Алдағы қиын, алайда шешуші сәт

11- сынып оқушылары үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу – үлкен жауапкершілік пен уайымға толы кезең болып есептеледі. Көп жағдайда оқушылар ҰБТ-ны өміріндегі ең маңызды сынақ деп қабылдап, одан сүрінсе, болашағы бұлыңғыр болып қалады деп ойлап қалып жатады. Алайда бұл түсінік әрдайым шындыққа жанаса бермейді деп ойлаймын.
ҰБТ-ға күндіз-түні дайындалып, бар күш-жігерін салғанымен, нәтиже әрқашан күткендей бола бермейтіні хақ. Себебі тест тек білімді ғана емес, психологиялық тұрақтылықты, уақытты басқару қабілетін және күйзеліс кезінде шешім қабылдай алуын да тексереді. Кейде тым қатты дайындалу керісінше шаршауға, күйіп кетуге әкеледі.
Кейбір оқушылар ҰБТ-ны «өмірдің соңы» ретінде қабылдайды. Бір ғана балл өз тағдырын шешіп қоятындай көрінеді. Бірақ өмір бір емтиханмен шектелмейді-ғой. ҰБТ – жоғары білімге апарар жолдардың бірі ғана. Қайта тапсыру мүмкіндігі сияқты XXI ғасырда балам жолдары өте көп.
Ең бастысы – ҰБТ адамды тұлға ретінде анықтамайды. Адамның қабілеті, мінезі, еңбексүйгіштігі мен армандары бір тестпен өлшенбейді. ҰБТ-дан төмен балл жинаған көптеген адамдар кейін өз саласында табысты болып, қоғамда өз орнын тапқан.
Қорытындылай келе, ҰБТ-ға жауапкершілікпен дайындалу маңызды, бірақ оны шектен тыс өмірдің басты мақсатына айналдыру дұрыс емес. Бұл – өмір жолындағы бір ғана кезең. Ал нағыз болашақ адамның өзіне деген сенімі мен
табандылығына байланысты қалыптасады деп есептеймін.
АХМЕТЖАН Балнұр,
Абай ұлттық мектебінің 11- сынып оқушысы.
Жетекшісі: Төлеужан Жансая Санатқызы,
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.
Суреттер:https://www.zakon.kz/pbi




