Сурет: ЖИ, жолдаған автор
Бала кезімізден «мінсіз бол» деген сөзді үлкендер тарапынан жиі естиміз. Оқуда озат болу, әр істі жауапкершілікпен тыңғылықты орындау, таңдаудан қателеспеу. Бірақ адам табиғаты мінсіз болуға жаралған ба? Әлде одан да маңыздысы – шынайы болу ма?
Қоғам бізден әрдайым үлгілі бала, белсенді азамат болуды талап етеді. Әлеуметтік желілердегі «мінсіз» өмір бейнелері де осы қысымды күшейтеді: мінсіз дене, мінсіз киім, мінсіз жетістіктер. Кейде өзімізді өзгелермен салыстырып «мен ондай бола алмаймын» деп өз дәрежемізді бағаламаймыз. Тіпті күйзеліске түсеміз. Анығында мінсіздік – қол жетпейтін қиял. Оған ұмтылған сайын, өзіміздің құнды дарынымызды ұмытамыз.
Ал шынайылықтың күші – өзіңді дәл осы қалпыңда қабылдай білу. Қателік жіберсең де, кеш бастасаң да, күйзеліп шаршасаң да, бұл – адам болудың бір бөлігі. Шынайы жан басқалардың жүрегіне сенім мен үміт отын ұялатады. Шынайылықтың арқасында қоршаған орта мейірімге толып, адамдар арасында өзара түсіністік артады. Егер біз өзімізді тек жақсы қырымыздан көрсетіп, кемшілігімізді жасырып жүрсек, бір күні одан да шаршаймыз. Өзімізді қайсыбір күйде болмасын эмоциямызды шынайы көрсете алсақ, әлдеқайда жеңілдейміз.
Әркімнің өмірлік ұстанымы ерекше. Біреу үшін мінсіздікке ұмтылу – тәртіп пен мақсатқа жетудің жолы. Ал біреу үшін бұл – еркіндікті шектеу, өзіне қысым жасау. Шынайылық та дәл сондай: бір адам өз қателігін ашық айту арқылы жеңілдесе, енді бірі ішкі сырын өзінде сақтағанды жөн көреді. Сол себепті мінсіз болу да, шынайы болу да – таңдау. Маңыздысы – бұл таңдаудың өзіңнің жүрегіңе, өмірлік мақсатыңа сай болуында. Бәлкім, бір сәттерде бізге тәртіп пен талап керек шығар, ал басқа сәттерде – шынайылық пен еркіндік. Өмірдің мәні – мінсіздікке соқыр ұмтылуда емес, осы екі қағиданың тепе-теңдігін табуда.
Алматы қаласы,
№58 ЖББМ 11-сынып оқушысы.
Республикалық «Farabi shakirti» журналы
мен www.farabishakirti.kz желілік басылым
сайтының Жас тілшісі

