«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Болашақтың тірегі-кемел ұрпақ

Ұмытылмас кезеңдердің бірі

Сурет: ЖИ, жолдаған автор

Соңғы қоңырау — әр оқушының өміріндегі ерекше күндердің бірі деп ойлаймын. Бұл күнді бәріміз көп күттік. Бұрын «мектеп тезірек бітсе екен» деп айтатын едік, ал қазір мектеппен қоштасу оңай емес екенін түсініп жатырмыз.

11 жыл бойы күн сайын мектепке келіп, сыныптастарымызбен бірге өстік. Осы уақыт ішінде қаншама қызықты сәттер өтті. Сабақтағы күлкілі жағдайлар, түрлі мерекелер, дайындықтар, жарыстар — бәрі есте қалады. Кейде сабақтан шаршап кетсек те, дәл осы күндерді кейін сағынатын сияқтымыз.

Маған әсіресе сыныптастарыммен бірге өткізген уақыт қатты ұнайды. Себебі күнде көріп жүрген адамдар өзіңе жақын болып кетеді екен. Кейде ренжісіп қалсақ та, бәрібір тез араласып кетеміз. Қазір қарап отырсам, мектептің ең қызық сәттері дәл осы сыныптастармен байланысты сияқты.

Мұғалімдердің де еңбегі ерекше деп ойлаймын. Олар бізге тек сабақ үйретіп қана қоймай, әрқашан ақыл айтып, қолдау көрсетіп жүрді. Кейде қатал көрінгенімен, бәрін біздің болашағымыз үшін айтатынын қазір жақсырақ түсінеміз.

Соңғы қоңырау кезінде мектептегі әр сәттің қадірін түсінесің. Қарапайым болып көрінген күндердің өзі енді ерекше естелікке айналып бара жатыр. Уақыттың қалай тез өткеніне таңғаламын.

Менің ойымша, мектеп — адам өміріндегі ең ұмытылмас кезеңдердің бірі. Ал соңғы қоңырау сол әдемі кезеңмен қоштасатын күн. Бірақ мектептегі естеліктер, сыныптастар мен мұғалімдер әрқашан жүректе сақталып қалады.

ТҰРДЫБЕКҚЫЗЫ  Гүлбақ,

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы,

Толқын ауылы, «Толқын орта мектебі» КММ

11 «Ә» — сынып оқушысы

Сәйкес жаңалықтар

Адалдық. Қырағылық. Батылдық

15 жасар қазақстандық атлет Қытайда екі бірдей жүлде алды

Тіл – ұлттың жаны, тәрбие – түп тамыры, жастар – болашақтың тірегі