Өткен мен бүгінді жалғаған құнды жәдігер

(«КСРО Халық Ағарту Ісінің үздігі», «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, ұлағатты ұстаз Амалбеков Өтелбай атамен сұхбат)

Музейдегі Баташевтар самаурынының тарихы

Қайнарбұлақ ауылындағы №106 мектептің екінші қабатында орналасқан Амалбек Тәжібаев атындағы тарихи-өлкетану музейінде ерекше жәдігер сақтаулы тұр. Ол – 1875 жылы Тула қаласында жасалған Баташевтар самаурыны. Бір қарағанда қарапайым тұрмыстық бұйым болып көрінгенімен, оның артында бір жарым ғасырлық терең тарих жатыр. Музей деректеріне сүйенсек, самаурын «Туладағы Василий Баташевтің мұрагері В.Шумскийдің фирмасы» жасап шығарған. Материалы – сары металл, ағаш тұтқалары бар. Биіктігі 47 см, корпус диаметрі 23 см. Алдыңғы бөлігінде 12 медаль бейнесі таңбаланған. Ортасында 1875 жыл және фирманың атауы көрсетілген. XIX ғасырда Тула қаласы самаурын өндірісінің орталығы болды. Баташевтар әулеті осы салада ерекше танымал еді. Олардың өнімдері сапасымен, әсем өрнектерімен және беріктігімен ерекшеленді. Зауыттары халықаралық көрмелерге қатысып, жоғары марапаттарға ие болды. Париж (1889), Чикаго (1893), Нижний Новгород (1896), Лондон (1909) көрмелерінен алған медальдары кейін самаурын бетіне таңбаланған. Бұл бір жағынан сапа белгісі болса, екінші жағынан өнімді жалған көшірмесін жасаудан қорғаудың тәсілі еді. Қайнарбұлақтағы самаурын да осындай медаль таңбаларымен ерекшеленеді. Бұл оның шынайы Баташев өндірісінен шыққанын дәлелдейді.

(Амалбек Тәжібаев атындағы мұражайда әлі күнге дейін сақталып келе жатқан, самаурындардың түп нұсқасы)

Әулет тарихындағы жәдігер

Самаурынның музейге қалай келгенін анықтау мақсатында арнайы зерттеу жүргізілді. Бір жыл бойы жетекшім Уменова Шарипамен бірге жәдігердің тарихын зерделедік. Осы зерттеу барысында Амалбек Тәжібаевтың ұлы — Амалбек Өтелбай ақсақалдан сұхбат алдым. Өтелбай ақсақалдың айтуынша, бұл самаурынды музейге Асылбек Ташеев әкелген. Ал самаурын оның отбасына келін жасауымен бірге енген.

Бұл самаурын біздің әулетке Зайсан анамыз ұзатылып келген кезде жасауымен бірге келген. Ол кісінің төркіні ауқатты адамдар болған. Самаурын сол кезде бай отбасының тұрмысындағы бағалы бұйым саналған, – дейді Өтелбай ата.

Зайсан – Таскешу жерін мекендеген Бапай атты байдың қарындасы болған. Демек, самаурын қазақ даласына сауда жолдары арқылы жетіп, кейін дәулетті әулеттің тұрмыстық мұрасына айналған. Өтелбай  атаның айтуынша, самаурын жылдар бойы отбасында сақталып, кейін жас ұрпақ тарихты білсін деген мақсатта музейге тапсырылған.

—ата-бабаларымызда ежелден келе жатқан «Өткенді білмесең, болашақты болжау қиын», — деген даналық сөз бар. Міне, 1994 жылы жұмыла отыра мектепте өлкентану мұражайын ашқан болатынбыз. Сол мұражайда жинақталған құнды жәдігерлердің ел игілігіне жарап отырғанына қуаныштымын», – деп ата жас ұрпақ игілігі үшін атқарған жұмыстары жайлы айтып өтті.

Самаурынның Қазақстанға таралуы

Самаурындар Сібір арқылы қазақ жеріне таралған. Сауда керуен жолдары арқылы Қарқаралы, Омбы, Семей бағыттарымен келген бұйымдар қазақ тұрмысында кеңінен қолданыла бастады. XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ даласында самаурын мәртебелі бұйым саналды.

Құндылығы неде?

Бұл самаурын – тек шай қайнататын құрал емес. Ол – сауда қатынастарының, өндірістік дамудың, қазақ тұрмыс мәдениетінің айғағы. Бір әулеттің қолынан мектеп музейіне жеткен бұл жәдігер – өткен мен бүгінді жалғаған тарихи көпір.

Бүгінде Амалбек Тәжібаев атындағы музейдегі көне самаурын – жас ұрпаққа тарихты танытатын құнды дереккөз. Оның бойында өндіріс тарихы, халықаралық жетістік, қазақтың тұрмыс салты мен әулеттік шежіре тоғысқан.

Мадина ҚАНАТҚЫЗЫ

Шымкент қаласы,

ЖШС «Қазыбек» ЖББМ-нің 11-сынып оқушысы

Қолданылған әдебиет:

  1. «Музей қорындағы құнды жәдігерлер каталогы» Түркістан облысының мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы. Шымкент 2018. 50–65 беттер.
  2. Музей құндылықтар қорлары. Түркістан облысының мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы. Шымкент 2018.
  3. Шаңырақ. Үй-тұрмыстық энциклопедия. Алматы: Қазақ совет энциклопедиясы, 1990.
  4. Егеменді Қазақстан. 16 қаңтардан 2002 ж.
  5. Мектеп музейі қоры және көрме материалдары.