Сырбай Мәуленов

Сонау Туран ойпатынан бас алып,
Өзен болып айрыларда жасы ағып,
Торғай бір күн таңмен бірге аттанған
Ұзатылған қыз сияқты жасанып.

Бұлттың көлі орын теуіп жапаннан,
Жалпақ дала найзағайдан от алған.
Көк темірлі қақпасы деп Торғайдың
Бүкіл дала бір есіммен аталған.

Ғафу Қайырбеков

Сүйікті Торғай,
Сүтіндей болған анамның,
Осынау жаста
Арнадым өлең саған мың.
Ең үлкен менің
Дастаным жазған — өзіңсің,
Атыңды жырдан
Тастамай жүрген балаңмын.

Ұлт ұстазы Ахаңның табаны тиген топырақ

Торғай – қазақ әдебиеті мен мәдениетінде өшпес із қалдырған Алаш ардақтылары — Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының, Сейіт Кенжеахметов, Ғафу Қайырбеков, Сырбай Мәуленов, Шәміл Мұханбетжанов, Қайнекей Жармағамбетов, Нұрхан Ахметбеков, Болат Хамзин, Кенжеғали Сағадиев, Қоғабай Сәрсекеев секілді нарқасқалардың туған өлкесі.
Жазира сахара даламыздың қай тұсын алсақта, қойнауы тұнған тарих. Сол тарихты оқырмандарымызға кеңінен жеткізу үшін еліміздің аймақтарындағы ерекше құрылған ауылдармен таныстырмақ ниеттеміз.Жоғарыда қос ақынның өлеңі туған жері Торғайына арналса, тарихи деректерде ерте заманда (14 ғасырдың ақыры – 15 ғасырдың басы) – ақынжырау, би, философ, Әз Жәнібек ханның ақылшысы болған Асан қайғы (Хасан) СәбитұлыТорғай өзеніне қарап:  «Ақсуың бал  татитын, ақ шабағын май татитын  екен» — деп тамсанған екен.

 *« 1283 жылы Италия саяхатшысы Рубик Еділден бастап, Жайықтың жоғары жағынан Созақ, Құмкент арқылы Іле қаласына дейін жүріп өткені сол заманның өзінде-ақ Торғай даласы байтақ елдің шежіремсінің бір бөлшегі екенінің дәлелі.

Торғай бүгінде, Қостанай облысы, Жанкелді ауданының орталығы. Мекеннің бар тарихы сақталған «Торғай музейлер кешенінің» директоры, «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері, «Мәдениет саласының үздігі», Республикалық балалар жобасының үздік авторы СӘРСЕКЕЙ  Гүлбану Қулетқызымен онлайн байланысқа шығып, ауыл тарихымен жақыннан танысқан едік. Биыл музей облыстық «Рухани қазына 2022 байқауына» қатысып, «Үздік музей» аталымына ие болды.

Гүлбану Қулетқызы:

—»Қазақстанның киелі жерлері» картасына біздің ауданнан енген 7 қасиетті жер туралы мағлұмат бар.  Атап айтсам: Албарбөгет бөгеті (Көкалат ауылы); Міржақып Дулатұлы кесенесі (Бидайық ауылы); Баймырза әулие мазары (Қалам-Қарасу ауылы), Қазыбай әулие мазары (Аралбай ауылы); Тілеп әулие мазары (Жыланшық өзенінің бойында); Ахмет Байтұрсынұлының үйі (Ақкөл ауылы); 1916 жылғы Татыр шайқасы белгісі (Жаркөл ауылы). 2019 жылы киелі орындар қатарына Шұбалаң ауылындағы Бейсен батыр кесенесі енгізілді.

2011 жылы «Мұражай – тарих пен бүгінгі күннің феномені ретінде» атты халықаралық мұражайтанушылар форумы аясында өткізілген «Үздік ауыл мұражайы» байқауының жеңімпазы атандық.

