Ораза айт: мұсылмандар үшін ерекше күн

Мұсылман халықтарының қасиетті айларының бірі-Рамазан айы. Рамазан айы жылына бір рет келеді, және Ислам күнтізбесі бойынша өзгеріп отырады. Кей жылдары қыстың ортасына, кей жылдары көктем басына түсуі мүмкін. Дана халқымыз бұл айды ерекше күтіп, Алла өз пенделеріне бақыт құсын сыйлап, дұрыс жолға түсіреді деп сенген. Сондықтан Рамазан айында бойын тазарту мақсатында адамдардың аузы берік болады. Рамазан айы соңына келуі Ораза айттың басталуымен тең келеді. Бұл уақыт дастархан мен жылулыққа толы.
Айт-ислам дініне негізделген қауым үшін ерекше күн. Рамазан айының аяқталуымен қатар, іштей және сырттай тазаруға мүмкіншілік беретін, адамдар арасында бір-бірін кешіре білетін, бауырмалдық пен жанашылдықты сынай білетін күн. Ол адамдардың бір-біріне жақсылық тілеп, қайырымдылықпен айналысып, мәз-мейрам болып дастархан жаятын күні.
Тарихи шолу
Тарихи деректерге сүйенсек, Ораза айт мейрамы 624-жылдан бері мерекелер тізіміне енгізіліп, тойланып келе жатыр. Ораза айт-мұсылмандардың Алла үшін отыз күн бойы аузын тыйған мұсылманның қуанышқа бөленер күні делінген екен. Ораза біткеннен кейін 1-3 күндер аралығы Ораза айт мейрамы деп хабарланады.
Қалай тойланады?
Айт күнінің мұсылмандар арасында өту салты өте қызық әрі керемет көңіл-күйге толы. Таң атысымен халық мешітке айт намазға жиналады. Сол жерден бір-біріне жылы сөздер айтып, «Айт қабыл болсын!, Айттарыңмен!» — деп құттықтайды. Әр адамның өз шаңырағында немесе қоғамдық жерлерде бауырсақ пісіріліп, ет асылып, ас үйден махаббаттың иісі шығып жатады. Сонымен қатар қайырымдылық қорына өз үлесіңді тигізіп, мұқтаждарға көмектесу бұл күні ерекше бағаланады. Бұл күн адамдарды бір-біріне және Аллаға жақындатады. Сондықтан жылына бір рет, бірақ қасиетті өтеді.
Қазіргі қоғамдағы ерекшелігі
Заманның өзгеруіне байланысты, айттың қазіргі қоғамдағы ерекшелігі өзгерістерге ұшырауда. ХХІ ғасырдағы технологиялардың дамуы мен жаһандану әсерінен кейбір адамдар оны тек «демалыс күні» деп шектейді. Дегенмен, бүгінгі күннің өзінде айт күні халық аузында құттықтаулар мен жағымды тілектер жүреді. Тіпті кейбір қоғамдық орындарда үлкен дастархан жайылып, адамдар көшеге айттап шығып, әлеуметтік желілерде көрініс алып жатады. Алайда, қазіргі қоғамдағы адамгершілік қасиеттердің төмендеуіне байланысты бұл күн ерекше атап өтілуі тиіс. Ол мейрам ғана емес, адамдардың қарым-қатынасының тірегі.
Айт мерекесі-ислам дінінің салт-дәстүрі ғана емес, ежелгі тарихтың кезеңінен тамыр жіберген мұсылмандар күні. Рамазан айында ауыз бекіткеннен кейінгі махаббат пен қуанышқа бөлену сәті, дұрыс жолға түсіп, аузыңды жылы лебіздерге толтыратын кез. Оны салтанатты түрде атап өту-құрмет көрсетумен тең. Айт-әр адамның тазару
мүмкіншілігі, бойыңа асыл қасиеттерді сіңіру сәті.
Айдана КОПЖАН,
«№2 Мәртөк мектеп-гимназиясының» 10 «Б» сынып оқушысы,
Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы
Пайдаланылған дереккөзі: kaz.nur.kz; Сурет:https://kazislam.kz/ru





