Жерұйық іздеген Кірпі мен Қосаяқ

SONY DSC
Кеңес ОРАЗБЕКҰЛЫ,
Балалар жазушысы. Халықаралық «Дарабоз» сыйлығының иегері
Әлқисса
Балалар, сендер қайда жүрсеңдер де, мейлі, қалада, не ауылда немесе табиғат аясында жүрсіңдер ме, айналаларыңа байыппен қараңдаршы. Үйдің не мектептеріңнің айналасында, көшеде немесе өздерің жүрген табиғат аясында бей-берекет жатқан қоқыс, шашылып жатқан қалдық заттарды байқадыңдар ма? Немесе өздеріңнің құрбы- достарың сондай заттарды кез-келген жерге лақтырып, шашып тастаған болар. Ал ол керексіз заттар мен қоқыстардың айнала ортаға немесе басқа адамдар мен жан-жануарларға, өсімдіктерге зиян-зардабы тиетінін ойлап көрдіңдер ме? Сол жөнінде ойлап көру үшін алдымен сендерге Кірпі мен Қосаяқтың бастан кешкен қызықты оқиғаларын айтып берейін.
Байқұт мекен
Қала түбіндегі көкорай жазықта Кірпі өмір сүретін. Ол бүгін де күндегі әдетімен өзіне тиесілі аумақты шолып шыққан. Мекенін аралап жүргенде таңғы жаймашуақ көңілін күрт құлазытқан жағдай болды. Өзінің күншуақтап демалатын дағдылы мекені – Шетен бұтасының түбіне біреу қоқыс төгіпті. Өткен күні де біреу кітап, газет жыртықтары мен жүн-жұрқа, шүберек қиындыларын төгіп кеткен еді. Бұл жолғысы әк , бояу сияқты құрылыс қалдықтары. Соған қарағанда олар бұл жерді қоқыс төгетін орынға айналдырмақ-ау. Кірпі бір күрсініп, түбіртекке отырды да, түрпі басын қасып ойланып қалды. Дәл алдында кітап парақшасы жатыр екен. Соны алып, жазуларына үңілді.
Кенет бұта түбінен жақын көршісі Қосаяқ шыға келді.
– Әлей болсын! Не істеп отырсың? – деді ол келген бетте жайдары, қошуақ үнмен.
– Кітап оқып отырмын, – деді Кірпі көңілсіз кейіппен.
– Бүгін көңілің жоқ сияқты ғой. Не болған саған?
– Міне, көрмейсің бе, қоқыс тастапты. Бұл жер менің тынығып, дем алатын ең сүйікті мекенім еді. Енді сасық қоқыс төгетін ұсқынсыз жерге айналды.
– Фу-у! – деді Қосаяқ тұмсығын жауып. – Қалай шыдап отырсың? Жүр аулағырақ барайық.
Олар шоқсары, күнекей мен құртқашаш өскен гүлді алаңға келіп, бір түп жаужапырақтың түбіне отырды.
– Иә-ә, күніміз қандай болып бара жатыр, – деді Кірпі күрсініп. – Темір көліктері әрі-бері жүйіткіп, тыныштығымыз кетті, күні-түні демей жүреді. Және қалай болса, солай ойқастайды. Бұл жерде де тіршілік бар-ау. Мұндағы жан-жануарлар мен жәндіктерді, гүлдер мен өсімдіктерді басып, жаншып, таптаймыз-ау деп ойламайды да.
– Иә, несін айтасың, – деді Қосаяқ досын қостап. – Әсіресе әнебір астындағы түтіктерінен шығатын сасық газдары қолқамызды қауып, сезім-жүйкелерімізді құртып болды ғой. Соңғы кездері осы түтіннен аллергиям шығып жүр, – деді жорта күрк-күрк жөтеліп қойып.
– Бұл екі аяқтылар бетімен кетіп барады.
– Кім? Бізді айтып отырсың ба?
– Жоқ-ә! Сенің жазығың не. Анау, темір көлікпен жүретін екі аяқтыларды айтам. Өздерінде мына ана –табиғат алдында жауапкершілік, ұқыптылық, парыз, аманат деген түсініктер болсайшы.
