Сурет: ЖИ, жолдаған автор
Қазақ қоғамы бала тәрбиесіне ерекше мән береді. Ұрпағың тәрбиелі болса, қартайғанда төккен терің мен көрген бейнетіңді ақтап береді деп сенген. Шынында да, солай. Білімді, көзі ашық ұрпағың болса, қартайғанда зейнетін көресің.
Ұлы ғұлама Әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», – деп бекер айтпаған. Адам баласы ұрпағына білім бермес бұрын, сол білімді ізгілікке қолдануы үшін ең алдымен дұрыс тәрбие беруі керек.
Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін, әрқашан жақсылыққа жаршы болып, жаман әдеттен алшақ жүретін, ізденісі бар ұрпақ ең алдымен ата-анасының үмітін ақтап, бейнетінің зейнетін көрсетейін деп мақсат қояды. Қолындағы бар асылын ізгілікке жаратуға тырысады.
Сол үшін қазақ халқы ежелден бала тәрбиесіне мән беріп, ата-баба дәстүрімен, ұлттық ой-санамен, ұлттық ұстаныммен тәрбиелеуге тырысқан. Бүгінгі дамыған қоғамда да білім мен тәрбиені ұштастыра отырып ұрпақ тәрбиелесек, еліміздің білікті, алдыңғы қатарлы жас буыны қалыптасып, ата-аналарымыздың зейнетті қарттығына себепкер болады.
СЛАМЖАНОВ Бекзат,
Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр ауылы
«№ 24 лицейінің» түлегі.
Республикалық «Farabi shakirti» журналы
мен www.farabishakirti.kz желілік басылым
сайтының Жас тілшісі
