Қазіргі уақытта журналистика саласы жастардың назарын аударып отырған, сұранысы жоғары мамандықтардың бірі. Шығармашылық бағытты таңдап, қара шаңырақ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті атанып, кәсіби журналист болуға ынталы жастардың бары қуантады. Десек те, болашақ түлектерге ақыл-кеңес пен бағыт-бағдар әлі де жеткіліксіз.
Сәті түскенде, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің түлегі, «Almaty Aqshamy» газетінің тілшісі, «Үздік жас ғалым» атанған Дана Садырқан әпкемізбен сүбелі сұхбат құрдық.
– Журналистикаға деген қызығушылығыңыз қалай басталды?
– Бала қиялы кейде адамды алысқа жетелейді. Журналистикаға деген қызығушылығым да осы мөлдір қиялдан басталды деп ойлаймын. Әуелде әскери адамдардың формасына қызығып, әскер саласында еңбек еткім келетін. Дегенмен, әкем менің қабілетімді байқап, «Қызым, сен журналист боласың» деді. Абайдың топырағында дүниеге келген соң ба, хакімнің өлеңдері мен қара сөздерін жаттап өстік. Аудандық, облыстық, республикалық сайыстарға қатысып, топ жарып, жеңімпаз атандық. Абайдың «Майданға түспей бәйге алма» деген қағидасын мықтап ұстандық. Қысқасы, тілге, әдебиетке, поэзияға жақын болдым. Бес жасымда әкем үйреткен тақпақтарды мүдірмей айтыппын. Ал журналистикаға деген қызығушылығым алтыншы сыныпта оқып жүргенде оянды. Көк жәшіктен хабар таратқан аға-әпкелерімізге қарап, экранның ар жағындағы әлемге таңдана қызығатынмын. «Мен де осы кісілер секілді боламын. Шындықтың жаршысы, ақиқаттың шыңына шығамын» деп мақсат еттім. Бәрі әкем мен анамның арқасы.
– Кімдерді өзіңізге үлгі тұттыңыз?
– Үлгі тұтар тұлғаларым аз емес. Соның ішінде Бейсен Құранбек ағамыздың орны бөлек. Ол кісі менің санамда парасаты биік, адал, өз мамандығының майталманы ретінде сақталды. «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламалары арқылы қаншама қарапайым халыққа көмектесіп, жүректеріне үміт пен сенім ұялатты. Адамгершілік болмысын, ар-ұятын, еңбекқорлығын ерекше сыйлаймын. Жаны жәннатта болсын!
Дина Төлепберген де жүрегімнен орын алған журналист. «Астарлы ақиқат» бағдарламасы арқылы талай адамның тағдырын, қоғамдағы өзекті мәселелерді көрсетті. Кейбіреулер бұл жобаны хайп қуалаған немесе отбасылық дау-дамайларды жариялайтын бағдарлама ретінде қабылдауы мүмкін. Дегенмен, «КТК» телеарнасындағы әлеуметтік ток-шоуда адамдардың шынайы өмірі көрсетілді деп ойлаймын.
Ал үшінші үлгі тұтатын журналисім – ұстазым Серік Жұмабекұлы. Қазір ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде дәріс беретін ұстазымыз «Егемен Қазақстан», «Халық кеңесі», «Президент және халық» секілді іргелі басылымдарда еңбек еткен. Қарымды қаламынан туған туындылары жас журналистерге ғана емес, барша оқырманға оқуға тұрарлық. Ұстазымыздың «Журналистік шеберлік: Құқықтық журналистика», «Журналистік шеберлік: Әскери-экономикалық журналистика», «Журналистік шеберлік: Ғылым, білім, әдебиет саласы», «Журналистік шеберлік: Саяси-әлеуметтік журналистика» атты төрт томдық кітабы жарық көрді. Дамыған елдерде әлдеқашан орныққан салалық журналистика Қазақстанда әлі де кенжелеп келеді. Сондықтан ұстазымыздың бұл еңбектері – журналистика саласы үшін өте қажет дүние. Кітаптар журналистік еңбек жолында жазған мақалаларының негізінде құрастырылған. Бұл – теория мен тәжірибені ұштастырған құнды еңбек.
