Оқу-ағарту және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өтті

ҚР Оқу-ағарту министрлігінде жаңартылған құрамдағы Оқу-ағарту және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өтті. Іс-шараға сала министрі Жұлдыз Сүлейменова, педагогикалық қауымдастық өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, білім беру және әлеуметтік саясат саласындағы тәуелсіз сарапшылар қатысты.

Алғашқы отырыста Кеңес төрағасы болып бірауыздан Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов сайланды. Сала министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, Кеңестің мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етудегі рөлі айрықша. Кеңес мүшелерінің кәсіби құзыреттілігі білім беру саласындағы шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін жұмыс жасайды.

«Сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз бен белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз- балаларымыздың құқықтарын қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі шешуші фактор. Біздің басты мақсатымыз – білім саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру кезінде қоғамның пікірін ескеру. Қоғамдық кеңестің жұмысы саланы дамытуға, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, сондай-ақ мемлекеттік саясаттың ашықтығы мен сапасын арттыруға зор үлес қосады», – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.

Кеңестің алдына қойылған міндеттердің қатарында республикалық деңгейде шешімдер қабылдау кезінде азаматтардың мүддесін білдіру, ведомствоның азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылын дамыту, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру және министрлік қызметінің жариялылығын қамтамасыз ету.
Кеңес мүшелері бірнеше негізгі бағыттар бойынша жұмыс жүргізеді. Олар министрліктің бюджеттік бағдарламалары мен даму жоспарларын талқылайды, олардың іске асырылуына есеп сұрайды. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсер ететін нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына сараптама жасайды және қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізеді.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми сайтынан алынды. https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details