– Баяғы байқұт замандар көзімізден бал-бұл ұшты ғой. Қандай тамаша кезеңдер еді. – деді Қосаяқ тамсанып. – Ол кезде анау темір көліктерің жоқтың қасы. Шу, газ, қоқыс дегендерің түсімізге де кірмейтін. Саф таза ауа, айналамыз жайқалған өсімдіктер мен гүлдер. Жыпырлаған алаңсыз тіршілік. Ертеңіміз не болады деп ойламайтынбыз да.
– Иә, әлемгүлістан бақытты күндер екен ғой сол күндер,– деді Кірпі қолындағы әлгі қағазға үңіліп.
– Онда не жазылған екен?
– «Жерұйық» деген бір мекен жайлы жазыпты.
– «Жерұйық»?! Ол қандай мекен?
– Түсініктемесінде былай депті ғой: «Жерұйық – бұл қой үстіне бозторғай ұялайтын тыныштық пен бейбітшілік, тазалық пен әсемдік, бақуаттылық пен уайым-қайғысыз өмір өз ара үйлесім тапқан жұмақ мекен», – деп.
– Ой, шіркін-ай! – деді Қосаяқ аузынан сілекейі аға жұтынып. – Ол жұмақ мекен қайда екен өзі?
– Білмеймін. Ертеде Асан қайғы деген баба сол мекенді дүние-әлемді шарлап іздепті ғой.
– Тауыпты ма?
– Қайдан! Іздеп-іздеп, таба алмаған күйі өмірден өтіп кетіпті.
– Әттең! Тапқанда ғой!
– Тапқанда, не істер едің?
– Уайым-қайғысыз бақытты өмір сүрер едік. Әй! Сол Жерұйықты екеуміз іздесек қайтеді?!
– Қайдан іздемексің?
– Мына кең әлемді екеуміз аралап, саяхат шегеміз. Жүрген аяққа жөргем ілінер дейді. Бір жерден болмаса бір жерден табылып қалар.
– Сонда мына бауыр басқан жерімізді қиып тастап кете береміз бе?
Дәл осы кезде біреу келді де, олардың тұсына бір шелек жуындыны «лоқ» еткізіп төгіп жіберді.
– Әне! – деді Қосаяқ үстін қағып-сілкіп. – Қимайтындай, енді мұнда не дүниең қалды?!
Кірпі де үстін қағып-сілкінді.
– Кеттік! – деді ол бір батыл шешімге келіп. – Несі бар, есесіне ел, жер көреміз.
– Міне , жігіт, достық деп осыны айт! – деп риза болған Қосаяқ оны құшақтай алып еді, қолына тікен-түрпілері кіріп, шоршып түсті.
– Әзіліңе болайын сенің! – деді қолын ауырсынып.
– Абайламайсың ба?! – деді Кірпі кеңк-кеңк күліп.
Сөйтіп, екеуі жолға жиналды.
Бөденемен қоңсы тұрғанда
Көп жүрді ме, аз жүрді ме, Кірпі мен Қосаяқ кең жазиралы шалғынға аяқ іліктіріп бір-ақ тоқтады. Мұндағы сонау көкжиекке дейін созылған бетеге, бидайық, киікоты, жоңышқа, мия сияқты жұпар иісті шөптерден тұратын жасыл-ала шалғын-теңіз көз қуантады,
– Ой, қандай тамаша жер! – деді қатты әсерленген Қосаяқ Кірпіге қарап. Кейін тұмсығымен айналасын иіскелеп. – М-м-м! Хош иістері қандай! Кірпі, Кірпі, сен де иіскеші, ішпей-жемей мас боласың.
Кірпі де тұмсығын созып иіскеп:
– Иә, жұпар аңқыған тамаша өлке. Бұл жердің иелері қайда екен?
– Кәне, жүре берейікші, алдымыздан кездесер. Бұл жердің шалқып жатқанына қарағанда, иелері де аюдан үлкен алып шығар, – деп секіріп секектеп келе жатып, бір жұмсақ нәрсенің үстіне былқ ете қалғаны.
– Ойбай! Өлтіреді ме, мұнысы несі! – деп, шалғын арасындағы ұясында жатқан Бөдене үстіндегі Қосаяқты қанатымен қағып жіберді.
– Әй, сен не мені… Қанатыңмен қағатындай кім едің сонша, жолымды бөгеп?! – деп Қосаяқ кеудесін керіп еді, Бөдене:
– Кең даладан жол таппай өзің емес пе менің үстіме қарғыған! О несі ей?! Құр бекерге қоқыраймай, көзіңе қарап жүр.
Қосаяқ тағы бір нәрсе айтуға оқталып:
– Өс-өс!.. – дей беріп еді, Кірпі оны кеудесінен итеріп:
– Біз шалғынның арасынан сені байқамай қалдық, Бөдене. Сенің шырқыңды бұзғанымыз үшін кешірім сұраймыз, – деп, серігі үшін өзі кешірім сұрады.
– Иә, сөйтсеңдерші, айналайындар-ау, кеуде керіп қоқыраңдай бермей.
– Кім, қоқыраяды, әй! – деп, Қосаяқ тағы ентелей беріп еді, Кірпі күліп:
– Оның сөзін ауыр алып қалма, Бөдене. Мына таза ауадан масайып қалған түрі ғой. Газды ауадан шыққан жоқ па бұл бейбақ. Қазір сабасына түседі өзі, – деді серігіне қарап.
– Е, бәсе! Қайдан келесіңдер?
– Біз екеуміз «Жерұйық» іздеп сапар шегіп келе жатқан бетіміз еді. Мына жердің ұйысқан келбетіне қарап, іздеген жеріміз осы-ау деп, ой түйіп келеміз.
– Басқаларға қайдам. Өзім осы жердің иесі ретінде ес білгелі…
– Хм!.. – деп Қосаяқ шыдай алмай ішегі қата күліп жіберді. Бөдене оған есі дұрыс па дегендей көзін аларта қарап тұр еді, Кірпі:
– Бұл әлгінде келе жатқанда мына жердің кеңдігіне қарап, иесі де сондай алып дәу шығар деп ойлаған, сол ойына күліп жатқаны ғой, – деді серігінің қылығын тағы жуып-шайып.
– Кешір, Бөдене, сөзіңді бөліп жібердім, – деді Қосаяқ сабасына түсіп.– Иә, тыңдап тұрмыз, айта бер.
– Ес білгелі осы жерде тұрып, балапан өрбіткендіктен бе, бұл жер мен үшін «Жерұйықтай» көрінеді.
– Онда біз көрші қонсақ бола ма?
– Е, Алланың кең жерін қызғанам ба, қаласаңдар, көрші қонып тұра беріңдер,– деді айналасын нұсқап көрсетіп. – Қосекеңдей көңілді көрші бізге де қажет болып тұр еді, – деді есе қайтара «мырс» етіп.
Қосаяқ жымың-жымың етіп үндемеді.
Сөйтіп, олар сол арадан көп ұзамай ін қазып, Бөденемен араласып-құраласып тұрып жатты. Дегенімен осылай жанба-жан тұрып жатқан көңілді, мамыражай күндері ұзаққа бармады. Олардың шырқы көп өтпей бұзылды. Екі аяқтылар бірнеше көлікпен бұл жерге де келіп, үш-төрт шатыр тігіп, бекем орналасып алды. Күні бойы секіріп ойнағандары жетпей, түнде де ырду-дырду ән айтып, би билеп, айнала төңіректің мазасын алды. Көршілер оған да көндіге бастап еді, екі аяқтылар енді айнала атырапқа шашып қоқыс тастайтынды шығарды. Ол қоқыстары күн өткен сайын иістеніп, баяғы таза ауа да бал-бұл ұшты.
– Қандай мәдениетсіз, ұқыпсыз жандар еді, – деді Кірпі басын шайқап. – Олардың ақыл-саналары бізден артық деуші еді, мен соған шүбәләнам.
– Шүбәң орынды, – деді Қосаяқ. – Олардың бастарын есірік құрт меңдеп алған. Сол жегі құрт мыйларын кеміріп, ақыл-естерін азайтып жатса керек.
– Ой, қорқам, – деді Бөдене жыламсырап. – Балапан басып шығарып жатыр едім. Бір күні сол балапандарымды мыналар басып , жаншып тастамаса деп үрейленем.
Келесі күні сол Бөдененің шыр-шыр еткеніне екі дос жүгіріп барған.
