«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Болашақтың тірегі-кемел ұрпақ

Жасөспірімдер және күйзеліс (стресс)

Соңғы кезде өзіңізді әлсіз, жиі шаршаңқы сезінесіз бе? Ұсақ нәрсеге ашуланып, көңіл-күйіңіз тез өзгереді ме? Бұл жай ғана көңіл күй емес, бұл – стресс болуы мүмкін. Қазіргі жасөспірімдердің өмірі әлдеқайда қарқынды. Сабақ, емтихан, әлеуметтік желілер, қосымша сабақтар, ата-ана үміті – мұның бәрі кей кезде күйзеліс пен шаршауға әкеледі. Психолог мамандардың айтуынша,  стресс жасөспірімдер арасында жиі кездесетін мәселелердің біріне айналған.  Осы тақырып төңірегінде №58 мектептің педагог-психологы Роза  Кантореевамен әңгімелесіп, жасөспірімдерде стресс неден пайда болатынын және онымен қалай күресу керек екенін сұрап көрдім.

—Жасөспірім кезеңде неге стресс ерекше жиі кездеседі. Себебі?

—Жасөспірім кезеңде стресс жиі кездесуі – мүмкін. Себебі осы уақытта бала бір мезгілде бірнеше маңызды өзгерістерді бастан өткереді. Ең алдымен, ағзада гормоналдық өзгерістер жүреді, бұл эмоциялардың тұрақсыз болуына әсер етеді. Сонымен қатар, жасөспірім өзін іздейді, яғни кім екенін, қандай адам болғысы келетінін анықтауға тырысады. Бұл ішкі қайшылықтар мен күмәндарды тудырады.

—Стресс ұғымын қарапайым тілде қалай түсіндірер едіңіз?

—Стресс – бұл адамның сыртқы немесе ішкі қысымға, қиындыққа және өзгеріске жауап ретінде пайда болатын психологиялық және физиологиялық күйі. Қарапайым мысалмен айтсақ, ҰБТ алдында уайымдау, жаңа ортаға   барғанда қысылу, немесе біреумен ренжісіп қалғанда мазасыздану – осының бәрі стресс. Дегенмен, стресс тым жиілеп, ұзаққа созылса, адам шаршайды, ашуланшақ болады, сабаққа зейіні төмендейді. Сондықтан оны түсініп, дұрыс басқаруды үйрену маңызды.

—Стресс пен жай шаршаудың айырмашылығы неде?

—Стресс пен жай шаршау – екеуі ұқсас көрінгенімен, табиғаты бөлек жағдайлар. Жай шаршау – бұл көбіне физикалық немесе ақыл-ой жүктемесінен кейін пайда болатын уақытша күй. Мысалы, ұзақ сабақтан кейін немесе көп дайындалған соң адам шаршайды. Бірақ тынығып алып немесе бір сәт -ұйықтаса, күш-қуаты қайта қалпына келеді.

Ал стресс – бұл тек шаршау емес, ол адамның эмоциялық, психологиялық қысымға берген реакциясы. Стресс кезінде адамда мазасыздық, уайым, ашулану, қорқыныш сияқты сезімдер пайда болады. Кейде ол ұзаққа созылып, демалғаннан кейін де толық кетпеуі мүмкін.

—Жасөспірімдерде стресстің ең маңызды себептері қандай?

—Жасөспірімдерде стресс бірнеше негізгі себептерге байланысты жиі пайда болады. Ең алдымен, бұл – оқу жүктемесі. Бақылау жұмыстары, ҰБТ сынағы, емтихандар, жоғары нәтижеге жетем деген талаптар оқушыға қысым түсіреді. Екінші маңызды себеп – ата-ана мен мұғалімдердің үміт артуы. Жасөспірім өзіне қойылған үмітті ақтауға тырысып, ішкі уайымға түседі.

Үшіншіден, құрдастармен қарым-қатынас. Достармен түсініспеушілік, қабылданбау қорқынышы немесе буллинг жағдайлары эмоционалды күйге қатты әсер етеді.

—Жасөспірімде стресстің бар екенін қалай анықтауға болады?

—Әуелі эмоциялық белгілер: Үнемі мазасыздық, уайым, көңіл-күйдің жиі өзгеруі мен себепсіз жылау немесе ашулану. Екіншіден, мінез-құлықтағы өзгерістер, атап айтқанда: адамдардан оқшаулану, жалғыз қалуға тырысу; сабақтан қашу немесе қызығушылықтың төмендеуі; бұрынғы қызығушылықтардың жоғалуы, т.б. іс-әрекеттер арқылы оқушыда стресстің бар екенін анықтаймыз.

—Психолог маманы ретінде жасөспірімдерге қандай негізгі кеңес берер едіңіз?

—Мектеп психологы ретінде айтарым: Ең алдымен, өзіңді, өз сезімдеріңді түсінуге тырыс.  Қуану, ренжу, ашулану – бәрі де қалыпты. Ең маңыздысы – сол сезімдерді іште ұстамай, оларды дұрыс жеткізе білу. Екіншіден, өзіңді өзгелермен салыстырма. Сен қайталанбас жеке тұлғасың. Әр адамның өмір жолы әртүрлі, әлеуметтік желідегі көрініс шынайы өмірдің бейнесі емес.

Қорыта айтқанда: Өзіңді түсін, өзіңді қабылда және қажет кезде көмек сұраудан қорықпа, ұялма, ішкі тепе-теңдікті сақтау – психологиялық саулықтың негізі.

—Сұқбатыңызға рақмет. Сізге шығармашылық табыс тілеймін!

  Сұхбаттасқан: Шакира НИЯЗБАЕВА

                                                                         Алматы қаласы Білім бақармасының

№58 ЖББМ 11-сынып оқушысы.

Республикалық «Farabi  shakirti» журналы

мен  www.farabishakirti.kz  желілік басылым

сайтының  Жас  тілшісі

Жетекшілері: Сансызбаева Алтынай Косаумасқызы,

Шабарова Нуркуль Тилеукулқызы

Сәйкес жаңалықтар

Өлмейді бірақ өлеңім!

Балаларға қатысты зорлықтың алдын алу жөніндегі нұсқаулық әзірленді

Журналистика әлемінің теңдесі жоқ

farabi shakirti shakirti