«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Шығармашылық

Өнермен өрілген жылдар

Би-өмірімнен ойып аларлық орны бар өнердің бірі. Мен бұл әлемге 10 жасымда қадам басқан болатынмын. Сол уақыттан бері «Алтынзер» би ансамбльінің құрамында 7 жыл бойы өнер көрсеттім. Осы уақыт аралығында сахна менің екінші үйіме, ал би өмірімнің бөлшегіне айналды.

Әр сахнаға шыққан сайын көрерменнің жүрегіне сөзбен ғана емес, қимыл арқылы да жол табуға болатынын сезінетінмін.  Әр қимылдың, әр қозғалыстың өзіндік мәні болуы бидің тек әдемі қозғалыс жиынтығы еместігін ұғындырды.

Мені осы өнер әлеміне жетелеп әкелген жан – жетекшім Ләззат Рамазанқызы. Оның би саласында жүргеніне 26 жыл болған. Осы уақыт ішінде талай шәкірт тәрбиелеп, өнердің биік шыңына жетелеп келеді. Менің де бойымдағы биге деген қызығушылықты байқап, осы жолға бағыт берген – сол кісі. Жеті жыл бойы тәжірибесімен бөлісіп, әр жетістігіме қуанып, қиындықтарды еңсеруге қолдау көрсетті. Сондықтан бүгінгі бишілік жолымда жетекшімнің еңбегі мен тәлімінің орны ерекше.

Жеті жылдық шығармашылық жолымда түрлі байқаулар мен фестивальдерге қатысып, көптеген тәжірибе жинадым. Ансамбльімізбен бірге халықаралық «Биле, талант!» конкурсынан  Бас жүлде, «Егемен елімнің ертеңімін!» Республикалық рухани-патриоттық байқауынан Бас жүлде иеленіп, ХVI Республикалық «Би әлемінде» байқауынан I орынға қол жеткіздік. Бұдан бөлек, түрлі деңгейдегі байқауларда бірнеше рет жүлделі орындардан көріндік. Өсе келе жергілікті мәдениет үйімізде өнер көрсетіп мәдени іс-шаралардың сәнін келтірдік. Кез-келген мереке біздің құрамсыз өтпейтін.Тіпті ансамбльіміз той томалақта өнер көрсетіп, біршама салтанатты кештердің көркін келтірді. Бұл бізге тек сахналық тәжірибе беріп қана қоймай, көрерменмен еркін байланыс орнатуға және өнерімізді көпшілікке кеңінен танытуға мүмкіндік берді.  Мен көрермен көзайымы атанып, құрамның басты бишісіне айналдым. Маған жетекшімнен бөлек, мәдениет үйінің өнерпаздары да сенім артатын Осылайша үлкен тәжірибе мектебінен өтіп би өнерінен өмірлік сабақтар ала бастадым.

Би менің тұлғалық болмысыма үлкен әсер етті. Ол маған жауапкершілікті, шыдамдылықты, тәртіпті және ұстамдылықты үйретті. Кейде бірнеше минуттық қойылымның артында апталарға созылған дайындық тұрады. Шаршаған сәттер де, қиындықтар да кездеседі. Құлазығаннан беріліп, барлығына қолымды бір сілтегім келетін кездер де болды. Алайда сахнаға шыққан кездегі сезім мен көрерменнің ықыласы сол еңбектің бәрін ақтайтын. Осындай еңбек жолында адам тек биші ретінде емес, тұлға ретінде де қалыптасады. Себебі би өнері әрдайым өзіңмен жұмыс істеуді, уақытты бағалауды және бастаған істі соңына дейін жеткізуді талап етеді. Бүгінде осы қасиеттердің өмірімнің басқа салаларында да көмегін тигізіп жүргенін анық сезінемін.

Бүгінде артқа көз жүгіртсем, би маған тек жетістіктер мен жарқын естеліктер сыйлап қана қоймағанын түсінемін. Ол мені шыңдады, қанаттандырды және өзімнің мүмкіндіктеріме сенуге үйретті. Өнерім мені тек сахнада ғана емес, өмірде де тәрбиелей алды. Мен үшін бидің ең үлкен сыйы-осы.

                                              АСЫЛБЕК Жаннұр,  

Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы,

Қандыағаш қаласының  «№3мектеп-гимназиясының»

11 «Б» сынып оқушыс.

Республикалық «Farabi  shakirti» журналы

мен  www.farabishakirti.kz  желілік басылым

сайтының  Жас  тілшісі                                              

Сәйкес жаңалықтар

Неге ұрса бересіздер? Оқушы күнделігі

Заманауи мектептер. Құндылық пен білімнің мекені

Ана мен тіл егіз аталады

farabi shakirti shakirti