Қойдың майы мен сорпасының адам ағзасына пайдасы қандай?

Төрт түліктің ішінде қазақ халқы қой малына ерекше ықылас танытқан. «Мал өсірсең, қой өсір, табысы оның көл-көсір»,- деп бабаларымыз бекерден-бекер айтпаған болса керек. Сүйегінен сорпа қайнатып, майынан емдік шара жасап үйренген халықпыз. Кішкентай кезімізде түшкіріп, қызулай қалсақ құйрық майды шыжғырып, кеудемізге айналдыра жағып, жылы орап тастайтын әжелерімздің емінен соң, аттай шауып жүгіріп кететінбіз. Кешегі пандемия кезінде  ауру жұқтырғындардың бірі мен едім. Тұрақты ем-дом алумен қатар, қойдың майын ысылай шылқылдатып жағудың арқасында жеңіл құтылдым деп ойлаймын.

Қой майының пайдасы туралы білмейтін қазақ жоқ болса керек, дегенмен қазіргі экологиялық жағдайдан адам ағзасы мүлдем әлсіз болғандықтан, ол майды ішу немесе жеуге асқазанымыз көтере бермейді. Бірақ оны ерітіп суық тигенде балаларды да үлкендерді де сылап тастаса, суықты алады.

Қала баласы түгілі, ауылдық жерлерде де қазіргі кезде майлы ет желінбейді. Сорпа ішпейді. Қойдың құйрық майын әсіресе, суық тигенде, қатты жөтелге пайдаланбайды. Жастар жиіркенеді дегенді естіп қалатынын үлкендер айтып жатады. Десе де, ертеден бері қолданылып келе жатқан табиғи ем түрін пайдаланудың зияны жоқ екенін өз басым жақсы білемін. Сол себепті, білгенімді бөліскім келеді.

Пісірілген құйрық майды салқындатып аламыз да жұқалап жалпағынан кесеміз. Майдалап сарымсақ турап аламыз да оған қызыл, қара бұрыш және түрлі дәмдеуіштер сеуіп, жақсылап араластырамыз. Енді дайын қойыртпаны тілімделген майға жағып қайта қатпарлаймыз. Соңында тоңазытқышқа саламыз да біраз уақыт салқындатамыз. Осылайша бітті, пышақпен кесіп ал да жей бер. Міне тұмаудың алдын алуға жақсы пайдасы бар.

Бүгінде тұмау тиген, қатты жөтелген акішкентай балаларға қойдың құйрық майын жаққанын естісе, төбе шаштары тік тұрады. Баланың денесін қойдың майымен сыласа, тері тесіктерін бітеп тастайды. «Қойдың еті де, майы да сорпасы асқазанға ауыр». Етте холестерин көп,-дейді. Егер зиян болса, ата-бабаларымыз қойдың майын пайдаланбас еді ғой.

Ендеше, түрлі химиялық қоспалары бар дәрі-дәрмекке көп ден қоя бергенше, ұлттық құндылықтарымыздың, табиғи таза өнімдеріміздің де пайдасын еш уақытта естен шығармайық!                                                                          Аружан  МӘУЛІТ,

Алматы қаласы, Білім басқармасының

«№13 мектеп-гимназиясының» 11-сынып оқушысы

Сурет:https://yandex.kz/