ҚАЗҰУ – Әлемдік білім кеңістігіндегі көшбасшы Университет

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздің жоғары білім мен ғылым саласының биік брендіне айналған, әлемдік академиялық аренада лайықты орнын алған жетекші университет. Өзінің 90 жылға жуық тарихында ҚазҰУ Қазақстанның ғылыми-педагогикалық интеллигенциясын қалыптастырып, мыңдаған кәсіби маман дайындап, білім мен ғылым интеграциясының үздік моделін жасай алды. Университетте жалпы саны 18 студенттер үйі бар. ЖОО базасында 30-ға жуық зертхана ашылған, ғалымдар үйі бой көтерген. Оқытушылар мен студенттерді халықаралық ғылыми қызметке тарту – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың мықты жақтарының бірі. Біздің ғалымдар Horizon Europe, ERASMUS+, DAAD, OSCE, Америкалық білім беру және зерттеу орталығы, БҰҰ, ЮНЕСКО, Францияның Сефасиль Қоры, Қытай Ғылым академиясының халықаралық гранттары мен зерттеулеріне белсенді қатысады, жетекші шетелдік университеттер мен ғылыми орталықтардың гранттары бойынша ғылыми жұмыстар жүргізеді. Университет жыл сайын ондаған халықаралық ғылыми жобаларды үйлестіреді және қатысады. Қалашықта 15 факультет, спорт кешені, 300 орындық интернет-кафе бар. ҚазҰУ аймағында тегін Wi-Fi желісі бар. Мұнда білім алатын әрбір студент жеке құпия сөзі мен логині арқылы желіні қалауынша пайдалана алады.
Қазіргі таңда университет Орталық Азиядағы ең серпінді дамушы оқу орындарының бірі саналады және халықаралық QS рейтингінде әлемнің алғашқы 200–300 университетінің қатарында. Университеттің білім алушылары академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысады. Соңғы үш жылда бұл мүмкіндікті Ресейде, АҚШ-та, Еуропа елдерінде (Ұлыбритания, Австрия, Германия, Франция, Испания, Италия, Польша, Нидерланды, Венгрия, Эстония, Швейцария, Португалия), Азияда (ҚХР, Корея, Малайзия, Жапония, Түркия), Таяу Шығыста (Иордания, Пәкістан) және т.б. бакалавриатта оқитын 250-ден астам студент және 1500 магистрант пен 750 докторант пайдаланған.
ҚазҰУ-нің негізгі миссиясы – ұлттық интеллектуалды әлеуетті арттыру, елге білімді, креативті, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары мамандар даярлау, ғылымды қоғам сұранысына бейімдей отырып инновациялық орталық құру. Университеттің стратегиялық дамуы жаһандық үрдістерге, академиялық инновацияларға, үздік халықаралық тәжірибелерге негізделген.
ҚазҰУ құрылымындағы ең беделді факультеттердің бірі – «Философия және саясаттану» факультеті. Бұл факультет қоғамды тану ғылымдарының ядросы іспетті; мұнда қоғамдық ойды дамытатын, саяси талдау жасайтын, заманауи педагогикалық
парадигмаларды қалыптастыратын ғылыми мектептер тоғысқан. Факультет 50-ден аса ірі
халықаралық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнатқан. Философия және саясаттану факультеті 62 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар дайындайды, Ресейдің жетекші университеттерімен бірге қосдипломды білім беру бағдарламасын, шетелдің алдыңғы қатарлы оқу орындарымен бірге білім беру бағдарламаларын жүзеге
асырады. Үш тілде білім береді. Факультет құрамындағы 6 кафедрадағы белгілі ғалымдар, тамаша педагогтар таңдаған мамандықтарыңызды жан-жақты меңгеруге, университет қауымдастығына тиесілі екендігімізді сезінуге көмектеседі.
Факультет қабырғасында болашақ саясаттанушылар, философтар, психологтар, әлеуметтік педагогтер және әлеуметтік сала мамандары жоғары кәсіби дайындықтан өтеді. Студенттер мен магистранттар тек теорияны меңгеріп қана қоймай, әлеуметтік зерттеулер жүргізу, аналитикалық есептер дайындау, ғылыми жобаларға қатысу, практикалық дағдыларды игеру мүмкіндігіне ие.
Мен білім алып жатқан «Педагогика және білім беру менеджменті» кафедрасы – елімізде педагогикалық ғылымды дамытатын іргелі орталықтардың бірі. Бұл кафедра Қазақстандағы білім беру жүйесін жаңғырту процесінің ғылыми-әдістемелік негізін қалыптастыруға атсалысып келеді.
