«Рақмет саған, Әліппе!»

Әліппемен қоштасу ертеңгілігі. 
Мақсаты:
Оқушылардың әліппеден алған білімдерін ортаға салу. Оқушыларды ана тілі оқулығымен таныстыру және өзін-өзі басқаруға үйрету.
Көрнекіліктер: Шарлармен безендіру,нақыл сөздер.

Жүргізуші мұғалім:-Құрметті ата-аналар,ұстаздар және оқушылар! Бүгінгі «Рақмет саған, Әліппе!»» атты мерекемізге қош келдіңіздер! Осыдан 4 ай бұрын мектеп табалдырығын қысыла да қызыға аттаған бірі отбасының тұңғышы,бірі кенжесі, ата-әжесінің сүйікті де еркесі болып жүрген ұл-қыздарымыз, өздерінің ең алғашқы оқулығы болған Әліппемен бүгін қоштасқылы отыр.
-Ендеше, кішкентай бүлдіршіндеріңіздің білім өлкесіне қарай басқан алғашқы қадамдары құтты болсын! Сонымен «Рақмет саған, Әліппе!» атты ертеңгілігіміздің кейіпкерлерін 1 «А» сынып оқушыларына қол соғып, қошемет көрсетейік.

Мұғалім: Балалар,мен сендерге бір сұрақ қояйын….

Іші толған әріпке,

Білімдегі жарық не ?

Оқушылар:  Ол сүйікті Әліппе!

Мұғалім: Олай болса,бәрімізге ең қымбат «Әліппені» ортаға шақырамыз.

Әліппе: — Армысыңдар жас достар!
Армысыңдар, ата — ана!
Болашаққа жол бастар,
Әліппең келді ортаға.
Жақсы білім көрімдік,
Болсын бізге халайық.
Не үйретіп, не білдік,
Қане, ортаға салайық!

Балалар біздің әліппеге арналған өлең жолдарын айтып берейік:

Ән: «Рахмет саған, Әліппе»  Орындайтын қыздар тобы

Мұғалім: Ерте, ерте ертеде,
Ешкі жүні бөртеде,
Орманда екі үй болыпты: біреуі көк, біреуі қызыл. Көк үйде дауыссыз дыбыстар, қызыл үйде дауысты дыбыстар тұрыпты. Олардың атасы «Әліпби» деген дана болыпты. Осы екі үйдің қызыл үйшіктегі әріптері дауыс шығарып көңілді тұрыпты да, ал көк үйдегі әріптер үнсіз өмір сүріпті. Мұны көрген Әліпби «Мен осы екі үйдегі әріптерді араластырсам не болар екен?» деп ойланып, араластырыпты. Сөйтсе, ғажап бір жайға куә болыпты. Әріптері сөйлей жөнеліпті. Осылайша әріптерден сөз, сөзден сөйлем пайда болыпты.

  1. Қазақ тілінде қанша әріп бар? (42)
    2. У дыбысы қандай дыбыс?  (Дауысты да, дауыссыз да)
    3. Дыбыстар қалай бөлінеді ?(дауысты, дауыссыз дыбыстар)
  2. Дауысты дыбыстар деп қандай дыбыстарды айтамыз?
  3. Дауыссыз дыбыстар деп қандай дыбыстарды айтамыз?

Сөз неден құралады?
(Буындардан, дыбыстардан, әріптерден)

Мұғалім:—Рахмет, балалар! Міне, біз әліппені аяқтадық. Осы оқулықтан біз өз Отанымыз туралы көп оқып білдік. Ендігі кезекте Отанымыз туралы білгенімізді ортаға салайық.

—Балалар, біздің Отанымыз қай мемлекет?

—Біздің елбасымыз кім?

—Біздің еліміздің елордасы қай қала?
—Астана қаласының символы не?

—Рәміздерді білесің бе?

—Ендеше, Отан туралы қандай әндер, өлеңдер үйрендік, соны ортаға салайық.

Отан туралы өлең жолдары

Әлфара: Отан- сенің ата-анаң

Отан-досың бауырың

Отан-өлкең, астанаң

Отан-аудан,ауылың

Ақылжан: Отан-тарих, Отан –тіл

Жасаған ерің, ер халқың

Отан-өлең, Отан-жыр

Көтерген көкке ел даңқын.

Бағзор: Отан осы достарым

Көңілге мұны түйе біл.

Отан деп өс,жас қауым,

Оны ардақтап,сүйе біл.

Ән: «Қазақстаным Отаным». Орындайтын хор

Әліппе: Біз бүгін шексіз қуаныштымыз, өйткені алғаш хат танытып, сауатымызды ашқан әліппені бітірдік .Көп нәрсені – кітап оқуды, өлең жаттауды, ән айтуды, сурет салуды үйрендік. Осы үшін ұстаздарымызға көп рахмет!

Ән: « Ұстаз деген асыл жан» Осы ән барлық ұстаздарға арналады

Әліппе:Менің сендермен қоштасатын уақытым таяп қалды. Сендерге де рахмет балалар! Өздеріңдей тәртіпті, оқуға ынталы балалардың талабына қуанамын. Енді білімдеріңді жалғастырып, әрі қарай білімді болу үшін Ана тілі кітабымен таныстырайын. Ана тілі, мында келші!

Ана тілі:Сәлеметсіздер ме балалар?
Туған елдің тілімін
Ақылыммен танылам.
Түсіндірер бәріне
Ана тілі мен болам.

Балалар,енді бұрынғыдан да көп оқитын боласыңдар.Ынта қойып оқысаңдар  көп нәрсеге үйренесіңдер.

Әліппе:—Әр сөзімді жаттаған,

Балалар үшін мақтанам.

Рахмет айтып, шаттанам,

Риза болып аттанам.

Оқумен өсіп толыңдар,

Аман есен болыңдар!

Мұғалім : Жарайсыңдар балалар! Сіздер бүгін әліппеден алған білімдерін ортаға салдыңыздар , әліппеге   өз алғыстарыңды айтып, әндерін арнадыңыздар. Енді әліппеге арналған биімізді тамашалаңыздар.

Би : «Менің атым , Әліппе!»
Мұғалім: Балалар, бүгін біздің ортамызда ата-аналарымыз да қуанышымызға ортақтасып отыр. Құрметті ата-аналармен қызықты ойын өткізейік. Ортаға 5 ата-ана шыға қойсын. Манадан бері балалар әріптердің сырын ашуға тырысты. Ендігі кезек сіздердікі. Мен қойған сұрақтарға тек оң қолыңызды көтеріп  жауап бересіздер.

Ой ұшқырлығына құрылған есептер 
Ата-аналарға қойылатын сұрақтар

Мұғалім: Рахмет  сіздерге,  құрметті ата аналар! Қазір сіздерге арнап, жас биші — Индира қызымыздың үнді биін тамашалаңыздар.

Үнді биі:

Мұғалім:—Осымен «Рақмет саған, Әліппе!» ертеңгілігіміз аяқталып келеді!  Балаларды бүгінгі мерекелерімен құттықтау үшін және Әліппені аяқтағаны жөнінде куәлік  табыстау үшін мектеп әкімшілігін шақырамыз.  (Әліппені бітіргендері үшін куәлікті тапсыруға рұқсат етіңіздер).

Куәлікті тапсыру.
Ата-аналар арасында ортаға шығып сөз сөйлеймін деушілерге сөз кезегі беріледі.

                                        БУКАЕВА Эльвира Сауданбековна,

                                          Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы,

          «Еңбек орта мектебі-Өрнек бастауыш мектебімен» КММ

                                                     бастауыш сынып мұғалімі