Біздің елдің жігіттері

Есенқұл Жақыпбек
Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі,
Солар жайлы ағайын-жұрт, не білесің сен осы?
Олар жайлы айтылмайды биік-биік мінбеден,
Өйткені олар — ақиқат пен шындық сөздің жебесі.
*Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі,
Біздің елдің жігіттері – ұлы мұхит кемесі.
Осы жұрттан бақ пен Қызыр қашпаса екен деп тілеп,
Осал жерін түзеп жүрген біздің елдің шегесі.
*Біздің елдің жігіттері – жігіттердің сырттаны,
Кешегі өткен ақындар мен батырлардың ұрпағы.
Ерте туып, еш заманның маңдайына сыймаған,
Өз елінің ұлтаны мен өз елінің сұлтаны.
*Олар жайлы білгің келсе, ортасына кіріп көр,
Солар жүрген жолдарменен дәтің болса, жүріп көр.
Ерте туып, еш заманның маңдайына сыймаған,
Қайран біздің қасиетті қара нардай жігіттер.