Аудан орталығында Шақ­шақ Жәнібек батырға, Алаш арыстары А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлына, Ы.Алтынсаринге, Ә.Жанкелдинге арнал­ған музейлер және халық ақыны Н.Ахметбековтің музей–үйі бар.Әрқайсысында тарих қойнауының тылсым сырлары тұнып жатыр. Оның ал­ғашқысы Ә.Жанкелдин му­зейі­ 1984 жылы ашылса, төрт жылдан кейін Ы.Ал­тынсарин мемориалды-педа­гоги­­калық мұражайы келу­ші­лерді қа­былдады. Тәуелсіздік жа­рия­ланған жы­лы Алаш арыстары Ахмет Бай­тұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әде­би мұра­жайының тұсауы кесілді. 1993 жылы Шақшақ Жә­ні­бек батырға арналған рухани шаңы­рақ пайдалануға берілді.

1864 жы­лы салынған Тор­ғайдағы тұңғыш Ыбы­рай мектебі түлек­терінің үндеуінің ар­қасында 1988 жылы білім ошағы қалпына келтіріліп, ме­мориалды-пе­дагогикалық мұражай болып ашылды. Тағы бір мұражай Тәуелсіздігімізді алып, етек-жеңімізді жия бастаған тұс­та, кешегі жаугершілік заманда қа­­зақ­­тың төрт тірегінің бірі болған Шақ­­шақ Жәні­бек бабамыздың 300 жыл­дық мерейтойы қарсаңында, Торғай хал­қының өз қаражатымен салынып, ашылды.

Бұл мұражай ХVІІІ ғасырдағы жоңғар шап­қыншылығы кезіндегі «Алқакөл сұлама, Ақтабан шұ­бы­рынды» қасіретін көз алдына әкелетін «Аңырақай шай­қасы» диарамасы мен Жәнібек баба­мыздың өмір жолы, жазған хаттары, бабасы Шақшақ баһадүр ұстаған тудың қиындысы, «Тар­хан» атағын алғандағы жарлық пен зират басынан әкелінген топырағы, ба­тыр жөнінде жазылған кі­таптармен то­лықтырылған.

Шолпан Ахметқызы мен Гүлнәр Мір­­жақыпқызы — Ахаң мен Жақаңның ақ­талуына байланысты 1991 жылы Тор­ғайда өткен Республикалық ғылыми –тео­риялық конференцияға арнайы ке­ліп қатысқанда, қасында жүріп қызмет етіп едік. Сол кісілердің де мұражайға сыйы молынан болды. Ең кереметі қос арыстың нақты қолданған заттары мен шығарған кітаптарының сирек кез­десетін нұсқаларын сыйлауы – ба­ға жет­пес құндылық еді. Мына мы­салды айтсақ, көзсіз ерлікке пара-пар оқиғаға тәнті боласыз. Гүлнәр апамыз қиын-қыс­тау кезде әкесінің дү­ниелерімен қатар, атасы Ахметтің 4-кітабының түп­нұсқасын Орынбор­дан Мәскеуге көшіп бара жатқан та­тар көршісіне аманаттап табыстаған екен. 52 жыл бойы оған алыс­тан ақысын жі­беріп отырып, 1990 жылы ғана Ал­матыға алып келіп, келесі жылы Тор­ғайдағы мұражайға өткізді.

Енді бесінші мұражай туралы да қыс­қаша таныстыра кетейік. Ол Торғай­дың топжарғаны, айтыс дүлдүлі Нұрхан Ахмет­бековтің музей-үйі 1983 жылы ақын­ның 70 жылдық мерейтойында ашы­­лып, бүгінге дейін халыққа қызмет етіп келеді

Торғай музейлер кешенінің қызметкерлерінің әр күні тынымсызеңбекпен жалғасады. Атқарылып келе жатқан шаралардың барлығы да – бүгінгі өскелең ұрпақ үшін, сол жасөспірімдердің болашағына арналуда.

 Әңгімелескен: Ж.Кучукова

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *