«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Тұлға

«Бір адамның еңбегі — бір ұлттың болашағы»

Сурет: jasqazaq.kz сайтынан алынды.

Қазақ халқының тарихында ел үшін аянбай еңбек етіп, ұлттың рухани дамуына зор үлес қосқан тұлғалар аз емес. Солардың ішінде Ахмет Байтұрсынұлының орны ерекше. Ол — қазақ халқының рухани көсемі, ұлт ұстазы, ағартушы ғалым, ақын, публицист әрі қоғам қайраткері. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл білімінің негізін қалап қана қоймай, халықтың көзін ашып, білімге ұмтылуына жол көрсетті. Оның бүкіл өмірі мен еңбегі қазақ елінің болашағына арналды. Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы мен шығармашылығы әрқашан терең зерттеуді қажет ететін құнды мұра болып қала береді.

Өмірбаяны: Ахмет Байтұрсынұлы 1873 жылы 18 қаңтарда қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданына қарасты Сарытүбек ауылында дүниеге келген. Ол бала кезінен білімге құштар болып өседі. Алғаш ауыл молдасынан сауат ашып, кейін Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесінде білім алады. Одан кейін Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын мектепті тәмамдайды.

1895 жылдан бастап Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы өңірлеріндегі мектептерде ұстаздық қызмет атқарады. Мұғалім бола жүріп, халықтың ауыр тұрмысын, қазақ елінің сауатсыздық пен надандықтың кесірінен артта қалып бара жатқанын көреді. Осы жағдайлар оның ел болашағына алаңдауына себеп болады.

Ахмет Байтұрсынұлы патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы шығып, қазақ халқының құқығын қорғады. 1909 жылы саяси көзқарасы үшін Семей түрмесіне қамалып, кейін жер аударылады. Алайда бұл қиындықтар оның рухын сындыра алмады.

1913 жылы Орынбор қаласында «Қазақ» газетін ұйымдастырып, редакторы болды. Бұл газет сол кезеңдегі қазақ қоғамының ең маңызды басылымына айналды. Газет бетінде халықтың әлеуметтік жағдайы, оқу-ағарту, мәдениет, жер мәселесі сияқты маңызды тақырыптар көтерілді.

Ахмет Байтұрсынұлы Алаш қозғалысының белсенді мүшелерінің бірі болды. Ол қазақ елінің тәуелсіз, білімді әрі мәдениетті мемлекет болғанын қалады. Кейін халық ағарту саласында қызмет атқарып, қазақ мектептерінің дамуына үлес қосты. 1937 жылы жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырап, 1938 жылы атылды.

Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері: Ахмет Байтұрсынұлы — қазақ әдебиеті мен ғылымында өшпес із қалдырған тұлға. Ол шығармашылық жолын ақындықпен бастап, халықты білім мен өнерге шақыратын өлеңдер жазды. Ақын өз шығармаларында қазақ халқының ауыр тұрмысын, надандықтың зардабын, елдің болашағына деген алаңдаушылығын көрсетті.

1909 жылы Санкт-Петербург қаласында оның «Қырық мысал» атты аударма жинағы жарық көрді. Бұл кітапта И. А. Крыловтың мысалдары қазақ тіліне аударылып, халықты ояту, ойландыру мақсаты көзделді. Ахмет бұл еңбегі арқылы елді білімге, бірлікке шақырды.

1911 жылы жарық көрген «Маса» жинағы ақынның ағартушылық бағытын айқын көрсетті. Бұл кітаптағы өлеңдерінде қараңғылық, жалқаулық, мәдениетсіздік сыналып, халықтың санасын ояту идеясы көтерілді. Ақын өзін ызыңдап жүріп елді оятатын масаға теңейді.

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әдебиеттану ғылымының да негізін салды. Оның 1926 жылы шыққан «Әдебиет танытқыш» еңбегі — қазақ әдебиеті теориясына арналған тұңғыш ғылыми кітап. Бұл еңбекте әдеби жанрлар, көркем сөздің ерекшеліктері, әдеби терминдер жан-жақты түсіндірілді.

Сонымен қатар ғалым қазақ тілін оқытуға арналған көптеген оқулықтар жазды. «Оқу құралы», «Тіл құралы», «Әліпби», «Жаңа әліпби» сияқты еңбектері қазақ мектептерінде ұзақ уақыт пайдаланылды. Бұл кітаптар қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына үлкен көмегін тигізді.

Ахмет Байтұрсынұлы аударма саласында да еңбек етті. Ол А. Пушкин, И. Крылов сияқты орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосты.

Қазақ әліпбиінің негізін қалаушы: Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл білімінің негізін қалаған ұлы ғалымдардың бірі болды. Ол қазақ тілінің табиғатын терең зерттеп, қазақ халқына ыңғайлы ұлттық әліпби жасады. Араб графикасына негізделген қазақ жазуын реформалап, қазақ тіліне тән дыбыстарға икемдеді. Кейін бұл жазу «Байтұрсынов жазуы» деп аталды.

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ балаларының ана тілінде сауатты болуына ерекше көңіл бөлді. Ол оқу-ағарту ісі халықтың болашағын өзгертетін күш екенін жақсы түсінді. Сондықтан мектептерге арналған оқулықтар жазып, қазақ тілін оқыту әдістемесін қалыптастырды.

Ғалым қазақ тіл біліміндегі көптеген терминдерді енгізді. Бүгінде қолданылып жүрген зат есім, сын есім, етістік, бастауыш, баяндауыш, сөйлем сияқты терминдердің авторы — Ахмет Байтұрсынұлы. Бұл оның қазақ ғылымына қосқан аса үлкен үлесінің бірі болды.

Ахмет Байтұрсынұлы халықтың тек сауатты болуын ғана емес, өз ана тілін құрметтеуін қалады. Ол қазақ тілінің тазалығын сақтауға, өзге тілдердің орынсыз ықпалынан қорғауға көп еңбек етті.

Қорытынды: Ахмет Байтұрсынұлы — қазақ халқының тарихындағы ең ұлы тұлғалардың бірі. Ол бүкіл өмірін халқының болашағына, қазақ тілінің дамуына, елдің білімді әрі мәдениетті болуына арнады. Ахметтің еңбектері қазақ руханиятының асыл қазынасына айналды.

Бүгінгі таңда Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы өз маңызын жоғалтқан жоқ. Оның тіл, білім, тәрбие туралы айтқан ойлары қазіргі қоғам үшін де өте маңызды. Ұлт ұстазының өмірі мен еңбегі әрбір жас ұрпаққа үлгі болуы тиіс. Себебі Ахмет Байтұрсынұлы — қазақ елінің рухани шамшырағы, ұлттың мәңгілік мақтанышы.

ҚАНАТҚЫЗЫ  Нұрайым,

«№58 Ы.Алтынсарин атындағы шағын жинақты

жалпы білім беретін мектептің» 11 – сынып оқушысы,

Түркістан облысы, Келес ауданы, Бозай ауылы

Мәліметтер: stud.kz сайтынан алынды.

Сәйкес жаңалықтар

MAIQY BIDIŃ NAQYL SÓZDERI

Ғасырдың ақиық ақыны: Мұқағали- мәңгілік жырдың символы

ҚОНАЕВПЕН СЫЙЛАСТЫҚТА БОЛҒАН

farabi shakirti shakirti