Шынайы достықтың бағасы

Шынайы достықтың бағасы
Адам өмірінде достықтың орны ерекше. Әркімнің жанында сырын бөлісетін, қуанышын бірге көтеретін, қиын сәтте қолдау көрсететін адамның болуы – үлкен бақыт. Бірақ достың бәрі бірдей болмайтынын өмірдің өзі дәлелдейді. Бірі уақытша араласады, бірі тек қуанышыңда ғана қасыңда болады, енді біреуі пайдасы үшін жақындайды. Ал ең сирек кездесетіні – шынайы, адал дос.
Кей адамдар достықты бала күннен басталған қарым-қатынаспен өлшейді. «Бала күнгі дос ең сенімді» немесе «орта жолдан қосылған достарға сенім жоқ» деген түсінік жиі айтылады. Алайда достықты танысқан уақытпен емес, адамның мінезімен, адалдығымен, қиындықтағы әрекетімен бағалаған дұрыс. Бала күнгі досың да қажет кезде жанында болмауы мүмкін, ал кеше ғана танысқан адам бүгінгі сынақта бірінші болып қолдау көрсетуі мүмкін. Сондықтан шынайы дос қашан танысқаныңда емес, қиын уақытта кімнің шынымен жаныңда қалғанымен анықталады.
Өмірде адамның шынайы табиғаты қиын сәтте көрінеді. Барлығы жақсы болып тұрған кезде саған күліп жүретіндер көп. Бірақ іс қиынға тірелгенде, түсінбей сырт айналатындар да табылады. Сол кезде кімнің саған жанашыр екенін, кімнің шын қуанып, шын уайымдайтынын анық байқайсың. Шынайы дос сенің табысыңа қуана алады, қызғанбайды, бәсекелеспейді, біреудің сөзін тыңдап, саған қарсы шықпайды. Егер қателік жасасаң, сыртқа жария етпей, жаныңды жараламай, дұрыс жолды көрсетеді. Сырыңды сақтайды, сеніміңді ақтайды, өз пайдасы үшін пайдаланып кетпейді. Достық дегеннің бар қасиеті – сенім мен адалдық.
Адамды биікке де, төменге де апаратын – оның ортасы. Қандай ортада жүргенің, кіммен араласатының сенің болашағыңа тікелей әсер етеді. Нашар орта оңайлықпен байқалмайды: олар сені әңгімемен, әдетпен, уақытпен, оймен бірте-бірте өзгертуі мүмкін. Жаман орта адамды теріс әрекеттерге итермелеп, мақсаты мен арманына бөгет болады, өзіне деген сенімін азайтады. Көңіл-күйді түсіріп, өмірін шатастырып жіберуі мүмкін. Сондықтан өз ортаңды таңдау – өміріңді таңдау деген сөз. Жаныңда кімнің жүргеніне, олардың саған қалай әсер етіп жүргеніне көңіл бөлу – өзін құрметтеудің белгісі.
Жақсы дос өмірді жеңілдетеді. Ол сенің құлауыңа емес, көтерілуіңе себеп болады. Сені жақсы болуға итермелейді, арманға жетуге шабыт береді. Жақсы достың жанында сен өзіңді еркін сезінесің, артық сөзден қорықпайсың, қателгіңді жасырмайсын. Оның энергиясы да, ойы да, кеңесі де сені алға жетелейді. Сондықтан шынайы досы бар адам ешқашан жалғыз емес.
Дос таңдау – аса жауапты шешім. Себебі адам уақыт өте келе кіммен көп араласса, соған ұқсай бастайды. Сондықтан достықты жеңіл қабылдауға болмайды. Әр адамның сөзінен емес, ісінен, әдемі уәдесінен емес, нақты әрекетінен, уақытша көңілінен емес, тұрақты мінезінен байқау керек. Өмір бойы қасыңда қалып, сені түсініп, құрметтеп жүретін адам біреу-ақ болуы мүмкін. Бірақ дәл сондай дос – мың адамнан артық.
Қорытындылай айтқанда, шынайы дос – өмірдің ең қымбат сыйы. Оны кездестірсең, бағала. Ал нашар ортаның зиянын уақытында аңғарып, алыстау – өзіңе жасаған жақсылығың. Өмір бойы жанында жүретін адамдар көп емес, бірақ жүрегіңде бір адал дос болса – сен ешқашан жалғыз емессің.
Айзат БАҚБЕРГЕН,
Ұ.Бағаев атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы,
Алматы облысы, Кеген ауданы, Алғабас ауылы.
Республикалық Farabi shakirti журналы мен
www.farabishakirti.kz желілік-басылым сайтының
Жас тілшісі
Жетекшіісі: БЕКБАТЫРОВА Бекзат Оразханқызы
Тақырыптың суреті: әлеуметтік желіден алынды.





