9-сыныпты аяқтай берген уақытымнан бастап журналистика мамандығын таңдадым. Сол жолда іздендім, түрлі жарыстарға қатыстым, ақын-жазушылардың, бүгінгі қоғамдағы белді журналистердің сұхбаттарын көре бастадым. Салыстырып қарасам, мүйізі қарағайдай мықты журналистер қазақ журналистикасының қара шаңырағы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған екен. Аты айтып тұрғандай, бұл – қара шаңырақ. Түсу оңай емес екені анық.
Содан бері мен де ұзақ уақыт ойландым. Алдымда үлкен жол тұрды. «Егер грантқа түсе алмасам, қайтемін?» деген ой мазалайтын. Кейін тағдырдың жазуымен қара шаңырақта өткізілетін «Жас тілшілер» форумына қатыстым. Сол кезде нағашы атам түлеп ұшқан аңыз университеттің журналистика факультетіне алғаш қадам бастым. Осыған дейін сырттай қызығып, армандап жүрген едім.
Сол форумнан кейін, ұстаздардың берген бағытынан кейін белді бекем буып, мен дәл осы жерде тәуекел жасауым керек деп ойладым. Болашақ журналист болсам, тек ҚазҰУ-ды бітіремін деп шештім. Сол сеніммен барлық құжаттарымды жинап, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне тапсырдым.
Әрине, шығармашылық бағытты таңдаған талапкерлер бір ғана оқу орнын таңдай алады. Бұл – менің өмірімдегі ең үлкен тәуекел болды. Ендігі тілегім – сол қара шаңырақтан мықты журналист болып түлеп ұшу.
СЛАМЖАНОВ Бекзат,
Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр ауылы
«№ 24 лицейінің» түлегі.
Республикалық «Farabi shakirti» журналы
мен www.farabishakirti.kz желілік басылым
сайтының Жас тілшісі
