Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті:

«Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның 25-і күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек».

                                                                              2022 жылдың 16 шілдесінде Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінен.

Абдрахман Асылбек

Ал, бүгін ше?
Қуанышты барша жан,
Қол жеткіздік еркіндікке аңсаған.
Қазақстан елі болып атандық,
Сол үшін де мақтанамын, ән салам.
Бабалардың рухынан күш алам,
Зымыранмен кеңістікке құша алам.
Тілім, жерім, мұсылмандық иманым –
Әрқашанда аман болсын үш анам.

Еліміз халқы биыл, екінші жыл 25 — қазан Республика күнін тойлаудамыз. Ұлттық мерекемізге шаттық көңіл сыйлау ниетімен өнер адамдары, дарынды балалардың мерекелік концерті, еңбек ұжымдарында адал ісімен танылған адамдарды марапаттау, қарияларды төрге шығарып, батасын алу сияқты шаралар өтуде. Елдің ертеңге деген сенімі мығым. Тәуелсіздік алған 32 жылдың ішінде еліміз дамыған мемлекеттер қатарынан көрінуде.

Мемлекет басшысы Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлының  еліміздің өркендегенін қай салада болса да креативті қырынан танытуға қарымды қадам жасап, «Әділетті Қазақстан» құру жолында  атқарып жатқан келелі істерін сүйсіне айтамыз.

Себебі, бүгінгі салынған сара жолды ертең жалғастырар біз – жастармыз. Байтақ елдің тұтқасы болатын жастар легі мектепте білімімен шыңдалуда. Бүгінде еліміз мектептерінде білім алған сан жас шетелдің таңдаулы жоғары білім ордаларында кәсіби біліктілігін арттыруда. Шет мемлекеттер компанияларында еңбек жолын жалғастырып, тәжірибе жинаумен айналысып жүрген жастарымыз да аз емес. Республикамыздың әлеуетін еселеп арттыруды мақсат етіп, олар әр салада жемісті еңбек етіп келеді.

Ерте заманнан тарихымызда айтылатын Атырау мен Алтайдың арасын алып жатқан ұланғайыр далам, Еуразия құрлығында орналасқан елім туралы тебіренбеген жан кемде-кем шығар. Мен де Республика күніне арнап бастаған толғанысымды жаза отырып, арнайы деректерге сүйендім. Алдымен, Республика деген қандай мағына беретініне тоқталмақпын.
     Республика (лат. res publіca – халық игілігі, қоғамдық іс) – мемлекеттік басқару нысаны. Мұнда жоғары мемлекеттің билікті белгілі мерзімге сайланған органдар жүзеге асырады. Мемлекеттің биліктің барлық жоғары органдары не сайланады, не оларды жалпыұлттық өкілдікті мекемелер.
Республиканың қозғаушы принципі – саяси ізтілік, яғни отанға деген сүйіспеншілік.

     Қазақстан (Қазақстан [qɑzɑqˈstɑn]) толық атауы  Қазақстан Республикасы – Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда орналасқан мемлекет. Батысында Еділдің төменгі ағысынан, шығысында Алтай тауларына дейін 3000 шақырым, солтүстіктегі Батыс Сібір жазығынан, оңтүстіктегі Қызылқұм шөлі мен Тянь-Шань тау жүйесіне 1600 шақырымға созылып жатыр. Қазақстан Каспий теңізі арқылы  Әзірбайжан, Иран елдеріне, Еділ өзені және Еділ-Дон каналы арқылы Азов теңізі мен Қара теңізге шыға алады.

Қазақстан – зор тарихы бар ел, әлемдегі бәсекеге қабілетті елдер қатарына кіруге тырысатын үлкен мүмкіндіктер елі. Қазақстан Республикасы — президенттік басқару формасындағы унитарлы мемлекет. Қазақстан 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіз мемлекет атанды. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі, сонымен бірге, орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі мәртебесіне ие. Ақша бірлігі – теңге. Қазақстанның ұлттық құрамы алуан түрлі. Халықтың басым бөлігін тұрғылықты қазақ халқы құрайды.   Қазақстан – Дүниежүзілік мұхитқа тікелей шығатын жолы жоқ әлемдегі ең ірі мемлекет. Елордасы — Астана қаласы.

Экономикалық көрсеткіштері бойынша дамушы экономика ретінде қарастырылады. Экономиканың негізгі бағыты – отын-энергетика саласындағы шикізат өндіру, ауыл шаруашылығы (егіншілік). 1992 жылдың 2 наурызынан бастап БҰҰ-ның толыққанды мүшесі. Сонымен қатар Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына және Еуразиялық Экономикалық Қауымдастығы сияқты басқа да бірнеше халықаралық ұйымдардың құрамына кіреді.

Қазақстанда айтарлықтай мұнай-газ қорлары бар және елдің батыс өңірлерінде шоғырланған мұнай қорлары бойынша әлемде 9-шы орынға ие. Бұдан басқа, Республика көмір қоры бойынша 8-ші және уран қоры бойынша 2-ші орында. Қазақстан бидай экспорттау бойынша жетекші әлем елдерінің ондығына кіреді. Барлау, отын-энергетика, металлургия және химия өнеркәсібі өнімдері, сондай-ақ, бидай индустриясы басты экспорт тауарлары болып табылады. Республиканың басты сауда әріптестері – Ресей және ТМД басқа елдері, Қытай, Еуропа елдері.

Елдің әкімшілік-территориялық құрылымы 17 облыс пен 3 республикалық маңызы бар – Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан тұрады. Еліміздің әр облысының, елді мекендерінің шетелдіктерді тамсандыратын, таңқалдыратын ерекше нысандары бар. Тұмса табиғат таңғажайыптарына өзіміз де тамашалап, қайран қаламыз! «Қазақстанның киелі 100 нысандары» тізіміне үңілсек, өзіміз де таңданысымызды жасыра алмаймыз. «Бәйтерек» монументі, Түркі жұрты тәу ететін Киелі Түркістан, Қорқыт баба кешені. Табиғаттың тылсым сырын жасырып жатқан Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Жер жәннаты – Жетісудің керемет табиғаты, асқақ Алатау баурайындағы Шымбұлақ шатқалы, Медеу мұз айдыны, алтын тәжді Қазақстан қонақ үйі, екі мың жылдық Тараздың тарихи орындары, Көктөбедегі телемұнараларды атаймыз. Бұдан басқа да көптеген киелі нысандар туристердің асыға келетін мекендеріне айналғанын  айтамыз.

Бүгінгі жайнаған елімнің тұрақтылығы мен тұтастығы көпұлтты халықтар мен этностар арасындағы достық, татулық пен өзара түсіністіктің нәтижесі дейміз. Жасы үлкен адамдардың батасында айтылатын елдің тыныштығы, жердің амандығы, адамдардың бауырмалдылығы мен Отансүйгіштік қасиеті жандүниесінде берік орнаған ұрпақтың ізбасарларымыз деп мақтанышпен айта аламыз. Көк Туы көгінде желбіреген ел жастарының қатарын толықтыратын біздер де ертеңімізге сенім артып, болашаққа қадамымызды нық басамыз.

 

 

КУСАИНОВА Айдана Мұхитқызы,

«Туран» Университетінің 3- курс студенті.

Алматы

Дереккөздері: Wikipedia. Kazakh Invest. massaget.k

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *