«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Планета

Жаһандық жылыну

Қазіргі таңда әлемдегі ең үлкен мәселелердің бірі – жаһандық жылыну. Бұл мәселе тек ғалымдарды ғана емес, бүкіл адамзатты алаңдатып отыр. Жыл сайын ауа температурасы көтеріліп, табиғатта түрлі өзгерістер байқалуда. Мұздықтар еріп, ормандар өртеніп, кей елдерде құрғақшылық көбейіп жатыр. Мұның бәрі жаһандық жылынудың әсері.

Жаһандық жылыну дегеніміз – Жер шарының орташа температурасының көтерілуі. Оның басты себептерінің бірі – адамның табиғатқа зиян келтіруі. Зауыттардан шығатын түтін, көліктерден бөлінетін газ, ормандардың кесілуі ауаға көп мөлшерде зиянды заттардың таралуына әкеледі. Бұл газдар атмосферада жиналып, күннің жылуын сыртқа шығармайды. Соның салдарынан Жер беті қыза бастайды.

Қазіргі кезде табиғаттағы өзгерістер анық байқалады. Кей елдерде жаз өте ыстық болып, адамдарға қиындық тудыруда. Ал кей аймақтарда керісінше қатты су тасқыны мен дауылдар жиілеген. Мұздықтардың еруі теңіз деңгейінің көтерілуіне себеп болып жатыр. Егер бұл жағдай жалғаса берсе, болашақта кей қалалар мен аралдар су астында қалуы мүмкін деген қауіп бар.

Жаһандық жылыну жануарлар мен өсімдіктерге де әсер етеді. Кей жануарлар өз мекенін жоғалтып жатыр. Мысалы, мұзды аймақтарда өмір сүретін ақ аюларға тіршілік ету қиындауда. Өсімдіктер де климаттың өзгеруіне бейімделе алмай, азайып барады. Табиғаттағы тепе-теңдік бұзылса, бұл адам өміріне де әсер етеді.

Сонымен қатар жаһандық жылыну адамдардың денсаулығына да қауіпті. Ауа ластанған сайын түрлі аурулар көбейеді. Ыстық ауа райы адамдардың әлсіреуіне, су тапшылығына және басқа да қиындықтарға алып келеді. Әсіресе балалар мен қарт адамдарға ауыр тиеді.

Бұл мәселені тоқтату үшін әр адам табиғатты қорғауға үлес қосуы керек. Мысалы, ағаш отырғызу, суды үнемдеу, қоқысты дұрыс тастау, электр энергиясын босқа пайдаланбау – кішкентай болса да маңызды қадамдар. Сонымен қатар зауыттар мен өндіріс орындары табиғатқа зиянды азайту жолдарын қарастыруы қажет.

Жастар да бұл мәселеге бейжай қарамауы керек. Себебі болашақ – жастардың қолында. Егер адамдар табиғатты бүгіннен бастап қорғаса, келешек ұрпақ таза ауа мен әдемі табиғатты көре алады.

Қорытындылай келе, жаһандық жылыну – бүкіл әлемге ортақ мәселе. Ол табиғатқа да, адам өміріне де үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан әр адам табиғатты аялауды өзінен бастауы керек. Табиғатты қорғау – болашақты қорғау деген сөз.

ДОСАЛИЕВА  Несібелі,

Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы

«№223 орта мектебінің» 11сынып оқушысы

Сәйкес жаңалықтар

Бенни Бенсон ойлап тапқан

Алматыда «Қазақстандағы балалар жылы» аясында жас құтқарушылар жасағының ақтық жарысы өтті

Достопримечательности Рима

farabi shakirti shakirti