Журналист болу – мен үшін жай ғана бала күннен келе жатқан арман емес. Бұл – саналы түрде, жүрек қалауымен жасалған нақты таңдау. Көп адам мамандықты кездейсоқ таңдап жатады, ал мен үшін журналистика – ой елегінен өтіп, сараланған шешім.
Әрине, бұл мамандыққа қатысты қоғамда түрлі пікірлер жетерлік. «Бұл қыз балаға ауыр», «болашағы жоқ», «жалақысы аз» деген сөздерді жиі естимін. Бұл пікірлер отбасымнан емес, көбіне сыртқы ортадан, қоғамнан келеді. Басында түсінбей жүрдім: неге адамдар өздері жүріп көрмеген жол туралы осынша сеніммен айтады? Уақыт өте келе бұл жай ғана қалыптасқан қарсылық екенін аңғардым.
Шығармашылық бағытты таңдаған жастарға қатысты «жұмыссыз қалады» деген пікір де жиі айтылады. Бірақ мәселе тек ақшада емес қой. Адам өз ісін шын жақсы көрсе, оны тек жұмыс ретінде емес, өмірінің бір бөлігі ретінде қабылдайды. Сонда ғана ол істен нәтиже де, қанағат та шығады. Мен үшін журналистика дәл сондай сала.
Журналистика – жай ғана ақпарат тарату емес. Ол – жауапкершілік. Ол – шындықты айту. Ол – үнсіз қалғандардың даусын жеткізу. Көп айтылатындай, журналист – халық пен биліктің арасындағы көпір. Ал мен сол көпірдің берік болғанын қалаймын. Халықтың ойын билікке, биліктің шешімін халыққа дұрыс, түсінікті жеткізе алатын журналист болғым келеді.
Бұл жолдың оңай емес екенін түсінемін. Журналист болу – тек әдемі сөйлеу немесе жазу ғана емес. Бұл – ізденіс, еңбек, табандылық. Кейде шындықты айту үшін батылдық керек. Кейде бір ақпараттың артында үлкен жауапкершілік тұрады. Бірақ дәл осы қиындықтар мені қорқытпайды, керісінше шыңдай түседі.
Мен болашақта тек маман иесі ғана емес, өз ісіне адал, қоғамға пайдасы бар журналист болғым келеді. Себебі журналистика – мен үшін жай ғана жұмыс емес. Бұл – менің таңдауым, менің қызығушылығым, менің өмірлік жолым.
АБДРАХЫН Ажар Ерланқызы,
Алматы облысы, Талғар ауданы, Қызыл-қайрат ауылы,
«№19орта мектеп-гимназиясының» 11 сынып оқушысы