– Әне, қараңдаршы, – деді Бөдене жерге шашылып жатқан шиша сынықтарын көрсетіп. – Олар әлгінде ғана су ішкен шөлмектерін тасқа ұрып сындырып кетті. Енді менің балапандарымның күні не болады? Аяқтарына кіріп, жарақаттамаса игі еді.
– Бөдеке, – деді Қосаяқ оған жаны аши қарап. – Бұл жердің де берекесі кетті. Біз Кірпі екеуміз әлгінде шешімге келіп, «Жерұйқты» басқа жерден іздемек болып келісіп едік. Бізбен бірге серік болып жүр.
– Ниетіңе рақмет, Қосеке, – деді Бөдене. – Мен осы жерге бауыр басып қалған едім. Оның үстіне мына балапандарымды шығардым. Жылы ұямды тастауға қимаймын, «Басқа түссе баспақшыл» дейді. Болған іске болаттай болып көндігіп кетерміз. Ақыры жолға жиналған екенсіңдер, алдарыңды бөгемейін.
– Өзің де уайымдай берме, Бөдене, – деді Кірпі. – Қазір біз Қосаяқ екеуміз бұл шишаларды топырақпен көміп тастаймыз, – деді де, екеуі бірден іске кірісіп, айнала жерді қазып, соның топырағымен шөлмек сынықтарын көміп тастады.
– Ой, сабаздар! Төбелеріңе нұр жаусын! – деді Бөдене қуанып. – Көп рақмет! Өздеріңнің де жолдарың болсын!
– Айтсын! – деді Кірпі мен Қосаяқ. Артынша:
– Қош, аман бол! – деп екеуі Бөденемен қимай қайырласты да, жолқапшықтарын асынып алып, жолға жиналды.
Дария бойында
Кірпі мен Қосаяқ тағы сапарға шықты. Мақсаттары, адам аяғы баспаған, жері нәр, шөбі шүйгін, ауасы бал, аңызға айналған «Жерұйықты» іздеп тауып, қоныстану. Сонымен олар көп жүрді ме, аз жүрді ме – күндердің күнінде бір кең арналы дарияның бойындағы ну жынысты тоғайдың шетіне аяқ іліктірді. Жыңғыл, тораңғы, шеңгел, жиде және тағы басқа жасыл желек аралас өсіп, көпшілігі гүл жарып, қызыл, сары, көк түстерімен астаса кілемдей құлпырған, айнала төңірекке жұпарын шашып тұрған кезі еді.
– Ой, мына өлке екі аяқтылардың «жұмақтың төріндей» дейтін мекеннің нағыз өзі ғой! Ала-қа-қай!!! Іздеген «Жерұйығымыз» табыл-ды! – деп, бір-екі рет көкке атқи секірген Қосаяқ қуанғаннан Кірпіні қаусыра құшақтай алды да, қолдарын ауырсынып, тартып алды.
— Уай! Үсті-басың толған неткен түрпі! Тіпті, қуанышты да бөлісуге жарамайсың! – деді кейіп.
Кірпі ішін басып тұрып күліп алды:
— Абайламайсың ба? Кел, менің қойныма кір!
– Неге?!
– Енді қуанышымызды бөліспейміз бе?
Қосаяқ оның қойнына кірді де, қайта жадырап:
— Пәлі, қойның неткен жұмсақ, неткен жылы! Кәдімгі анамның құшағында жатқандай болдым ғой, — деп, риза болып қалды.
– Иә, айтсаң айтқандай, екі аяқтылардың табаны тимеген тың, жынысты жер екен, — деді Кірпі дария жағасындағы жасыл құрақты алаңқайда тұрып. – Айнала төңірегіміз ну тоғай, бір құбыламыз шалқыған дария. «Жерұйық» десе дегендей. Енді бұл жерді қоныстанса болады.
– Онда анау дөңеске барып тізе бүгіп, ас-судың қамына кірісейік. Сен мынаны алып, дастарқан мәзірін жасай бер, — деп, Қосаяқ қолындағы түйіншекті Кірпіге ұстатты. – Мен дариядан су әкелейін.
– Иә, сөйт, — Кірпі жасыл дөңге жайғасып, дастарқанды жайымен қамдап жатқан. Кенет, дария жақтан Қосаяқтың:
— Уа-а, албасты! – деген оқыс даусын естіп, елеңдей қалды. – Кірпі, мұнда кел!
