Сурет: ЖИ, жолдаған автор
Каспийдің толқыны бүгін күрсініп, тулап тұрғандай. Үйлеріне оралуына санаулы күндер қалғанда ажал құшқан жас сарбаздардың қазасы естіген әр қазақтың жүрегін жаралады. Аналардың ақ үміті, әкелердің асқар тауы шағылған осы бір қаралы күндері іштегі шер мен ортақ қайғыны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Төмендегі өлең жолдары – қыршынынан қиылған батырларымыздың рухына еске алу мен мәңгілік тағзым. Сарбаздардың иманы жолдас, топырағы торқа, жаны жанатта болсын. Жақындарына бекемдік тілейміз. (Редакциядан).
Автор:
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті,
«Журналистика» факультетінің І — курс студенті
СЛАМЖАНОВ Бекзат,
Маңғыстаудың төрінде,
Қарт Каспидің бойында,
Қара бұлттай қайғы тұр,
Аласұрған ойымда.
***Ана қалды зар илеп,
Әке қалды дәрменсіз.
Ажал жетіп алғанда,
Бой ұсындық шарасыз.
***Жас ғұмырлар қиылып,
Кете барды қаперсіз.
Елге деген ақ арман,
Қалды артында аяқсыз.
***Қарт Каспидің толқыны,
Күрсініп бүгін тулады.
Жоқтау айтып, зар илеп,
Қазақ қара жамылды.
***Қаралы күн қабырғаны,
Қайыстырды, жанды алды.
Ел қорғаны болған ерлер,
Жүректерде мәңгі қалды.
Қайта оралмас күн алды.
Туған елдің топырағы,
Құшағына ұлын алды.
***Қош болыңдар, қырандар…
Қайран қалған боздақтар.
Ел есінде мәңгі қалар,
Ел деп соққан жүректер.

