Атамның өсиеті

Менің атам – журналист. Бірақ мен үшін Бұқаралық ақпарат құралының өкілі емес, ол – менің ең бірінші ұстазым. Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одақтарының мүшесі, Қазақстан Журналистер Одағы және Журналистердің Тауман Амандосов атындағы сыйлығының иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақ Журналистикасының қайраткері, Қазақстан Республикасының «Үздік өлкетанушысы», «Ерен еңбегі үшін», М.Өтемісұлының 220 жылдығына арналған «Дауылпаз» медальдарының, «Құрмет» орденінің иегері Таңатар Дәрелұлы.
Бала кезімнен оның қасында отырып, газет оқығанын, бірдеңе жазып отырғанын жиі көретінмін. Кейде түн ортасына дейін шамын өшірмей, ойланып отырып қалатын. Сол кезде мен түсінбейтінмін: неге ол сонша жаза береді деп. Қазір түсінемін.
Атамның бір ерекше әдеті бар. Әр түн сайын ұйықтар алдында маған міндетті түрде бір-екі ауыз өсиет айтады. Бірақ оның ең жиі айтатын сөзі өзгермейді:
«Жаза бер. Қандай жағдай болса да, тоқтама».
Алғашында бұл сөз маған жай ғана кеңес сияқты көрінетін. Бірақ уақыт өте келе оның мағынасы терең екенін түсіндім. Бір күні мен: «Ата, мен жақсы жаза алмаймын» дедім. Сонда ол күліп:
— «Жақсы жазу үшін көп жазу керек. Ешкім бірден мықты болмайды», — деді. Сол күннен бастап мен жазуды тоқтатпауға тырысамын. Кейде шабыт болмайды, кейде ойым шашыраңқы болады. Бірақ сонда да жазамын. Өйткені атамның дауысы есіме түседі: «Тоқтама».
Шынымды айтсам, мен журналист болуды армандаймын. Бұл арман өздігінен келген жоқ. Ол – атамның әсері. Оның әңгімелері, өмірден көргендері, шындықты айтуға деген батылдығы мені осы жолға жетеледі. Мен де атамдай ел қамын ойлаған, жақсыны дәріптеп, адамдар арасында туындаған қиын мәселеінң түйінін тарқатуға қолұшын созатын журналист болғым келеді: әділ, шынайы, халыққа пайдалы.
Атам кейде маған қарап:
— «Журналист болу – тек жазу емес. Ол – жауапкершілік. Сен біреудің ойын өзгерте аласың, қоғамға әсер ете аласың», — дейді.
Бұл сөздер мені ойландырады. Өйткені журналист болу – өткінші арман емес, үлкен міндет.
Қазір менің әр жазған дүнием – атама берген уәдем сияқты. Мен әлі үйреніп жүрмін, әлі қателесемін. Бірақ ең бастысы – мен тоқтамаймын.
Себебі менің өмірімде бір қарапайым, бірақ ең маңызды өсиет бар:
Атам айтқан – «жаза бер», міне менің де жазған дүниелнрім басылым беттерінде жарияланып келеді. Атамның жолын жалғау – менің парызым деп білемін.
Нұрайна ТАҢАТАР,
Атырау облысы, Құррманғазы ауданы,
«Абай атындағы жалпы орта мектебінің» 10-сынып оқушысы
Республикалық «Farabi shakirti» журналы
мен www.farabishakirti.kz желілік басылым
сайтының Жас тілшісі
сурет: https://sarayshyq.kz/madeniet сайтынан алынды.