– Тағы не боп қалды?! – Кірпі екі өкпесін қолына алып, жетіп барды.
– Мына бадырақкөзді қара! – деді алдындағы көздері тостағандай Бақаны көрсетіп. – Бір секірсем, аяғым «былш» ете қалды. Сөйтсем, шөп арасында жатқан мынау.
– Әй, үстіме «бақ» еткізіп баса-көктеп секіргенімен қоймай, «мынау-мынау» деп қоқаңдаған сен кімсің өзі?! – Бақа екі қолын бүйіріне таяп, жетіп барып, Қосаяқты қарнымен бір сүзді.- Жай жатқан мені майып қыла жаздадың ғой!
– Әне, мынаның қоқаңдағанын көрдің бе?!
– Тоқтаңдар түге! – деді Кірпі екеуіне ара түсіп. – Сабыр,сабыр, айналайындар. – Бақаға қарап. – Сіз кім боласыз?
– Мен – Бақамын. Осы жердің жергілікті тұрғынымын. Ал, баса-көктеген сіздер кімдерсіздер?
– Ғапу өтінеміз. Мен – Кірпімін. Ал мына серігім – Қосаяқ. Біз түпкілікті қоныс – «Жерұйық» іздеп сапарлап жүріп, сіздің қонысқа тап болыппыз. Яғни, құдайы қонағыңызбыз.
– Ә-ә, құдайы қонақ болсаңыздар, төрлетіңіздер. Жеріміз де, суымыз да, көңіліміз де – кең. Алдымен солай демейсіздер ме.
– Енді, солай болып қалды, — деді Қосаяқ басын қасып қыбыжықтап. – «Басы қатты болса, аяғы тәтті болады» деген. Кәне, ыстық ықыласпен қол алысайық!
Екеуі кезегімен Бақаның қолын алып шығады.
– Қонағым болыңыздар. Ұнаса – қалыңыздар. Құдайы көрші де болайық.
– Кең пейіліңізге бек рақмет!
– Олай болса, біз де жайғаса беруімізге болады ғой?
– Әрине!
***
Ертесіне күн ысып кетті.
– Ой, пысынап кеттік қой! – деді Қосаяқ серіктеріне қарап. – Суға түсіп алсақ қайтеді?
– Мархабат, жүріңіздер.
Үшеуі дарияның жағасына келді.
– Ой, мына шүпірлеген қап-қара бәлелер немене?! – деді Қосаяқ жағаға үймелеген итбалықтарды көрсетіп.
– Бұлар – менің балаларым ғой.
– Масқара! Бұлар бізді талап тастамай ма?
– Қорықпаңдар, — деп күлді Бақа. – Бұлардың ешкімге зияны жоқ. Суға беймарал түсе беріңіздер, — деді де өзі суға «шолп» етіп сүңгіп кетті.
– Қарашы, өзі керемет сүңгиді екен! – деп басын шайқады Қосаяқ.
Өзі ұзын сирақтарымен суды кешіп барып, құлаштап жүзе жөнелді. Кірпі де соның артынан еріңкіреп барып, кері бұрылды да, арқасымен «шолп» етіп, су бетінде қалқи жөнелді.
– Ха-ха-ха! – деп күлді Қосаяқ судан басын қылтитып. – Сен де керемет жүзеді екенсің ғой!
– Әркімнің өзгеге ұқсамайтын ерекшелігі болуы керек! – деді Кірпі басын көтере маңғазданып
***
Күндердің күнінде итбалықтардың бәріне аяқ бітіп, құртымдай- құртымдай бақа болып, тырбаңдап секіріп, жағаға өріп шықты.
Соларды көріп, Қосаяқтың көзі шарасынан шыға жаздады.
– Ұқсамасаң тумағыр! – деді олардың жан-жаққа тарап бара жатқанын бақылап тұрып. – Бәрі енелерінен аумай қалыпты. Енелеріне ұқсаса ұқсасын-ау, мына қаптаған түрлерімен біздің қонысымызды тарылтпаса жарар еді.
– Қорықпа, — деді Кірпі күліп. – Бақа көршіміз айтпақшы, жер де, су да — кең ғой, тек көңіл кең болсын деңіз. Сиямыз.
