Сурет: ЖИ, жолдаған автор
Әлемдегі әрбір халық үшін еркіндіктен асқан қасиетті ұғым жоқ. Алайда қазақ халқы үшін «Тәуелсіздік» сөзінің салмағы бөлек. Бұл -сан ғасырлық арманның, сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» бастау алып «Желтоқсан оқиғасымен» жалғасқан бостандық жолындағы құрбандықтың жемісі.
Тәуелсіздік – оңайлықпен келген мұра емес. Оның бастауында Күлтегін мен Тоныкөктің тасқа қашалған өсиеті, Қазақ хандығының іргесін бекіткен Керей мен Жәнібектің қажырлы еңбегі жатыр. Әдеби тұрғыдан алсақ, бұл – Махамбеттің жалынды рухы мен Абайдың терең ойының мәдени жалғасы.
Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кeттi, дін нашарлап, хал һарам боп,
Қазағым, енді жату жарамас- ты.
Қазақ әдебиетіндегі Алаш зиялыларының мұрасы — тәуелсіздіктің ең үлкен рухани байлығы. Міржақып Дулатұлының сол кезеңде «Оян, қазақ!» деп ұрандауы жай ғана өлең емес, ол ұлттың санасында орын алған сілкінісі еді. Олар тәуелсіздіктің негізі — жұмыла әрекет етуде,білім алып, ұлт болашағы үшін күресуде екенін түсінді.
Тәуелсіздік туралы сөз қозғағанда, Желтоқсан оқиғасының қаһармандарын айтпай кету мүмкін емес. Олардың ерлігі – Қабанбай мен Бөгенбай батырлардан қалған «Ел үшін жан пида» деген ұлы қағиданың заманауи көрінісі.Бозбала шақтарында «қазақ» деп ұрандап ,ел болашағы үшін алаңға беттеді. Бәрінде бір мақсат, ауыр сынақты бастан өткерсе де ақтық демі шыққанша ұлт болашағы үшін күресті.
Бүгінгі Тәуелсіздік – бізге аманат. Бұл аманатты сақтау тек мереке тойлаумен шектелмейді. Ол тілді қастерлеу: Ана тіліміздің мемлекеттік деңгейдегі мерейін арттыру .Бәсекеге қабілетті ұлт болу.
Өткеннің қателігінен сабақ алып, болашаққа сеніммен қарау.
Тәуелсіздік – бұл тарихтың бізге берген ең үлкен мүмкіндігі. Біз үшін көк тудың желбірегені – бабалар арманының орындалғаны, ал келер ұрпақтың бақытты болашағының кепілі. Ендеше, осы қасиетті ұғымды жанымызбен сезініп, рухымызбен ардақтай білейік.
Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз егеменді болсын!
МАЕРБЕК Дина Мейірханқызы,
Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы
«Д.М Карбышев атындағы 16 орта мектебінің»
11 сынып білім алушысы