– Әулетіңіздегі алғашқы журналистсіз бе?
– Иә, отбасымыздан шыққан алғашқы журналистпін.
– Студенттік кездегі қызықты оқиғаларыңызды айтып берсеңіз.
– Студенттік шақтағы қызықты оқиға көп. Бірақ сол кезеңнің ең қызықты тұсы жатақханадағы өмірім болды дер едім. ҚазҰУ-да білім алумен қатар, қоғамдық жұмыстарға, белсенділікке араласуға да мүмкіндік бар. Маған осы жағы ұнайтын. Студент өзінің жан-жақты қырын ашып, қабілетін өзгелерге де таныта алады. Бірінші-екінші курстарда «Студенттік кеңес», «Көмек» ұйымдарының мүшесі болдым. Түрлі жобаны іске асырып, еріктілікпен де айналыстық. «Студенттік кеңес» ұйымына мүше болған соң, жатақханадағы тазалық пен тәртіпке жауап беретінбіз. №5 жатақхананың бес қабатын біз «басқаратынбыз». Ал «Көмек» ұйымында жүріп, қолдауға мұқтаж адамдарға қол ұшын созуға тырыстық. Бірде ұйым мүшелерімен бірге ерекше білім беруді қажет ететін балалар оқитын интернатқа бардық. Балалардың жағдайымен танысып, көңілдерін ауладық. Олар кез келген жайтты жан дүниесімен сезіне алатын, сезімтал балдырғандар еді. Бірі ата-анасының қамқорлығына, енді бірі өзгенің мейіріміне мұқтаж. Сәл де болса көмегіміз тигеніне қуандық.
– Мықты журналист болу үшін қандай қасиеттер қажет деп ойлайсыз?
– Әуелі, еңбекқорлық керек. «Бір пайыз – талант, тоқсан тоғыз пайыз – еңбек» деген сөз бекер айтылмаған. Талант қажет, дегенмен, сол талантты өшірмей, ары қарай дамыту – еңбектің еншісінде.
Екінші – адалдық. ХХІ ғасыр – ақпарат дәуірі. Жылтырағанға еріп, хайп пен лайктың соңына түсу журналистің адалдығына кір келтіреді. Халық бізге сенім артады. Сол сенімге адал болуымыз керек. Үшінші – тоқтаусыз ізденіс. Алға жылжитын сағат тілі секілді журналист те үнемі ізденіп, білімін толықтырып отыруы шарт. Төртіншіден, жазу қабілетін қалыптастыру қажет. Екі сөздің басын қоса алмайтын адамнан журналист шықпайды.
– «Almaty Aqshamy» газетіне қызметке қалай келдіңіз? Журналистік жолыңыз осы басылымнан басталды ма?
– Мен студенттік кезден журналистикаға араласа бастадым. «Алматы» телеарнасындағы «Шешімі бар» бағдарламасынан, «КТК» телеарнасының жаңалықтар бөлімінен, «Шалқар» радиосынан тәжірибе жинақтадым. Республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің штаттан тыс тілшісі болып, бір жылға жуық уақыт қызмет еттім. «Жұлдыз» журналына да мақалаларым шықты. Үшінші курстың екінші жартысында «Almaty Aqparat» медиахолдингіне қарасты «Almaty Aqshamy»-на журналист керек екенін естідім. Бар жазған мақаламды жинап, түйіндемемді дайындап, жұмысқа тапсырдым. Түйіндемем мен жазған мақалаларым басшылыққа ұнаса керек, жұмысқа қабылдандым. Ел мен алып шаһарымыз Алматының тыныс-тіршілігін, өзекті мәселелерін халыққа жеткізіп жүрген газетіміздің бас редакторы Естай Божанға және медиахолдингтің Бас директоры Ержан Қалымбайұлына ризашылығымды білдіремін. Қызметке алғанда «Мынау жас, әлі студент» деп бетімнен қақпай, керісінше, қанатымды қатайтып, әлі де биікке самғауға мүмкіндік беріп келеді.
– Қара шаңырақ – ҚазҰУ сізге не берді? Студенттік жылдарыңыздың кәсіби қалыптасуыңызға әсері қандай болды?
– ҚазҰУ-ға артар өкпем жоқ. Маған бәрін сыйлады. Қытаймен шекаралас жатқан қарапайым, кішкентай ғана ауылдың қызы үшін ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне грантқа түсу – үлкен арман еді. Арманыма адалдығымнан ба, талмай еңбектенгенімнен бе, әлде анам мен әкемнің шын тілеулестік білдіргенінен бе, әйтеуір, грант бұйырды.
Үздік оқығаным үшін төрт рет Президенттік шәкіртақы алдым. Әу баста, мұндай шәкіртақы берілетінін ешкім айтып түсіндірмеді. Яғни сабақты аталған стипендияның құнына қызығып оқымаппын. Бар ынта-жігерімді, зейінімді сабақ пен білімге арнауға тырыстым. Себебі журналист болып қалыптасу үшін әуелі білім, содан кейін тәжірибе керек. Студенттік шақтың алғашқы жылдарында университеттің бас басылымы «Qazaq Universiteti» газетіне материалдар жариялап тұрдым. Бұл қадамым қаламымды шыңдауға мүмкіндік берді.
Студенттік кезең – кез келген сала маманы үшін кәсіби қалыптасудың ең алғашқы әрі таптырмас баспалдағы. Қара шаңырақта алған білімнің арқасында Қазақстан Республикасы бойынша білім алушылар арасында «Үздік студент» атандым. Бұл жол мені ғылымға бастап, есімім үздік жас ғалымдар санатында аталды.
– Сізге ұқсағысы келіп, із басып келе жатқан жас тілшілерге қандай кеңес берер едіңіз? Олар журналистика жолында нені ескеруі керек?
– Артымнан ерген буынға ақыл-кеңес айтар дәрежеге жеттім бе, ол жағын білмеймін. Бірақ әпкелік ақылымды айтар болсам, журналистиканы жүрек қалауымен таңдаған соң, «тележұлдыз» болуға асықпаңдар! Әуелі, жазу машықтарыңды қалыптастырыңдар. Телеарнаға жұмысқа орналасқанда да дұрыс жаза білу талап етіледі. Жаза білген адам сөйлей де алады. «Диктор» және «журналист» деген екі түрлі ұғым, атқаратын міндеттері де әртүрлі. «Журналистикаға оқуға түстім, енді диплом алған соң бірден жұмыс табылады» деген ойдан арылу керек. Студент кезден-ақ басылымдарда, телеарналарда тәжірибе жинаған жөн. Ақысыз болса да, тәжірибе жинау – болашақ маман үшін үлкен мектеп. Диплом – тек жоғары білімің бар екенін білдіреді. Ал журналистикада тәжірибелі, ысылған мамандар жұмыс істейді. Бәсекеге қабілетті болу үшін еңбекқор, пысық, алғыр әрі өжет болу аса маңызды. Университеттегі сабақтармен шектелу – ең үлкен қателіктің бірі. Сөздік қорыңды молайту үшін кітап оқы. Жазу машығыңды қалыптастыру үшін мақала, шағын әңгіме жаз. Дауыс пен интонацияңды жақсарту үшін үнемі жаттығу жасап, айна алдында дайындал. Бұл өзіңе деген сенімділігіңді арттырады. Өзгенің біліміне қызық, қызған. Бірақ өзіңді өзгемен емес, өзіңмен салыстыр. Бастысы – адал болайық, адам болайық!
Түйін: Журналист Дана Садырқанның бұл сұхбаты – журналистің жолы атақ пен мансаптан емес,
білім мен ізденістен құралса ғана ғұмыры ұзақ боларының дәлелі болғандай. Болашақ жас тілшілердің алар тәлімі мол болды деп ойлаймын. Уақыт бөліп, тұжырымды ойларыңызбен бөліскеніңіз үшін көп-көп рақмет!
—Әңгімелескен: СЛАМЖАНОВ Бекзат,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық угиверситеті
«Журналистика» факультетінің студенті.
