«Мәдениет – ұлттың төлқұжаты»

ТОҚАЕВ  Қасым-Жомарт Кемелұлы,

Мемлекет басшысы:

—Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі. Біз – Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз. Қазақ жерінен шыққан қайталанбас өнер иелерінің теңдессіз туындылары тұтас ұлтты тәрбиеледі. Қазір төл мәдениетіміз дүние жүзіне танылып жатыр. Талантты музыканттарымыз әлемдік сахналарда табысты өнер көрсетіп жүр. Қазақ киногерлері түрлі халықаралық байқауларға қатысып, сарапшылардың жоғары бағасына ие болуда. Елордамызда Дүниежүзілік көшпенділер ойындары табысты өтті. Ақтау қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Рухани мұраларымыз цифрлық форматқа көшіріле бастады. Таяуда ұлтымыздың бір жарым мың ән-күйі мен фольклорлық мұрасы ең танымал халықаралық платформаларға салынды. Төл өнеріміз креативті индустрия арқылы барынша насихатталуда.

Мемлекет басшысы мереке қарсаңында  Бикен Римова атындағы қазақ драма театрына, Алматы қаласындағы Мемлекеттік қуыршақ театрына және Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармонияға академиялық мәртебе беру қажеттігін атап өтті.

—Бүгін ұлттық өнердің майталманы Қайрат Байбосыновқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріледі. Халқымыздың жан-дүниесін айшықтай көрсететін халық өнері әрдайым төрде болуы керек. Бұл марапат – әйгілі әншінің өлшеусіз еңбегі мен ұлттық өнерімізге деген ерекше құрметтің белгісі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қайрат Әукенұлын еліміздің ең жоғары марапты «Қазақстанның Еңбек Ері» атануымен шын жүректен құттықтап, алдағы уақытта да шығармашылық табыс тілейміз!

Сонымен қатар, еңбегіне орай атақ алған мәдениет және өнер қызметкерлерін де құттықтаймыз!

farabishakirti.kz