Қазақ сатирасының бүгінгі жайы

Қазақ сатирасы – күлкі арқылы қоғамның дертін емдейтін рухани дәрі. Бір кездері «Ара», «Балға» деген басылымдар, «Шаншар», «Тамаша” сияқты сатиралық театр қойылымдары елдің көңілін көтеріп қана қоймай, ойландырып, билік пен халық арасындағы ашық әңгімеге жол ашқан еді. Ал бүгінде қазақ сатирасының үні бәсеңдеді. Күлкі бар, бірақ күле алмаймыз. Себебі бүгінгі сатираның мақсаты – күлдіру емес, ойлату міндетінен алыстап барады.

Адамзат қоғамында күлкі мен сынның өз орны бар. Кейде ащы мысқыл мен орынды әзілің тіршіліктің қанына қан жүгіртеді. {1.Қазақ халқы қалжыңды ешқашан жалаң күлкі үшін емес, тәрбиелік мәні бар парасатты сөз ретінде қабылдаған. Халқымыздың қалжыңы – мәдениеттің, әділдіктің, терең ойдың белгісі болған. Бірақ бүгінде бұл дәстүрлі қалжыңның мәні жоғалып бара жатқандай.} Қазіргі кей сахналарда көрсетілетін дөрекі сатира адамды күлдіруден гөрі қорлайды. Мәселен, «Нысана» театрының жұртты күлдіремін деп оқушысынан жүкті болып қалған мұғалім образын сахнаға алып шығуы, «Шаншар» театры әртістерінің «папа», «мама» деген сөзді кішкене балаға «теріс қарап оқы» деп әжуалауы сияқты теріс тенденциялардың әзіл-сықақ театрлары сахнасынан қалай болса солай берілуі халықтың талғамын төмендетіп кеткен сияқты. {2.Ал классикалық қазақ сатирасының үлгісін жасаған Асқар Тоқмағамбетов, Оспанхан Әубәкіров секілді қаламгерлер шығармаларында терең ой, мәдени сын, ұлттық әдеп сақталған еді.} Қазір, өкінішке қарай, сахна мен телеарналардағы сатиралардың көбі мәдени шекарадан асып, кім көрінгеннің қолжаулығына айналып барады.

Қазіргі қазақ сатирасы туралы «неге әлсіреді?» деген сұрақ жиі қойылады. {2.Шынында, кеңес дәуірінде сатира қылыштың жүзіндей өткір еді. Сол кезде Оспанхан, Әзиз Несин, Чехов сынды шеберлердің сарқытын ішкен сатириктер қоғамның ащы шындығын күлкі арқылы көрсетіп, әділ сөздің туын көтерген.Тәуелсіздікпен бірге жаңа дәуір басталды, бірақ бұрынғы сатириктердің көбі заман ағымына ілесе алмады. Қазір Оспанханша осып жазатын, Әзиз Несинше ойландыратын жаңа буын аз.} Оның орнына әлеуметтік желіде жеңіл әзіл айтып, өзін сатирик санайтындар көбейді. Бәрі әзіл-қалжың театрларын ашып, жұртты күлкіге қарық етсем, сөйтіп, көңілдерін жарық етсем дейді. Алайда, олар авторлармен жұмыс істегісі де келмейді, шеттерінен Шекспир, шеттерінен Щедрин. Ал сахналаған дүниелерін таразымен өлшеп жіберсеңіз, салмағы нөл. Не тәрбиелік мәні жоқ, не сатиралық сәні жоқ, былыққан бірдеңкелер. Олардың қойылымдарында қазіргі сатиралық жазушылардың шығармалары жоқ. Көбіне актерлар өздері «жазады», яғни естіген анекдоттарын сахнада айтып, күлкі тудырғысы келеді. Бірақ ол күлкі жасанды, өтпелі.

Театрды қойған жастар енді кино саласына ауыз сала бастады. Комедиялар түсіруден жарыс басталды. Өздерін Голливудтың актерлеріндей сезінгендер YouTube-ты ұятқа қалдырып жатыр. Мысалы, Шымкенттегі сериалшылардың «Әпке», «Жездуха» сияқты туындылары сатира емес, мәнсіз күлкіге құрылған дүниелер.  Дегенмен, сатира өліп қалған жоқ. Мысалы, Тұрсынбек Қабатов кейде ащы сатираға бет бұрып, «қазақтар картина көрмейді» деген фәлсәпалы әзілі арқылы ой тастайды. Сондай-ақ Ақтөбедегі «Екі езу» театрының жетекшісі Нұрлыбек Жұбатқанның «Командо» атты қойылымы жемқорлық  мәселесін өткір әжуалайды, Үміт Зұлхарованың фельетондарында еліміздің саяси-экономикалық ахуалы, қоғамдағы сыбайластық, барлық саланы жегідей жеп, бой бермей  күш алып кеткен жемқорлық  фактілері нақты сөйлейді. Мұндай туындылар күлкімен қатар ой салады. Керісінше, «Күлпәш» сияқты жеңіл комедиялар қазір көрерменді жалықтыра бастады. Өйткені оларда сын да, сатира да жоқ. Бүгінде жастар да, үлкендер де газет пен кітаптан гөрі әлеуметтік желіге үңілуді әдетке айналдырды. Ал сол желіде сатиралық жазбалар сирек.Сатираны дамыту үшін басылымдарда бұрынғыдай «әзіл-оспақ бұрыштарын» қайта жандандыру, сатиралық монологтар оқудан байқаулар өткізу маңызды. Себебі күлкі – қоғамды емдейтін күш, ал нағыз сатира – соның ең өткір емі. Станислав Ежицев: «Қорқынышты дүние күлдірсе — әзіл, күлкілі дүние қорқытса — сатира» деген екен.

Қорытындылай келе, қазіргі сахнада ұлттық қалжыңнан гөрі жеңіл, дөрекі әзілдер белең алған. КВН мен түрлі шоу-бағдарламалардағы әзілқойлар сатираның рухын емес, жеңіл күлкі мен арзан даңқ қуып жүр. Нағыз қазақи қалжың — жезде мен балдыздың, құда мен құдағидың, құрдастардың өзара әзілінде. Ол – әдепті, ойлы және тәрбиелік мәні бар сөз өнері. Осындай дәстүрлі қалжыңды қайта тірілтпейінше, қазақ сатирасы да өз биігіне көтеріле алмайды. Қазақ сатирасына ұлттық рең, әдеп және терең ой қайта оралғанда ғана, сахнадағы күлкі рухани нәрге айналары сөзсіз.

Ақниет АЛИЗАХ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің

1-курс студенті. Астана

Пайдаланған дереккөзі:

{1.https://www.aikyn.kz/249039/k-azak—satirasyna-k-amk-orlyk—k-azhet/amp

     {2.https://share.google/Panbg2H2qVHUkxlxF

         Сурет: 23 мамыр, 2023 жыл YouTube