Қазақ баспасөзінің шежіресін түзген тұлға

Автор: Ернұр ІЗІМ,

https://e-history.kz/kz/news/show/50001143

Қазақ руханиятының тарихында көзге көп түсе бермейтін, бірақ ұлт жады үшін өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғалар бар. Солардың бірі – Үшкөлтай Субханбердина. Ол қазақ мерзімді баспасөзін ғылыми айналымға түсіріп, ұлттық библиографияның негізін қалаған ғалым ретінде тарихта қалды. Оның өмірі – ХХ ғасырдағы қазақ зиялысының тағдырымен біте қайнасқан күрделі әрі тағылымды жол.

Үшкөлтай Хасенқызы Субханбердина 1927 жылы 15 қаңтарда Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүние есігін ашты. Оның балалық шағы ел тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірімен тұспа-тұс келді. Тағдырдың алғашқы сынағы тым ерте тиіп, үш жасында анасынан айырылды. Алайда 1937 жылғы саяси қуғын-сүргін оның өмірін мүлде басқа арнаға бұрды. Әкесі Хасен Субханбердіұлы «халық жауы» деген жалған айыппен тұтқындалып, Краснояр өлкесіне жер аударылды. Үшкөлтай он жасында-ақ «халық жауының қызы» деген ауыр таңбаны арқалап қалды. Әкесі 1942 жылы айдауда көз жұмды. Сол кезеңде отбасындағы кітаптар мен қолжазбалардың жойылуы, үй ішіндегі рухани дүниенің күйреуі жас Үшкөлтайдың жадында өшпес із қалдырды. Балалық санасында пайда болған «неге кітаптан қорықты, неге жазулы дүниені жою керек болды?» деген сауал кейін оның өмірлік мұратына айналды. Дәл осы сұрақтар оны кітап пен архивке, ұмыт қалмауға тиіс рухани мұраны сақтауға жетеледі. Қиындық пен қасіретке толы балалық шағы Үшкөлтай Субханбердинаның мінезін шыңдап, оны ұлт жадын сақтауға бар ғұмырын арнаған қайсар ғалым ретінде қалыптастырды.

1944 жылы Үшкөлтай Субханбердина жаңадан ашылған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына оқуға қабылданып, оны 1948 жылы аяқтайды. Дәл осы студенттік жылдарда оның өмірлік бағыты айқындала бастайды. Ол кітапқа, жазба дерекке, өткеннің ізі қалған құжаттарға ерекше қызығушылық танытып, рухани мұраны сақтау ісінің маңызын терең сезінді. Оқу орнын бітіргеннен кейін оның кәсіби жолы тікелей кітапхана мен архив саласымен байланысты болды. 1952–1965 жылдары Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасында қызмет атқарып, қазақ кітаптары, сирек басылымдар мен қолжазбалар қорын жинақтау және жүйелеу ісімен айналысты. Бұл жылдар оның зерттеуші ретінде қалыптасуына шешуші ықпал етті. Кітапханалық жұмыстың сырттай тыныш көрінетін, бірақ аса жауапты бұл саласында Үшкөлтай Субханбердина әрбір басылымды, әрбір қолжазбаны ұлт тарихының тірі куәсі ретінде қарастырды. Дәл осы кезеңде оның ғылыми ғұмырнамасының іргесі қаланып, кейінгі іргелі зерттеулеріне негіз болған тәжірибе жинақталды.

Кейінгі жылдары Үшкөлтай М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында еңбек етті. Ол мұнда текстология және қолжазба бөлімінде аға ғылыми қызметкер ретінде жұмыс істеп, кейін фонофото бөлімін басқарды. Одан соң қолжазба және текстология орталығында ұзақ жылдар бойы табанды зерттеуші ретінде қызмет атқарды. Бұл кезең қазақтың жазба мұрасын сақтап қалу, жоғалған дүниелерді қайта табу және оларды ғылыми айналымға енгізу тұрғысынан аса жауапты әрі күрделі уақыт болды. Үшкөлтай Хасенқызы дәл осы салада жүйелі, тиянақты еңбегімен ерекшеленді. Ғалымның басты еңбегі – революцияға дейінгі қазақ мерзімді баспасөзін толық көлемде зерттеп, оны библиографиялық тұрғыда түгендеуі. 1961 жылы жарық көрген алғашқы іргелі еңбегі «Айқап» журналы беттерінде жарияланған мақалалар мен хат-хабарларға арналған мазмұндалған библиографиялық көрсеткіш болды. Бұл жұмыс қазақ баспасөзін жекелеген мақалалар жиынтығы ретінде емес, тұтас тарихи дереккөз ретінде қарастыруға мүмкіндік берді. 1963 жылы Үшкөлтай Субханбердинаның зерттеулері жаңа деңгейге көтеріліп, «Түркістан уалаятының газеті», «Дала уалаятының газеті», «Қазақстан» секілді басылымдарды қамтыған келесі томы жарық көрді. Бұл еңбектер қазақ мерзімді баспасөзінің тарихын жүйелі түрде зерттеудің берік негізін қалап, кейінгі ғалымдарға бағыт-бағдар болды.

