Кучукова

Суреттер автордың жеке архивінен алынды, 2016 жыл, наурыз

Раушан гүлінің суреті:ozon.ru

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *