Сурет: ЖИ, жолдаған автор
25 мамыр – мектеп бітіруші түлектер үшін ерекше күн. Биыл да соңғы қоңырау мерекесінде мектеп бітіруші аруларға құшақ-құшақ гүлдер сыйланды. Бір түлекке 51 раушан гүлінен құралған үлкен гүл шоғы тарту етілсе, енді біріне өзінің бойымен бірдей қорапқа салынған алып гүл композициясы ұсынылды.
Әлеуметтік желі қолданушылары арасында бұл жағдай үлкен пікірталас тудырды. Осыдан 10-20 жыл бұрын мектеп бітірген азаматтардың бір бөлігі: «Бізге мұндай сыйлық түгілі бір шоқ гүл де берілген жоқ. Оның өмірімізге ешқандай кері әсері болған жоқ. Қазіргі түлектер тым еркелеп, даңғойлыққа үйір болып барады», – деген пікір білдірді.
Тағы бір топ желі қолданушылары соңғы қоңырау мерекесі біртіндеп «гүл жарысына» айналып бара жатқанын алға тартады. Олардың айтуынша, кейбір ата-аналар баласын өзгелерден ерекше көрсету үшін қымбат әрі үлкен гүл шоқтарын сыйлауға тырысады.
Алайда түлектердің ата-аналары бұл пікірмен келіспейді. Олардың сөзінше, гүл сыйлау ешқандай ауыртпалық тудырмайды және бұл – мектеппен қоштасып тұрған баласына деген сүйіспеншілік пен құрметтің белгісі. «Көз қуанышы болған бауыр еті баламызға бір гүл сыйлағанда тұрған ештеңе жоқ», – дейді олар.
Осы мәселеге байланысты қоғамда пікір екіге жарылды. Бірі мұны әдемі дәстүр деп есептесе, енді бірі артық бәсекелестікке айналып бара жатқанын айтады. Тіпті алдағы салтанатты аттестат табыстау рәсімінде кейбір мектептер гүл сыйлауға уақытша тыйым салатынын хабарлады.
Ендеше, жас түлекке гүл сыйлау – құрметтің белгісі ме, әлде қажетсіз әдет пе? Бұл сұрақтың нақты жауабын әр отбасы өз құндылығы мен мүмкіндігіне қарай берері анық.
ДАУКЕЕВА Алима,
Алматы облысы, Қарасай ауданы,
«Ұлан орта мектебі» 11 – сынып оқушысы.
Республикалық «Farabi shakirti» журналы
мен www.farabishakirti.kz желілік басылым
сайтының Жас тілшісі