Олардың жанына Бақа келді жайраң қағып:
— Менің өрістеген балаларымды көрдіңдер ме? – деді риза кейіппен. – Ата-енелеріне салмақ салмай-ақ бәрі өз күндерін өздері көріп кетті. Енді әр қайсысына өмір берсін деңіз.
– Иә, өмір берсін! – деді Кірпі басын изеп.
– Өз күндерін өздері көретіндеріне мен де риза болып тұрмын, — деді Қосаяқ шынын айтып. – Кейбіреулердің балалары ер жеткендеріне қарамай, ата-аналарына жармасып алады ғой.
– Иә, бұл өмірде ондайлар да бар, — деді Кірпі оны қостап.
***
Күн шайдай ашық сондай жадыраған күндердің бірінде дария жағасына төрт дөңгелекті екі көлік келіп тоқтады. Олардан әйелі, ері аралас бірнеше екі аяқтылар топ-топ етіп түсе қалды. Олар келе алаңқайға екі шатыр тігіп, жағалау ағаштарын сындырып, лаулатып от жақты. Даусын айналаға жаңғырта музыка қойып, бәрі жабыла айқайласып, балауса шалғындарды жапыра доп тепті. Біршамадан кейін дария үстіне «гүрс-гүрс» еткізіп, дүние әлемді төңкеріп тастардай атқылатып, жарылғыштарын лақтырды. Олар су бетіне қалқып шыққан ірілі-ұсақты балықтардың тек ірілерін ғана іріктеп жинады. Қалғанын рәсуә етіп қырғанымен қоймай, жиған балықтарының да көбін жағалауға сасытып тастады. Келесі күні де мылтықтарын тарс-тұрс еткізіп, жағалаудағы құстарды атып, олардың ұяда жатқан сары тұмсық балапандарын шиқылдатып жетім қалдырды.
Қойшы әйтеуір мұнда келгелі бері екі аяқтылардың істемегені жоқ.
Оған дейін жағалауда мамыражай тұрып жатқан Кірпі, Қосаяқ, Бақалардың да шырқы бұзылды. Екі аяқтылардың аяғына тапталып қалмаймыз ба деп мазаланғандары өз алдына. Олардың сындырып лақтырып тастаған шөлмек, қалбыр, иістенген салафан, тамақ қалдықтары және тағы басқа қоқыстарынан аяқ алып жүре алмай қалды. Бірде бір аяғын көтере секіріп, шиқылдай безілдеп Қосаяқ жетті.
– Ай-ай, аяғымды кесіп алғанымды қарашы! – деді жыламсырап.
– Абайлап жүрмейсің бе?
– Мен сорлы жүргенде аттап секіремін ғой. Бір қарғығанда сынған шишаға дөп түскенім. Мұндайда қалайша абайларсың?!
– Е-е, «басқа түссе баспақшыл» деген, аяғың сынбай аман қалғанына шүкір дегін…
Дәл осы кезде еңіреп Бақа келді.
– Сен де аяғыңды жарақаттап алдың ба?
— Оның жарасы жеңіл, Қосеке! Бірнеше балапанымнан айырылып сорлап келіп отырмын!
– Қалайша?!
— Ана екі аяқтылар таптап, жаншып тастапты, «бақ-бақ!» — деп аңырап, екі көзінен жасын сорғалатты.
– Сабыр, сабыр, Бәке! Қалғандары аман болсын! – деп екеуі оны жұбатып әлек.
***
Келесі күні Кірпі мен Қосаяқ Бақаның жанына келді.
– Біз «Жерұйық» іздеп, жолға жиналдық, Бәке. Бізбен серік болып жүрсейші. Жер, ел көресің, көңілің сергиді.
– Е-е, тілектеріңе рақмет! Мен осында туып-өстім, бала өрбітіп отырмын. Оларды тастап қайда барамын? Өздеріңе жол берсін! Сапарларың сәтті болсын!
– Рақмет! Екеуміз бірігіп қазған анау інімізді балаларың паналасын, — деп, екеуі Бақамен қимай айырылысты.
Олар осылайша белгісіз тарапқа тағы жол тартты. Қайдам, адам аяғы баспаған «Жерұйықты» іздеп таба алар ма екен. Дегенімен, «үмітсіз шайтан» деген, біз де оларға сәт сапар тілейік.





