Димаш Алматыда жанкүйерлерімен кездесті

Фото: Александр Павский/ Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Almaty Arena кешенінде Димаш Құдайберген Қазақстан мен әлемнің түкпір-түкпірінен келген жанкүйерлерімен кездесті.

Бүгін Алматыда «Stranger» концертінің кинотеатрларға шығуына орай ұйымдастырылатын «D and Dears» атты фан-кездесу өтті.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Онда Димаштың жанкүйерлері өнерпазға тікелей сұрақ қойып, оның шығармашылығына арналған шоуды тамашалады.

Сондай-ақ ерекше кеште Сәкен Майғазиев, Sadraddin, Kesh You тобы, Ақбота-Нұр, Ернар Амандық, Дастан Оразбеков және өзге де қазақстандық әншілер өнер көрсетіп жатыр.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

— Бүгін осы жерде кездесіп отырғаныма шексіз қуаныштымын. Сіздердің қолдауларыңыз мен үшін үлкен шабыт. Бұл кеш бәріміз үшін ұмытылмас кеш болатынына сенімдімін. Өздеріңізбен осы сәтті бөлісіп отырған менде арман жоқ, — деді Димаш Құдайберген.

Ұйымдастырушылар мәліметіне сәйкес, фан-кездесуге 8 мыңға жуық адам жиналған.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Еске салайық, 27 мамырдан бастап Астанада өткен «Stranger» шоуы елімізде алғаш рет кинотеатрларда көрсетіледі.

Бұған дейін Димаштың бүгінгі фан-кездесуіне 40-тан астам елден жанкүйерлер келгенін жазғанбыз.

Осы айда Димаш Құдайберген белгілі қазақ ақыны әрі жазушысы, қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі Сәкен Сейфуллиннің әніне түсірілген жаңа бейнебаянның тұсауын кесті.

Досбол Атажан,

https://kaz.inform.kz