«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Тарих

«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» – Қазақ анимациясының алтын бастауы

Сурет:https://bilim-all.kz/article/1744 сайтынан алынған

Қазақ анимациясы туралы сөз болғанда ең алдымен ойға оралатын туынды – «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі. Бұл шығарма – қазақ мультипликация өнерінің тұңғыш қарлығашы, ұлттық анимацияның негізін қалаған тарихи туынды. Биыл қазақ көрермендерінің сүйікті мультфильміне 60 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында ол бірнеше буынның жүрегінен орын алып қана қоймай, әлемнің әр түкпіріндегі көрермендердің де ықыласына бөленді.

Мультфильмнің авторы әрі режиссері – қазақ анимациясының негізін қалаушы Әмен Қайдаров. Алайда бұл туындының дүниеге келуі оңай болған жоқ. Ол кезеңде Мәскеудегі Орталық кино комитеті қазақ халқында қалыптасқан анимация мектебі жоқ деген себеппен жобаға қаржы бөлуден бас тартады. Соған қарамастан, ұлттық өнерге жанашыр азаматтар бұл істі тоқтатпай, мультфильмнің жарық көруіне бар күш-жігерін жұмсайды.

Тарихи туындының өмірге келуінде «Қазақфильм» киностудиясының еңбегі ерекше болды. Студия басшылығы үлкен тәуекелге барып, сол кезде түсіріліп жатқан әйгілі «Қыз Жібек» көркем фильмінің бюджетінен қаржы бөліп, Әмен Қайдаровтың бастамасына қолдау көрсетеді. Бұл шешім қазақ анимациясының болашағын айқындаған маңызды қадамдардың бірі болды.

Мультфильмді жасауға қатысқан шығармашылық топтың құрамы да өте шағын еді. Әмен Қайдаровпен бірге небәрі бес-алты адам ғана еңбек етті. Олар күндіз «Қазақфильмнің» өзге жобаларында жұмыс істеп, ал кешкі және түнгі уақыттарын мультфильм суреттерін салуға арнаған. Шынайы өнерге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік оларды талай қиындықты еңсеруге жетеледі.

Көрермен экраннан бар болғаны 10 минут қана тамашалайтын мультфильмнің артында орасан еңбек жатыр. Туындыны толық аяқтау үшін шығармашылық топ бір жарым жыл бойы тынымсыз жұмыс істеген. Кинематография талабына сәйкес бір секундта 24 кадр ауысуы қажет. Демек, ұзақтығы 600 секунд болатын мультфильм үшін мыңдаған сурет салынуы тиіс еді. Әмен Қайдаров бастаған топ шамамен 15 мың ерекше суретті қолмен салып, әрқайсысын жеке-жеке таспаға түсірген. Бұл шыдамдылықты, дәлдікті және үлкен кәсіби шеберлікті талап ететін жұмыс.

Мультфильмнің көркемдік құндылығын арттырған тағы бір маңызды қыры – оның музыкалық сүйемелдеуі. Туындының композиторы – қазақ музыка өнерінің көрнекті тұлғасы, халықтың сүйікті күйші-композиторы Нұрғиса Тілендиев. Оның әсерлі әуендері мультфильм мазмұнын тереңдете түсіп, көрерменнің көңіл күйіне ерекше ықпал етеді. Музыка мен бейненің үйлесімі туындының өміршеңдігін арттырып, оның халық жадында сақталуына үлкен үлес қосты.

«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» – жай ғана балаларға арналған мультфильм емес, ол ұлттық мәдениеттің, халық ауыз әдебиетінің және қазақ өнерінің жарқын көрінісі. Бұл шығарма қазақ анимациясының алғашқы қадамы ғана емес, кейінгі буын аниматорларына жол ашқан мектеп болды. Қиындыққа мойымай, ұлттық өнер үшін аянбай еңбек еткен Әмен Қайдаров пен оның серіктерінің еңбегі бүгінгі күні де жоғары бағаланады.

Қазақ анимациясының тарихында өшпес із қалдырған бұл туынды халқымыздың шығармашылық рухын, өнерге деген сүйіспеншілігін және табандылығын дәлелдейді. Сондықтан «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі – қазақ мәдениетінің алтын қорындағы мәңгілік мұра.

Аяулым БҰХАРБАЙ

Астана қаласы, М.Әуезов атындағы

№86 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы.

Республикалық «Farabi shakirti» журналы

мен  www.farabishakirti.kz  желілік басылым

сайтының Жас тілшісі

 

Жетекшісі: Байтугулова Кульбаршин Калидулаевна,

қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі

Сәйкес жаңалықтар

«Бөкенбай шоқысы»

Үздік журналистер марапатталды

farabi shakirti shakirti

“Тағылымы мол тарихи мұра”