? Сурет: ЖИ көмегімен жасалынды (Жасанды интеллект).
Жолдаған: автор Абдиразакова Кәусар
Мектепте әртүрлі мінезді адамдар бар. Бірі ашық, бірі тұйық, бірі бәрімен тез араласып кетеді. Бірақ кейде біз адамды танып үлгермей жатып, ол туралы өз ойымызды қалыптастырып қоямыз. Әсіресе сыртқы келбетіне қарап мінезін болжап, өзімізше қорытынды жасаймыз. Кейде тіпті бір ауыз сөйлеспеген адамымызды ұнатпай немесе одан алыстап жүреміз.
Мен өзім де осындай жағдайларға тап боламын. Кейбір адамдар мені сырттай көріп, мінезім ауыр шығар деп ойлайды. Тіпті менімен араласа алмаймыз деп айтатындар да бар. Бірақ менімен сөйлесіп, жақынырақ танысқаннан кейін ойлары өзгеріп жатады. «Сені басында басқаша ойлаппын, сен жақсы араласады екенсің ғой» деген сөздерді естігенде қызық сезімде боламын. Өйткені менің мінезім өзгерген жоқ, тек адам мені жақынырақ таныды. Кейде адамдар бізді шын мәнінде қандай екенімізге қарап емес, сырттай қандай болып көрінетінімізге қарап бағалайды.
Әр адамның өзіне тән мінезі бар. Біреу көп сөйлейді, біреу үндемей жүреді, ал енді біреу алғашында салқын көрінгенімен, жақын араласқанда мүлде басқа адам болып шығады. Меніңше, адамның түріне қарап оның қандай екенін шешу дұрыс емес. Себебі сыртқы келбет адамның ішкі дүниесін толық көрсете алмайды.
Біз кейде өзімізге ұқсамайтын адамдарды түсінуге тырыспаймыз да, олар туралы ойымызды өзгертуге мүмкіндік бермейміз.Қазір мектепте әртүрлі адамдармен араласамыз. Біреумен жақын боламыз, біреумен тек амандасып өтеміз. Барлығымен дос болу міндетті емес, әркімнің өз ортасы бар. Бірақ араласпаған адам туралы жаман ойлау немесе оны танымай жатып мінезіне баға беру басқа нәрсе. Кейде біреуді жақтырмай жүрген себебіміз оның шынайы мінезі емес, өзіміздің ол туралы қалыптастырған ойымыз болуы мүмкін.
Сондықтан адамды сыртқы келбетіне қарап бағалауға асықпаған дұрыс деп ойлаймын. Біреуді тану үшін онымен сөйлесіп, қандай адам екенін түсінуге тырысу керек. Өйткені алғашқы әсер әрдайым
дұрыс бола бермейді. Кейде біз сырттай мүлде басқаша ойлаған адамымызбен жақын араласып кетеміз. Ал кейде біреуге мүмкіндік бермей, жақсы адамды танымастан қалуымыз мүмкін.
АБДИРАЗАКОВА Кәусар,
Алматы облысы, Кеген ауданы,
Кеген ауылы, «Ө. Жанабаев» атындағы орта
мектептің 11-сынып оқушысы
