Тәуелсіздік — бақытымның бастауы


Қастерлі ел Тәуелсіздігінің 34 жыл толуына орай Тастұмсық ауылдық кітапханасы мен Олег Кошевой атындағы жалпы білім беретін білім мекемесі бірлесіп, «Тәуелсіздік — бақытымның бастауы» патриоттық сағат ұйымдастырды.
Іс-шараға » ҚР Білім беру саласының құрметті қызметкері», М. Лермонтов атындағы жалпы білім беретін білім мекемесінің оқу ісі меңгерушісі Ажаргүл Ережепова, Түлкібас аудандық аналар кеңесінің мүшесі Умрай Ирсалиева қатысты. А. Ережепова — кешегі ызғарлы желтоқсан жаңғырығын көзбен көрген ауылымыздың мақтанышы. Аяулы ұстаздың өмір жолы көпке үлгі. Олег Кошевой атындағы білім мекемесінің директоры Б.Исламкулов іс-шарада сөз алып:
—Азаттықтың құнын сәт сайын білуді қажет етеді. Бізге арайлы еркіндіктің ақ таңы оңай келмеді. Үш жүз бодандықтан кейін еркіндікке қол жетті. Елдің талай асылдары бостандық үшін құрбан болды. Ортамыздағы Ажаргүл Шүкірқызындай ұлттың ертеңіне бей-жай қарамаған қазақтың айбынды ұлдары мен қыздарының ерлігі арқасында жеткен бұл бостандық таңы бәрінен қымбат,-
деп көпшілікті елдің азат күнін жақындатқан жандарды ұмытпауға шақырды. Қиын кезде ұлт намысы жолында алаңға ойланбай шыққан Ажаргүл Ережепова апайымыз оқырмандармен емен-жарқын сұқбат құрды.
Қаһарман жан:
—Бұл тәуелсіздік — бәрінен бағалы, бәрінен жоғары бәрінен асқақ. Бұл — бағымыз. Оңай келмеді. Талайлардың жаны осы жолда қиылды. Қыршын кетті. Тәуелсіздікке тәу ету дегеніміз — отаншыл ұрпақтың туған тілі мен ділін білуі, ұмытпауы, тарихын ұлықтауы. Расында, бұл келешек ұрпақ борышы. Өз бақыттарыңыздың құнын біліп, Отан алдындағы борыштарыңызды ұмытпаңыздар!- деп мектеп оқушыларын туған жерін сүю, табиғатын аялау әрбір қазақстан азаматының алдындағы иіндет екенін атап өтті.
Ол оқырмандарға өзінің балалық шағы, бала арманы, ұлттық намыс пен ар, ұлағатты ұстаздық жолы жайында тағылымды
ойларын ортаға салды. Оқырмандар «Желтоқсан желі», «Мен қазақ қыздарына қайран қалам», «Тәуелсіз елім — Қазақстаным» атты әндерді хормен шырқап, елдікке толы Тәуелсіздік толғауларын жатқа оқып берді.
М. Лермонтов атындағы жалпы білім беретін білім мекемесінің кітапханашысы Маргүл Бекетбаева «Жадымызда сақталған Желтоқсан», Олег Кошевой атындағы жалпы білім беретін білім мекемесінің кітапханашысы Тамаша Османова «Тәуелсіздіктің ақ таңы: Жетістіктер мен мақсаттар» атты ой-толғамдарын оқып, оқырмандарға ой-толғам жұмысы негізінде сауалдар таратты. Тастұмсық ауылдық кітапханасының кітапханашысы Топанбай Мейірхан «Елдік пен өрліктің арқасында қол жеткен қастерлі Тәуелсіздік» атты баяндама жасап, желтоқсанда ерлік көрсеткен жастардың есімін атап, рухы
алдында бас иді. Іс-шара «Тәуелсіздік — бақытымсың еңселі» атты кітап көрмесін тамашалаумен қортындыланды. Қадірлі қонағымыз руханият шырақшыларына жылы ықыласын білдіріп, білім мекемесінің ұжымы мен жалынды жас ұрпаққа өз алғысын білдірді.
ТОПАНБАЙ Мейірхан Мейрамбекұлы,
Түлкібас аудандық орталықтандырылға кітапханалар жүйесі
Тастұмсық ауылдық кітапханасының кітапханашысы,
Ф.ғ.к.аға оқытушы Кайырбекова Ұ. С.
Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің
«қазақ тілі мен әдебиеті» білім бағдарламасының магистранты





