Қазақтың сайын даласында талай дарабоздың дүбірі қалған. Кейде үлкен жетістіктің бастауы үлкен қаладан емес, алақандай ғана ауылдан басталады. Туған жердің топырағын түлетіп, ел намысын арқалап, спортта биік белестерді бағындырып жүрген жерлестеріміз – соның айқын дәлелі.
Бүгінде ауданымыздың абыройын асқақтатып, ауылымыздың атын алысқа танытып жүрген спортшыларымыз аз емес. Олардың әрқайсысының артында маңдай тер, тынымсыз еңбек, қайсарлық пен жеңіске деген сенім жатыр. Ауыл спорты – тек жарыс пен жүлде ғана емес, ол – жас ұрпақты тәртіпке, төзімге, намыс пен еңбекке тәрбиелейтін үлкен мектеп.
Солардың бірі – Өсербай Дәулет. Ол – жастар арасындағы жекпе-жектен әлем чемпионы, ережесіз жекпе-жектен екі дүркін жеңімпаз. Спортпен қатар актёрлік мамандығын да алып жүрген азаматымыз өнер мен спортты ұштастырып келеді. «Келінжан», «Ауылдастар», «Көкжал», «Шахтёр» сынды киноларда басты рөлдерді сомдап, өзінің жан-жақтылығын танытып жүр. Оның жетістігі – ауылдан шыққан жастың бірнеше салада қатар биікке көтеріле алатынының жарқын көрінісі.
Абиыр Ерсін – Қазақстан Республикасының чемпионы әрі бірнеше дүркін жүлдегер. Азия чемпионатының қола жүлдегері, халықаралық жарыстардың жеңімпазы және жүлдегері атанған спортшы. Грек-Рим күресінен спорт шебері атанған Ерсіннің жетістіктері жас палуандарға үлкен үлгі.
Ал Нұрғали Жантас – Қазақстан чемпионатының үш дүркін чемпионы. Ол жастар арасында және 23 жасқа дейінгі 2018, 2020, 2022 жылдардағы жарыстарда чемпион атанды. 2022 жылы Бішкекте өткен Азия чемпионатының қола жүлдесін иеленді. 2016 жылы Грузияда өткен халықаралық турнирде І орын, 2022 жылы Египетте өткен халықаралық турнирде ІІ орын, яғни күміс жүлде алды. Нұрғали Жантас – халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Қазақ спортының көкжиегінде туған жердің атын асқақтатқан есімдердің қатарында Ардақ Назаров та бар. Ол – аралас жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы, Еуразияның екі дүркін чемпионы, Әлем кубогының иегері, Қазақстанға еңбек сіңірген спортшысы. Оның спорттағы жолы – табандылықтың, тынымсыз еңбектің және мақсатқа адалдықтың жарқын үлгісі.
Ардақ Назаровпен бірге Бейбіт Назаровтың есімі де жекпе-жек әлемінде ерекше аталады. Бейбіт Назаров – ережесіз жекпе-жектен әлем чемпионы. 2009 жылы WAFC тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанған. Сонымен қатар джиу-джитсудан Қазақстанның екі дүркін чемпионы және халықаралық жарыстардың жеңімпазы.
Алайда спорттағы үлкен жеңістердің ар жағында шәкірттерін биікке жетелеген, әр жүлденің негізін қалаған білікті бапкерлердің еңбегі бар. Жас спортшыларды үлкен жетістіктерге жетелеп, ауданымыздың, ауылымыздың атын шығарып жүрген Әшімақын Әлібек, Абиыр Ерсін және Мұрат Мәди сынды бапкерлердің еңбегі ерекше. Олар тәрбиелеп жүрген шәкірттері әр жарыста жүлделі орындардан көрініп, спортта өз іздерін қалыптастырып келеді.
Бүгінде жас спортшылардың білім алып, кәсіби тұрғыда шыңдалуына да мүмкіндік мол. Жақыпжан Нұржол мен Базарбай Еркеш республикалық спорт интернатында, Жақыпжан Ақжол Петропавл қаласындағы спорт мектебінде, ал Захар Диас Дәулет Тұрлыханов атындағы спорт мектебінде білім алып жатыр.
