Әр адамның өміріндегі ең ерекше кезең – мектеп қабырғасында өткен оқушы кездері екені анық. Сол сияқты менің де қызығы мен қуанышы, қорқынышы мен уайымы бір арнаға тоғысып, 11 жыл өмірім Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр ауылындағы №24 лицейде өтті ғой.
2351 оқушы білім алған, 190 ұстаз қызмет етіп жатқан, 96 сыныбы бар қара шаңырағым. Менің өмірімнің жаңа бастамалары, алғашқы арман құрған кездерім, бала болып ерекше толқыныспен мақсатыма қадам жасаған шақтарымның бәрі мектеп қабырғасында өтті.
Бүгінде студент атанып, арманым орындалып, сол мектебімді сағынышпен еске алып отырмын. Мектеп кезеңі – бәрібір бір бөлек екен. Партада тапқан достың, алғаш әріп танытып, саған қолдау көрсетіп, ақыл айтқан ұстаздың жөні бөлек.
Бүгінде лицейімде ұстаздардың алды 40 жылға жуық, ал жас буыны 5 жылдан аса уақыт еңбек етіп келеді. Лицей оқушылары аудандық, облыстық, республикалық әдеби оқуларда бақ сынап, жеңіске жетті. Физика, математика, химия, құқық пәндерінен де осал емес. Өнердегі және қоғамдық белсенділіктегі жетістіктері де бір төбе.
Сол шәкірттердің бірі – мына өзім. 4 облыстық, 1 республикалық, 8 аудандық жарыста жеңімпаз болуым – ұстазымның маған қойған жоғары талабы мен қолдауы деп білемін.
Ұстазым, педагог-зерттеуші, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Жандарал Рыскүл Байжұмақызы әрқашан айтып отыратын: «Сөз өтімді болуы үшін адамға нақтылық керек. Әр сөзді, әр тақырыпты дәлелмен айт. Сонда жеңіске бір табан жақын боласың». Эссе жазғанда да міндетті түрде талапты сақтау керек дейтін.
Рыскүл апайдың қолданатын «4 сөйлем әдісі» маған ойды қысқа, бірақ нақты жеткізуге көп көмегін тигізіп келеді. Әдеби оқуларға барар алдында айлап дайындық жасаймыз. Апаймен отырып, әр тақырыпты талдаумен уақытты өткізуші едік. Бәрі сол бір еңбектің арқасы.
Әрине, алты жыл өмірімде қолдау болып, жас болса да бас бола білген маман, педагог-сарапшы, сынып жетекшім Болысбек Айнұр апайымның берген кеңесін, көрсеткен жанашырлығын ешқашан ұмытпақ емеспін.
№24 лицейдің аяқ алысы жаман емес, күн санап өркендеп келе жатыр. Әр жыл сайын түлеп ұшып жатқан дарынды шәкірттері мен білікті мамандары –мектебіміздің мақтанышы.
Білім ордасының даму жолында 42 педагог-сарапшы, 48 педагог-зерттеуші, 70 педагог-модератор, 26 магистр, 1 ғылым кандидаты қажырлы еңбек етіп келе жатыр.
Мектеп ұжымы мен шәкірттері былтыр ғана лицейдің 10 жылдық мерейтойын атап өтті. Ғасырға жуық ғұмыры болсын!
Барлығы үшін саған мың алғыс, мектебім! Мәртебең биік, абыройың асқақ болсын, лицейім!
СЛАМЖАНОВ Бекзат,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық угиверситеті,
«Журналистика» факультетінің студенті.
