Айтыс – ғасырлар мұрасы

Айтыс – қазақтың ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан асыл мұрасы. Мен де сол мұраны жалғастырушылардың бірімін. Әуелі танысып алайық: менің есімім – Болат. Хан Тәңірі күніне күнмен шағылысып сәлем беретін Нарынқол елді мекенінің баласымын. Он жасымда өзімнің жерлесім Оразалы ағамыз сияқты айтыскер болуды армандадым. Шүкір, қазір сол арманым орындалып келеді десем де болады.

Айтыс бір қараған адамға оңай іс секілді көрінуі мүмкін, мен де солай ойлағанмын. Бірақ айтыс  – домбыра үйреніп, ән айта алсаң, ақын болу деген сөз емес екен. Айтыскер болу деген — күйші болу. Неге десеңіз, айтысып отырғанда ақынның домбырамен шаруасы болмауы керек, алаңдамауы керек. Ойының бәрі құраған өлеңінде болу жөн.

Айтыскер болу деген — әнші болу. Себебі тыңдарман сенің үніңе ұйып тыңдап отыруы керек. Айтыскер болу — емші болу. Неліктен десеңіз, ақын сөзімен халықтың жүрек жарасын емдегенде ғана, ақын.

Өзім айтыс деген ұғымға «ұлы майдан» деген теңеу айтар едім. Бұл өнердің қиыншылығы да жетерлік. Біздің қазақ ақынның айтқан сөзін шындық сөз деп білетін халық қой, шіркін. Сол сенімі зор халық алдында отырғанда ақын жалған ақпарат берсе, барша елді дүрліктіріп, арандатып алуы әбден мүмкін. Сол үшін ақын ауызынан шыққан әрбір сөзіне үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Құдды бір үлкен жорық десе де болады – әр басқан қадамың аңдулы. Осы майданда байқап әрекет жасамасаң, бір-ақ қорғасын түйреп алып кетердей…

Әр нәрсені сөз қыла бермей, өзімнің айтысым жайлы айтайын. Мен қазір оқушылар арасындағы республикалық айтыстарға қатысып жүрмін. Бір айтысқа дайындалудың өзіне ой іздеп, бірнеше кітапты ақтару керек. Және де «Қарсыласқа не айтамын? Қандай сөз халыққа өтеді?» – деп күйзеліске түсіп кеткен кездер де болған. Бірақ мен қанша күйзелсем де, кешегі Құлманбет, Көдек ақындардың жолын жалғап, Оразалы ағамыз сияқты елдің мұңын жырлаған ақын болуға сөз беремін.

Басындағы сұрағыма жауап беретін болсам, айтыс адам денсаулығына зиян емес, өте пайдалы. Әсіресе жастар айтысты кәрілердікі демей, өзіміз заманауи трендке айналдырсақ, еліміздің ертеңі жарқын болары сөзсіз. Төл өнер төбемізде мәңгі жасасын!

АХМЕТ  Болат Қанатұлы,

Абай ұлттық мектебінің 11 сынып оқушысы.

Жетекшісі: Мерзоянова Меруерт Өмірсерікқызы

Алматы