«Әр өлеңі – бір әлем»
![](https://farabishakirti.kz/wp-content/uploads/2025/02/1-zhienbaev.jpg)
Жырыменен жүректерді тербеген,
Жан жарасын талайлардың емдеген.
Мөрі болған жиырмасыншы ғасырдың
Мұқағали сынды ақындар кемде кем.
«Барлығы да, Поэзия, сен үшін» деп əдебиет патшалығының ханзадасы ретінде салтанат құрған Мұқағалидың құдіретті өлеңдері халқының жүрегінде. Расында, ол бойындағы тамаша талантын жұртына арнаған. Мұқағали мұрасы, маржан поэзиясы, мәңгілік болашақ ұрпақтың еншісі, қадірлеп-қастерлейтін мұрасы. Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы Хантәңірінің мұзбалағы, ақиық ақын, тау тұлғалы талант, «Ғасыр ақыны» атанған, миллион сырлы сезімнің иесі – Мұқағали Мақатаевқа арнап «Әр өлеңі-бір әлем» тақырыбымен поэзия кешін ұйымдастырды. Кеште мұзбалақ ақынның шығармашылығы терең қозғалып, әсем әндері шырқалып, сырлы өлеңдері оқылды. Шараға Ақтөбе Жоғары гуманитарлық колледжінің студенттері, Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университетінің білім алушылары және «Айсын» радиожурналистика мектебінің оқушылары белсене қатысты.
Мұқағали өз күнделігінде «Поэзия – ғылым. Оны зерттеу керек. Адам сезімін жан-жақты зерттейтін құдірет болса, ол – тек поэзия» деп жазып кеткен. «Көңілшектік менің осал жерім» деп өзі киігенімен, жұмсақтық оның ақындық болмысының бір қыры еді. Мұқағали өлеңдері әнге сұранып тұратыны содан болса керек. Кеш барысында ақиық ақынның «Мен деп ойла», «Ұнатамын мен сені», «Туған өлке», «Есіңе мені алғайсың» әндері шырқалды. Мұқаңның 35 мың жолға жуық өлеңі оқырман іздеп жүріп оқитын жырға айналды. Ақынның өлеңдеріне 100-ден астам әндер жазылды. Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университетінің студенттері Али Амангельдиев пен Назерке Айтжанова «Сенің көзің» әнін жанды дауыста, гитара аспабымен орындап шықты.
Мұқағали поэзиясы – таңғы шықтай мөлдір поэзия. Оның тұңғыш өлеңдері 1948 жылы Нарынқол аудандық газетінде қызметте жүргенде жазыла басталған. Оның «Дариға жүрек», «Аққулар ұйықтағанда», Өмір-дастан» жыр-жинақ кітаптары жарық көре бастады. Поэзия кешіне қатысушылар ақынның «Махаббат па?», «Мен сені сағынғанда», «Ей, өмір» және тағы басқа өлеңдерін жатқа оқыса, Райна Ақтемісова мен Жанеля Төрегелді ақынға арнау өлеңдерін арнады. Ақтөбе Жоғары гуманитарлық колледжінің студенттері Мұқағали Маралұлы «Жоқ, дәрігер» өлеңін, Нұрила Тілектесов пен Бекарыс Құралбаев «Махаббат диалогы» өлеңдерін керемет орындап шықты. «Айсын» радиожурналистика мектебінің оқушылары «Бақыт деген не өзі?» өлеңі бойынша шағын эпизодтық көрініс қойды.
Мұқағали Мақатаев – қазақ поэзиясының көгінде ғажайып дарын иесі, жарық жұлдыздай жарқ етіп, оқырманды өзіндік сыр-сипаты, қайталанбас дарынымен баурап алған ерекше тұлға. Ол дархан даланың жаны жарқын асыл адамдары мен таңғажайып табиғатының асқақ жыршысы бола білді. Ғасыр ақынына арналған поэзия кеші әсем әуенге, сырлы сазға, керемет естелікке толы болды. Ақын шығармашылығы болашақ ұрпақпен бірге жасайтыны анық!
Сұлтанбекова Лаура Ерікқызы.
Сағи Жиенбаев атындағы
облыстық жасөспірімдер
кітапханасының қызметкері.
Аөтөбе қаласы.