Әлеуметтік педагогика мамандығы осы кафедраның маңызды бағыттарының бірі. Қазіргі қоғамда әлеуметтік педагог — тек мектеп немесе әлеуметтік мекеме маманы емес, ол қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ететін, бала құқықтарын қорғаумен айналысатын, әлеуметтік саясаттың жүзеге асуына ықпал ететін кәсіби тұлға.
Әлеуметтік педагогика саласында магистратурада оқу – бұл ғылыми ізденісті, аналитикалық ойлауды және практикалық жұмысты қатар алып жүретін маңызды кезең.
Бұл мамандықтың маңызы:
- қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік мәселелеріне талдау жасау;
- балалар мен жасөспірімдердің құқықтарын қорғау;
- әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру;
- қиын жағдайға тап болған отбасылармен кәсіби жұмыс жүргізу;
- инклюзивті және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру.
Бүгінде әлеуметтік педагогтың қызметі тек мектеппен шектелмейді. Бұл – әлеуметтік қызметтер, үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары мен зерттеу орталықтары қамтитын кең ауқымды кәсіби кеңістік. ҚазҰУ осы салада халықаралық стандарттарға сай білім беру бағдарламаларын ұсынады. Оқу барысында заманауи әлеуметтік-педагогикалық әдістер, жобалық менеджмент, білім берудегі саясат, бала құқықтарын қорғау жүйесі, ғылыми зерттеу әдіснамасы, әлеуметтік диагностика терең меңгеріледі. Дәлірек айтқанда, білім бағдарламасының мазмұнында білім алушылардың дүниетанымын кеңейтуге бағытталған пәндер көп. Мәселен, студенттерді әлемдік педагогикалық тәжірибелермен, халықаралық әлеуметтік қызмет модельдерімен және шет елдік білім беру жүйелерінің ерекшелігімен таныстырады «Шет ел», әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарға көмек көрсетуге бағытталған «Дағдарыс орталығындағы әлеуметтік-педагогикалық жұмыс», болашақ оқытушылар жоғары оқу орнындағы білім беру ерекшеліктері мен педагогикалық процестерді меңгеру мақсатында «Жоғары мектеп педагогикасы», оқу бағдарламаларын әзірлеу, оқу нәтижелерін жоспарлау және білім стандарттарына сәйкестендіру дағдылары дамытатын «Бакалавриат білім беру бағдарламасын жобалау», білім саласындағы басқарушылық процестер, әлеуметтік менеджмент және жүйелік тәсілдер қарастырылатын «Білім беру жүйесіндегі әлеуметтік басқару» сияқты қызықты пәндер оқытылады. Бұл пәндер кешені — болашақ әлеуметтік педагогтар мен білім беру менеджерлерін жан-жақты даярлайтын, теория мен практиканы ұштастырған мазмұнды бағдарлама. Сонымен бірге пәндерді кафедраның тәжірибелі оқытушылары заманауи педагогикалық технологияларды қолдана отырып, оқытады. Әрбір курста теориялық білім тәжірибемен ұштасып, сабақтар студенттердің қызығушылығын арттыратын инновациялық форматта өткізіледі. Оқытушылар жүргізетін әр пән студенттің кәсіби тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді және олардың еңбек нарығында сұранысқа ие болуына жол ашады. Оқытушылар оқу процесін тиімді ұйымдастыру үшін: интерактивті әдістерді (топтық жұмыс, пікірталас, рөлдік ойындар, кейс-стади), ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (онлайн платформалар, цифрлық симуляциялар, Padlet, Mentimeter, Kahoot сияқты құралдар), жағдаяттық модельдеулерді (дағдарыс орталығының жұмысына ұқсас тренингтер, патронаждық жағдайларды имитациялау), практикалық тренингтер мен шеберлік сабақтарын, бейінді мамандардың қатысуымен өткізілетін ашық дәрістерді, жобалық және зерттеушілік оқу форматтарын кеңінен қолданады.
Әлеуметтік педагогика мамандығында магистратурада оқу — мен үшін тек кәсіби таңдау емес, бұл қоғамға қызмет етуге бағытталған миссия, ғылыми ізденіске ашылған жол, тұлғалық әрі интеллектуалдық дамуды қамтамасыз ететін маңызды кезең. Ал, ҚазҰУ – өз саласында көшбасшы болуға, ойы жүйрік, кәсіби мықты маман болуға мүмкіндік беретін үлкен мектеп.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің
Әлеуметтік педагогика мамандығы бойынша
2 курс магистранты
БАЛМАГАМБЕТ Жансая,
Суреттер: https://dknews.kz/
https://yandex.kz/ ашық дереккөзінен алынды.





