«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Болашақтың тірегі-кемел ұрпақ

Мектебім-сағыныш мекенім

Сурет: ЖИ, жолдаған автор

25 мамыр — соңғы қоңырау жанға қуаныш, көңілге медет болушы еді. Себебі жаз біткен соң қайта мектепке табан тіреуші едік. Ал қазіргі соғылғалы тұрған қоңырау жүрегіме сағыныш, көңіліме күрең күздей әсер беріп тұрғаны. Балалықпен қоштасып, үлкен өмірге бір қадам жақындағалы тұрмыз. Әсіресе мына мендей 11 жылы бір мектепте өткен шәкірттер үшін бұл — ең үлкен қимастық. Сағаттар жылжымай, күндер асықпай өтсе дейсің. Амал қанша, болу керек заңдылық.

Мен үшін менің мектебім — қара шаңырағым. Ұстазым — болашаққа жол көрсетіп, қабілетімді шыңдаған жанашырым. Ең алғашқы сахнаға шығуым, ең алғашқы жеңісім, жеңілісім, қуанышым, алғашқы таныстығым осы 24-лицейде болған еді. Балалықтың бұралаң да тегіс жолына үмітпен қарап, өз мамандығымды да осы мектепте таңдап едім. Сахнаға шығып, Абай, Ыбырай, Одақ басшысының рөлін ойнап, көрермен қошеметіне бөленген едім.

Енді міне, бұл күндер де мектебімдегі жылы естелік, сағынышқа толы сәттердің қатарына сүңгігелі тұр. Мендегі қимастық сезім ерекше. Себебі бақытты да ерке шәкірт болдым. Ұстаздың батасына, өзімнен кейінгі буынның қошеметіне ие болдым. Ең бастысы, рухани, ұлттық құндылықты бойыма сіңіріп, өмірдің мәнін түсіне бастадым.

Енді міне, сонша жылы естеліктерімнің куәгері болған мектебіммен бар жоғы он шақты күннен соң белін бекем буған жас түлек ретінде қоштасамын. Ал мектебім бақытты балалық шағымның куәгері болып қала береді. Мектеп — бұл тек білім ордасы емес, алғашқы қадамдар мен алғашқы сәттердің мекені. Жүректегі мәңгілік сағыныш болып қалар, қайта оралмас мекеніміз.

СЛАМЖАНОВ  Бекзат,

Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр ауылы

«№ 24 лицейдің» 11-сынып оқушысы.

Жетекшісі: Жандарал Рыскүл Байжұмақызы,

Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі

Сәйкес жаңалықтар

“Барынша сақ болуымыз қажет”

ҰБТ-ға дайындықты неден бастаймыз?

Мультфильмдердің балаларға тигізетін әсері