1964 жылы ол «ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасыр басындағы қазақтың революцияға дейінгі мерзімді баспасөзі мен көркем әдебиеті» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Бұл ғылыми жұмыс сол кезеңге дейін үзік-үзік қарастырылып келген қазақ баспасөзін тұтас құбылыс ретінде зерделеуімен ерекшеленді. Зерттеудің ғылыми жетекшілері – академик Әлкей Марғұлан мен әдебиеттанушы Есмағамбет Ысмайылов болды. Ғалымның бұл еңбегі қазақ мерзімді баспасөзін дербес ғылыми сала ретінде тануға жол ашып, кейінгі зерттеулерге әдіснамалық негіз қалады. Үшкөлтай Хасенқызы тек теориялық талдаумен шектелмей, нақты дерекке сүйенген жүйелі жұмыс жүргізді. Ол революцияға дейін жарық көрген қазақ газет-журналдарының әрбір санын тауып, салыстырып, мәтіндік айырмашылықтарын анықтап, ғылыми айналымға енгізді. «Түркістан уалаятының газеті», «Дала уалаятының газеті», «Айқап», «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа» секілді басылымдармен жүргізілген бұл жұмыс қазақ қоғамының саяси ойы мен рухани дамуын дереккөз арқылы тануға мүмкіндік берді. Әсіресе Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Қазақ газетіне қатысты атқарған еңбегі айрықша. Үшкөлтай Субханбердина оның түпнұсқа сандарын отандық әрі шетелдік архивтерден тауып, төте жазудан қазіргі әліпбиге түсіруге тікелей атсалысты. Бұл іс тек техникалық көшіру емес, тарихи мәтіннің мағынасын, тілдік ерекшелігін сақтай отырып жеткізуді талап еткен күрделі ғылыми еңбек еді. Осы еңбектері арқылы ғалым қазақ баспасөзінің жоғалып кету қаупі тұрған мол мұрасын сақтап, ұлт жадын қайта тірілтті.

1986 жылы жарық көрген «Қазақ кітабының шежіресі» атты библиографиялық көрсеткіші Үшкөлтай Субханбердинаның көп жылғы табанды ізденісінің қорытындысы болды. Бұл еңбек ұлттық кітап тарихын жүйелі түрде саралап, қазақ тілінде жарық көрген басылымдардың уақыт пен кеңістік аясындағы қозғалысын тұтас бір шежіре ретінде көрсетті. Ал 1989–1996 жылдары «Ғылым» баспасынан шыққан «Дала уалаятының газеті» туралы төрт томдық жинақ қазақ мерзімді баспасөзін зерттеуде жаңа белес ашты. Ғалым бұл басылымды тек тарихи дерек ретінде емес, қазақ қоғамының ойлау жүйесі мен тілдік дамуын көрсететін күрделі құбылыс ретінде ғылыми айналымға енгізді.

Үшкөлтай Хасенқызы бар саналы ғұмырын архивке, кітапқа, ұлт жадына арнады. Ол 135-тен астам ғылыми мақала мен 25 кітап жариялап, библиографияны қосалқы немесе техникалық сала емес, дербес ғылыми бағыт деңгейіне көтерді. Оның еңбектерінде мерзімді баспасөз жалаң мәтін ретінде емес, халықтың саяси санасын, қоғамдық көзқарасын, рухани ахуалын айқындайтын айна ретінде қарастырылды. 2008 жылы Алматы қаласында дүниеден өткен Үшкөлтай Субханбердина қазақ ғылымында көзге көп түсе бермейтін, бірақ орны айрықша тұлға болып қалды. Егер ол жүргізген ізденістер мен жинақтау жұмыстары болмаса, қазақтың алғашқы газеттері мен журналдарының елеулі бөлігі бүгінгі ұрпаққа толық күйінде жетпеуі де мүмкін еді. Оның өмірі мен еңбегі – ұлт жадын жоғалтпау жолында үнсіз, бірақ табанды еңбек етудің жарқын үлгісі.