Жетістіктерге көз жүгіртсек, әр спортшының артында өзіндік еңбек жолы бар. Жақыпжан Нұртас республикалық чемпионаттан белбеу иегері атанып, 2025 жылы Алматы қаласы чемпионатында ІІІ орын иеленді.
Жақыпжан Ақжол 2024 жылдан бастап облыстық чемпионатта ІІІ орын, 2025 жылы Алматы қаласы чемпионатында І орын, Қазақстан чемпионатында V орын алды.
Жақыпжан Нұржол 2025 жылы облыстық жарыстан ІІ орын, 2026 жылы ІІІ орын иеленді. Сонымен қатар бірнеше дүркін республикалық турнир чемпионы атанды.
Базарбай Ертай 2024 жылы жарыстарда топ жарып, 2025 жылы спорт шеберлігіне үміткер атанды. Базарбай Еркебұлан – Чемпиондар лигасының ІІІ орын жүлдегері, Алматы облысы чемпионатының І орын иегері, Қазақстан чемпионатының қатысушысы және спорт шеберлігіне үміткер.
Ал Захар Диас Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері. Астана қаласында өткен Чемпиондар лигасында ІІІ орын иеленіп, бірнеше республикалық жарыстарда чемпион атанды.
Бұл – бүгінгі жетістіктер. Ал ертеңгі жеңістердің бастауы қазірден қалануда.
Қазіргі таңда спортпен шұғылданып жүрген шәкірттеріміздің қатарында Сәрсемхан Мереке, Стамчал Ұлан, Мырзабай Бейбіт, Болат Әлихан, Болат Әлижан, Мырзабай Аймұра, Нұрмұханбет Нұрислам, Жарқын Айқын, Жарқын Ислам, Дүйсенбай Жансерік, Дүйсенбай Елнұр, Дүйсенбай Қасым, Тілеужан Әли, Тілеуберді Арман, Санат Қайсар, Серік Бексұлтан, Нұрмұханбет Нұрәли бар.
Бүгінгі жас палуандардың әрқайсысы – ертеңгі үлкен жеңістердің үміті. Олардың әр жаттығуы, әр жарысы, әр белдесуі – ауылдың абыройын асқақтатуға бастар бір қадам. Бәлкім, бүгін жаттығу залында тер төгіп жүрген осы балалардың арасынан ертең әлем чемпионы, Азия чемпионы, Қазақстан чемпионы шығуы әбден мүмкін.
Алақандай ғана ауылдан аты жер жарған палуандардың шығуы – біз үшін үлкен мақтаныш. Себебі бұл – жай ғана спорттағы жетістік емес. Бұл – туған жерге деген сүйіспеншіліктің, еңбекке деген адалдықтың, жеңіске деген жігердің көрінісі.
Бір ауылдың топырағынан түлеген осындай азаматтардың жеңісі – кейінгі ұрпаққа үлгі, жас спортшыларға жігер. Бүгінгі чемпиондардың ізімен ертең жаңа чемпиондар келеді. Ал сол чемпиондардың алғашқы қадамы туған ауылдың қарапайым ғана спорт залында басталуы мүмкін.
Өйткені жеңіс – бір күнде келмейді. Жеңіс – күн сайынғы еңбекпен, төзіммен, тәртіппен және туған елге деген жүрекпен келеді.
Ауыл спорты – ел мерейі.
Ауылдан шыққан әр чемпион – ауданның абыройы, елдің мақтанышы. Біздің ауылдың жүрегінде жеңіске деген сенім бар. Сондықтан алақандай ауылымыздан әлі талай чемпион шығып, көк байрағымызды көкке көтеріп, елдің еңсесін биіктететініне сенім мол.
АБИЛАХАТҚЫЗЫ Нұрай,
Алматы облысы, Райымбек ауданы,
«Қақпақ» ауылындағы
«Жаменке» орта мектебінің 10 — сынып оқушысы
Жетекшісі:Мұқанбекова Майра Әміржанқызы
