«Халқыма қалтқысыз еттім қызмет»

Молдахмет жырау Дабылұлының термесі
«Халқыма қалтқысыз еттім қызмет
Жырладым туған елдің атырабын,
Сүйемін қасиетті топырағын.
Мен – жылға, халық – теңіз соған қарай,
Құйылып жүрегіммен жатыр ағын.
Еліме жастайымнан еттім қызмет,
Елбеңдеп өз әлімше жасап ізет.
Тисін деп қолғабысым ағайынға,
Ерінбей ертеңді-кеш жүрген біз ек.
Шақырса ел: «Молдахмет жырласын!» деп,
Жүгіріп екі айтқызбай келетін ек.
Қырық жыл халық алдында шырқасам да,
Еңбегім сіңбегендей әлі де көп.
«Батамен көгереді адам» деген,
«Халық айтса қалт айтпайды» соны білем,
Ығында көпшіліктің болып әркез,
Салса да қиындыққа соңына ерем.
Жемісін жұрттың еккен тынбай терем,
Жинаймын сөз мәйегін мәні терең.
Шыққан соң белді буып осы жолға,
Жазғаның пешенеге көре берем.
Жыр жырлап халық алдында создым әуен,
Алдымнан ашылады алтын сәулем.
Алғысын алып әркез жақсылардың,
Көңілім көтерілді болмай тәуен.
Мақамын ата-бабам салып кеткен,
Киелі жыраулардан қалған өткен.
Жиналған қордаланып талай ғасыр,
Жаңғырттым қазынаны тозбай жеткен.
Құйылған күн нұрындай әсерлі әуез,
Көтерді көңілін көптің шалқып әркез.
Желпініп жабырқау жан жадырады,
Құтырып уайымнан болған шәркез.
Қарттардың жастық көңілі келді қайтып,
Шырқатып жібергенде жырымды айтып.
Талайды тамсандырған қоңыр әуен,
Болды риза кемпірлер де бойы балқып.
Құйқылжып көтерілсе құстай ұшып,
Әуенім аспандағы айды құшып.
Тыңдаушым тамсанатын болып риза,
Шайына қант қосқандай ауызы тұшып.
Жастардың бойында қайнап асау қаны,
Мақамның ырғағымен кіріп жаны.
Майысып қыз-келіншек отыратын,
Атқандай ақ жырымен арай таңы.
Жырменен жадырайтын келіп шағы,
Ашылып алдарынан иран бағы.
Көңілдің кірі кетіп қуанбаса,
Қалмайтын ешбір жанның сынып сағы.
Түнімен отыратын жұрт ойын бөлмей,
Ұмытып дүниені есін білмей.
Жұмыстан шаршап келген шаруалар да,
Тыңдайтын жыр мәнерін көзін ілмей.
Қырық жыл дәл осылай келем шырқап,
Көтеріп көңілін көптің жасымнан-ақ.
Халыққа қызмет ету мұратым ед,
Ғибрат алсын деймін келер ұрпақ!»
Сурет: https://syrboyi.kz/